00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Азия ойындары: Астаналық спортшылар 7 медаль жеңіп алды

23.10.2023 | 07:00
144
Фото: дереккөз

Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Спортты олимпиадалық түрлері бойынша дамыту дирекциясы» КММ басшысы Олжас Акимов айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Сондай-ақ брифингке XIX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Жәмиля Бақбергенова мен Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Әділбек Мусин қатысты.

Жақында Қытайдың Ханчжоу қаласында XIX жазғы Азия ойындары аяқталды. Азия ойындарында спорттың 42 түрінен барлығы 483 медаль жиынтығы ойнатылды. Алтын медальдар саны бойынша алғашқы үштікте 201 алтынмен Қытай, 52 алтынмен Жапония және 42 алтынмен Оңтүстік Корея алда болды.

XIX жазғы Азия ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрама командасы 11-орында, команда спортшылары әртүрлі сынамадағы 80 медаль жеңіп алды. 

Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрама командасында 19 олимпиадалық спорт түрінен қала құрамасынан барлығы 49 елордалық спортшы қатысты. Оның ішінде академиялық ескек есу, әртістік синхронды жүзу, бокс, әйелдер боксы, баскетбол 3*3, баскетбол (ерлер және әйелдер), велотрек, байдарка және каноэда ескек есу, грек-рим күресі, әйелдер күресі, үстел теннисі, жүзу, қазіргі бессайыс, спорттық құзға шығу, спорттық гимнастика, триатлон, теннис, семсерлесу, көркем гимнастика, - деді «Спортты олимпиадалық түрлері бойынша дамыту дирекциясы» КММ басшысы Олжас Акимов.

Жарыс нәтижесінде Астана қаласы құрамасының спортшылары спорттың 6 түрінен 7 медаль жеңіп алды. Оның ішінде әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова мен көркем гимнастикадан Эрика Жайлауова ұлттық құрамаға 2 күміс медаль әкелді. Құрама командаға 5 қола медальді әртістік (синхронды) жүзу спортшылары Жания Жиенғазы, Анна Павлецова, Жаклин Якимова, Әйгерім Құрманғалиева, велоспорттан Рамис Дінмұхаметов, семсерлесу спортшысы Саттархан Назарбай және жүзуден Әділбек Мусин жеңіп алды.

Қазіргі бессайыс спортшысы Елена Потапенко жекелей сында 5-ші орын алып, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына олимпиада лицензиясын жеңіп алды.

Бұл спортшылардың әрқайсысы медальдар үшін күресте табандылық пен ерік-жігер танытты, елорда өзінің батырларымен мақтанады. Біздің барлық спортшыларды үлкен спорттық болашақ күтіп тұрғанына сенімдіміз, - дейді О.Акимов. 

Барлық жаңалықтар