00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Айгүл Елшібаева Akon-ға іш киімін лақтырған жанкүйерлерді айыптады

21.12.2023 | 10:00
38
Фото: ашық дереккөз

Танымал дәстүрлі әнші, термеші Айгүл Елшібаева америкалық әнші Akon-ға іш киім лақтырған астаналық жанкүйерлерді айыптады, деп хабарлады Elorda.info. 

Өнер иесі жеке парақшасына жазба жариялап, елдің мәдениетіне жауапты адамдардың жұмысын сынады.

Қай қазақтың қызы келген қонағына сахнаға іш киімін лақтырған. Мына азғындықты көрген көзімізден ұялдық. Қазақтың ұлттық идеологиясы мемлекеттік дәрежеде болмағасын, елде мәдениетсіздік, тексіздік жайлайды. Сырттан келген қонақ сенің ұлтыңның мәдениетіңнің дәрежесін осы әрекеттерің арқылы көріп кетеді. Қазақ қонаққа төрін берсе де, ар-намысын таптатпаған халық. Қазақтың ұлттық идеологиясына өмірін арнаған, қазақ руханиятының, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков мәдениетті басқарғанда, сахна мәдениеті қазақтың ұлттық сипатынан ажырамаған еді. Қазақты үстінен қарағысы келген өзге ұлттың әншісін Қазақстанға кіргізбеген, аттатпаған, – деп ұлттың мәдениетіне үлес қосқан тұлғаның есімін атады. 

Әншінің айтуынша, шетелден жалғыз әншілер ғана емес, коуч-тренерлерге де тосқауыл болуы керек.

Өзбекәлі Жәнібековтей КСРО-ның қылышы қан тамып тұрғанда, ұлтының мәдениеті, мен салт-дәстүрі, діни-таным түсінігі үшін қызмет еткен азаматтар кемде кем. Өзекеңдер тірі болғанда, ұлттық идеологиямыз жұмыс жасап, «орамал, жаулық, кимешек ки деп, хиджап салт-дәстүрімізде болған емес» деп ешкімге түсіндірмес едік. Қазақтың қызы қара жамылмас еді, ұлттық сипатынан айрылмас еді. Бізге жеткен қазақтың мәдени бай мұрасы, ұлттық жәдігерлеріміздің осы ғасырға жету, ұлт жанашырларының арқасы. Қазір өз ұлтының құндылықтарын білмейтіндерге, сол музейдегі жәдігерлердің суреттерін көрсетіп, көзін шұқып ашудамыз.
Қазақ руханияты қара күштермен, ұлттық мәдениетіміз, жаһанданумен күресіп жатыр. Шетелден келген коуч-тренингшілер қауымдасып өмір сүрген бауырмашыл қазақ халқына, қара басыңды бақ деп ұлтымызға басқа діндерді насихаттауда. Қазақ ұлты, ана ғасырға қазақ болып бару үшін, әр қазақ қазақтың тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне, діни таным түсінігіне жаны ашысын. Қазақтың жер бетінде жұтылып кетпей тірі тұрғаны, елдегі ел ішіндегі аруақты, ұлттық сипатынан айрылмаған, аузы дуалы мықтылардың арқасында, қазақ руханият әлемінен суарылып отыр. Өзбекәлі ағамыз бастаған қазақтың мәдени-рухани жолын жалғап, мінбелерде мәселелерді көтеріп отырған Аманжол Әлтаев ағамыз бастаған ұлт жанашырларына қолдау білдірейік, – деп жазды.

Көп уақыт өтпей-ақ, жазба астына әншінің оқырмандары мен өнердегі әріптестері жарыса пікір жазып, қолдайтынын білдірді. 

Барлық жаңалықтар