00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері елге оралды

13.09.2023 | 04:41
63
фото: Оңалхан Өнерхан

Елордадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Польшада өткен әлем чемпионатында жүлдегер болған қазақстандық шахматшы қыздарды жанкүйерлері мен жақындары қарсы алды, деп хабарлады Elorda info сайты. 

Ел тәуелсіздігінің тарихында тұңғыш рет шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлде иеленген команда мүшелерін Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, басқармаға қарасты Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы және N°7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылары сән салтанатпен күтіп алды. Сондай-ақ шахматшы қыздардың жанкүйерлері, ата-аналары, жақындары мен достары да болды. 

фот 3.jpg

Бар күшімізді салдық. Жарыс өте тартысы өтті. Бірінші орынға таластық, алайда Грузия құрамасына жол беріп күміс жүлдегер атандық. Қазақстан тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатында екінші орынға ие болдық. Өте қуаныштымыз. Қазақ елі қуанды деп ойлаймын, өзімізде де қатты қуанып тұрмыз- дейді әлем чемпионатының күміс жүлдегері Амина Қайырбекова.

Айта кету керек, финалда қазақстандық шахматшылар Грузия құрамасына жол берді. Ақтық кезеңнің алғашқы матчында Қазақстан – 1,5-2,5, екінші матчында – 0,5-3,5 есебімен жеңіліп қалды.   

Ұлттық құрама сапында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова Әсел Серікбай және қос астаналық шахматшы қыздар Меруерт Камалиденова мен Амина Қайырбекова өнер көрсетті.

фот 2.jpg

Чемпионаттың қола медалін Франция құрамасы иеленді. Олар үшінші орын үшін ойында АҚШ шахматшыларынан айласын асырды.

Еске салсақ, шахматтан 2023 жылғы командалық әлем чемпионаты Польшаның Быдгощ қаласында өтті. Жарыста 12 команда бақ сынады. Турнир 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бірақ біздің шахматшылар бұған дейінгі жарыстарда ширек финалдан аса алмаған болатын. 

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар