00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Мырзағали Айтжанов: Жоспарымыз 9 алтын алу болған

08.05.2024 | 11:39
Қанат Байұзақов
103
Мырзағали Айтжанов: 9 алтынды жоспарлап едік
Фото: Бокс федерациясынан

Бокстан 27 сәуір – 7 мамыр күндері аралығында Астанада өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі Азия чемпионаты аяқталды. Осы орайда ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Elorda.info сайтына дүбірлы доданың барысы жайлы  қорытынды сұхбат берді.

Қазақстан құрамасы екінші мәрте қатысып жатқан және өз елімізде өткен жатқан турнирге маман ретінде қандай баға бересіз?

Барлық боксшыларға көңіліміз толады. Өйткені әрқайсысының өзіндік шама-шарқы бар. Финалға дейін жеткеннің өзі көрсеткіш. Барлық салмақта алтын бұйырмады. Алдын ала шамамен 9 алтынды жоспарлап едік. Өкінішке қарай, 57 келідегі спортшымыз дәрігердің әлде төрешінің қателігі дейміз бе, жеңісті үнді боксшысына сыйлады. Бұндай жайттар Олимпиада, әлем чемпионаты, Азия ойындарында да болып жатады. Бірақ бір боксшы үшін жарысты тоқтатып, спортшыларды шеттетудің ақыры жақсылыққа апармайды. Өзге спортшылармызға кесірі тимесін деп кейде барлығына көнуге тура келеді. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Келеңсіз жағдайлар болады. Оған дайын болдық. Бірақ жігіттердің ешқайсысына өкпем жоқ.

13 салмақта 8 алтын, 5 күміс жүлде иелендіңіздер. Әр боксшыға тоқтала аласыз ба?

48 келідегі Ернар Қарап үшін ересектер арасындағы алғашқы жарысы деуге болады. Дегенмен ол өзін жаңа қырынан көрсете білді. Финалда өздеріңіз көргендей, жастар арасында әлем чемпионы, Үндістан боксшысымен айқасты. Алайда, қарсыластың барлық жағынан сәл басымдылығы бар екендігі көрініп тұрды. Күміс жүлденің өзі Ернарға үлкен жетістік әрі тәжірибе.

51 келіде бұған дейін 54 келіге ауысып кеткен Кенже Мұратұлын арнайы түсірдік. Неге? Сараптай келе, осы салмақта Асылбек Жалиловқа қарсылық көрсететін Кенже ғана деп бағаладық. Ол бұған дейін 2023 жылы Elorda Cup турнирінің 1/2 финалында 4:1 есебімен жеңген еді. Осы жолы да үмітті ақтады.

54 келіде Нұрсұлтан Алтынбекке жартылай финал өте ауыр болды. Себебі, өзбек боксшысы төбелесуді жақсы көреді. Дегенмен, Нұрсұлтан одан айласын асырып кетті. 2-ші рет 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында топ жарды.

57 келіде Ерболат Сабыр 2 раунд таза жеңіп тұрса да, өкінішке қарай қабағындағы жарақатына байланысты қарсыласына жол берді. Қазақта «бұйырған кетпес қуған жетпес» деген сөз бар ғой. Көңілді түсіруге болмайды. Алда әлі талай додалар бар.

60 келіде Руслан Күзеубаевтың қарсыласы бойы ұзын әрі шеберлігі сәл жоғары болды. Әттеген-айы, кілтін таба алмады. Бірақ бұл да Руслан үшін көрсеткіш.

63,5 келіде Ерасыл Таңқай финалға дейін өте жақсы өнер көрсетіп келді. Жартылай финалда көп күш жұмсап қойды ғой деп ойлаймын. Финалда Өзбекстан өкіліне есе жіберіп қойғанын көрдіңіздер.

67 келіде келешегінен мол үміт күттіретін боксшының бірі – Елнұр Сүйінбай. Қарсыластары мықты болды. Десе де, шеберлігі, айла-тәсілінің арқасында топ жарды. Әлі де кем-кетігі бар. Аяқ, бел, білектерді қатайту қажет. Ересектер боксы оңай емес.

71 келіде Сабыржан Аққалықов өте тамаша жұдырықтасты. Нағыз қазақ боксын көрсетті. Керек жерде ұрды, қулығын көрсетті, өзін жан-жақты көрсете білді. Бұл спортыға 5 емес 10 деген баға берсе де жарасады.

75 келіде Диас Молжігітов те жарды. Ол болашағынан үлкен үміт күттіретін, жастар арасында әлем чемпионы, өзбек боксшысын ұтты. Жеңісті намыстың арқасында жұлып алды. Оған да әлі істейтін жаттығу жұмыстары көп.

80 келіде Ерасыл Жақпековке жартылай финал ауыр соққан болатын. Өйткені Өзбекстан өкілі жастар арасында әлем чемпионы.  Басынан жарақат алды. Оны тіккізіп, бүгін финалда Ауғанстан спортшысынан сөзсіз таза басым түсе білді. Қатты қиналмады.

86 келіде Темірлан Мұқатаев 2023 жылы Спартакиада кезінде мамандарды таңғалдырып үлгерген болатын. 19 жасында небір тәжірибелі боксшылардан басым түсіп, чемпион атанған еді. осы жолы да ел намысын абыроймен қорғады. Жарыс жолында өте мықты қарсыластарды ығыстырып, финалда әдемі нүктесін қоя білді. Айтқан тапсырмаларымызды бұлжытпай орындады.

92 келідегі жігіт ұлттық құраманың мүшесі емес. Былтырғы Спартакиадада үштікке кірмеген. Өткен оқу-жаттығу жиынында жеңгені бар, жеңілгені бар барлығын іріктеп, ақыры таңдау Бекнұр Батырбекке түскен. Дұрыс таңдау жасадық деп ойлаймын. Бапкерлердің сенімін ақтай білді.

+92 келіде Аманат Сабырғали жарақатына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартты. Бастысы, спортшының денсаулығы. Әлі де келешегінен зор үміт күттіретін боксшы. Бұған дейін өзбек боксшысы Жахонгирмен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалы мен былтыр 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының финалында кездескен. Бірақ Аманат осыдан қорытынды жасап, келешекте кеткен есені қайтаратынына сенемін.

22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының енгізілгеніне 3 жыл болды. Мұндай жарыс не береді?

Осы турнир әр елдің қосалқы құрамын тексеруге жақсы мүмкіндік. Ересектер арасында әлем, Азия чемпионаты тұрақты өткенімен, оған барлық боксшылар қатысуға мүмкіндігі бола бермейді. 3-4-ші нөмірлі спортшылардың өсуі үшін осы жарыстың маңызы зор деп ойлаймын. Біз енді ғана ұйымдастырып жатырмыз. Ал Еуропа құрлығы осының пайдасын біліп, бұрыннан қолға алған.

Алдағы жоспарыңыз?

13-18 мамыр күндері аралығында Астанада өтетін Elorda Cup жарысына Олимпиадаға жолдама алған барлық дерлік спортшыларымыз қатысуы керек. Арасында жарақаты барлар ғана босатылады.  Бұл – Олимпиада алдындағы соңғы жарыстардың бірі. Турнирде Швейцарияның 1 боксшысы, Марокконың 6 боксшысы, Куба, Қытай, Жапония т.б. мемлекеттердің былғары қолғап шеберлері  бақ  сынайды.

Барлық жаңалықтар