00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Инклюзивті театр: дипломы жоқ қанатты актерлердің өнер ордасы

Инклюзивті театр: дипломы жоқ қанатты актерлердің өнер ордасы

Инклюзивті театрлар әлем елдерінде бұрыннан бар. Ал елімізде осыдан үш жыл бұрын Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа театр ашылды. Елордадағы «Жастар» театры жанынан құрылған бұл ұжым «Қанаттылар» деп аталды. Содан бері 40-қа жуық актер киелі өнер әлемінде қанаттарын қатайтып келеді. Elorda.info тілшісі осы ерекше театрдың айрықша атмосферасымен танысты. 


Театр басшылығының айтуынша, ұжымдағы актерлердің 25-і - мүмкіндігі шектеулі жандар. Араларында зағип, құлағының мүкісі бар, арбаға таңылған актерлер бар. Біреуі физиологиялық ерекшелікпен туса, енді бірі қайғылы оқиғаның салдарынан кемтар болып қалған. Оларды біріктіретін ортақ дүние – өмірге деген шексіз құлшыныс пен өнерге құштарлық.  
«Қанаттылар» инклюзивті театрының актері Арман Қарынсау да адымын алшақ басқан арманшыл жастардың бір еді. Бірақ тағдыр тәлкегімен жол апатына ұшырап, арбаға таңылып қалды. Десе де елге қызмет етіп, танымал азамат боламын деген арманы өмірден түңіліп кетпей, актерлік өнермен табыстырды. 

«Автобустан түсіп, арнайы жаяу жүргіншілер жолымен келесі бағытқа өтіп келе жатқанымда көлік қағып кетті. Содан бері арбаға таңылдым. Қиындықтарды жеңіп шығуыма әуелі Алла, содан соң ата-анам, жақындарым, достарым көмектесті. Менің өмірге деген құштарлығымды арттырған жанның бірі - Арнұр Қайнарбекұлы. Театрға Арнұр ағаның шақыртуымен 2021 жылы келдім.
Әу баста арманым әнші, футболшы, хирург немесе адвокат болу еді. Бірақ қашан да киелі сахна мені өзінен алыстатпапты. Қазіргі таңда театр басшысы Арнұр Қайнарбекұлының арқасында «Қанаттылар» театры құрамында өнер көрсетіп жүрген жайым бар.
Бүгінде «Қанаттылар», «Өмір-ғайып», «Күле аласыз ба?»,  «Арман», «Алло, бұл кім?» атты қойылымдарда суретшінің, Төлегеннің, Арманның және өзбек жігітінің рөлдерін сомдадым. Жалпы драма, мелодрама жанрындағы рөлдерді ойнағанды жаным сүйеді», - дейді «Қанаттылар» инклюзивті театрының актері Арман Қарынсау.  

Актердің алдына қойған мақсаттары көп, солардың бір төбесі - «Қанаттылар» театрымен бірге биік белестерді бағындыру. Елордадан пәтер алу да - актердің көп арманының бірі. 


Театрда барлық топтағы ерекше адамдар сахна койылымдарын жоғары деңгейде орындауға атсалысады. Десе де олардың басым бөлігі - кәсіби мамандар емес. Ал дипломды актерлардың болмауы кәсіби театр құруға қолбайлау. Содан да актерлердің еңбекақысы мардымсыз. «Қанаттылар» инклюзивті театрының негізін қалаушы әрі жетекшісі Арнұр Ысқақов бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде ерекше азаматтар үшін арнайы немесе жоғары оқу орындарында кафедралар ашылып оқытылса деген тілегін үнемі айтып келеді. Өйткені ерекше жандардың басындағы жағдай оған жат емес. Өзі де мүмкіндігі шектеулі жанның әу бастағы мамандығы өнерден алыс, дәрігер еді. Жарақат  алғаннан соң әр салада жұмыс істеп келген ол ерекше азаматтарды шығармашылық жағынан оңалтуды алдына мақсат етіп қойды.  

 

«Біздің театрда 40-қа жуық актер жұмыс жасайды, оның 25-і мүмкіндігі шектеулі актер. Олардың ішіндегі 10-ы кәсіби актер мен режиссерлер, қалғандары волонтерлер. Жұмысқа қабылдарда ерекше азаматтарға қатты шектеу қойылған жоқ, ең бастысы, сахна көрген және өнерді бағалайтын азаматтарға ұсыныс жасап, өзімізге шақырдық. Олар актер позициясына жұмысқа алынды, қалғандарын шығармашылық кұраммен сұхбаттасу арқылы қабылдадық. Сөйтіп, олардың барлығы актер және режиссер мамандықтарына жұмысқа орналасты. Ерекше азаматтардың арнайы дипломдары болмағасын кәсіби театр құру мүмкіндігі жоқ. Бұл орайда актерлеріміз Қазақ ұлттық өнер университеті және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, арнайы мамандырылған колледж немесе ЖОО-да арнайы кафедраларда оқытылса, бұл адамдардың әрі еңбекақысы көбейіп, әрі кәсіби тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізер еді. Ал әзірше олар бұл театрда арнайы курстарда кәсіби актерлерден өз мамандығының қыр-сырын үйреніп, шыңдалуда.Басында ерекше азаматтарға арнайы сценарий жазылып, спектакль қойылып жүрді. Дегенмен 3 жылдың ішінде театр актерлері шыңдалып, қазіргі таңда профессионалды деңгейдегі қойылымдарды ойнауға дайын актерлер ретінде қалыптасты», - дейді театр жетекшісі. 


Оның айтуынша, театр репертуарында 10 шақты туынды бар. Ұжым әртүрлі жанрдағы қойылымдарды, соның ішінде комедия, драма,  мелодрама жанрындағы спектакльдерде ойнап, ерекше балапандарға да ым-ишара тілінде ертегілерді көрсетеді.

«Ерекше жандармен жұмыс істеу өте қиын, өйткені бұл адамдармен жұмыс істеу әдістемесі елімізде жасалмаған», - дейді Арнұр Ысқақов. 

Ал білімсіз ешқандай актерге оңай тимейтіні белгілі. Рөлге кіру және одан шығудың өзі кәсіби тәжірибені қажет ететінін ескерсек, мүмкіндігі шектеулі актерлер бұл тұрғыда кәнігі актерлер мен режиссерлердің көмегіне жүгінеді. 
Дегенмен ерекше актерлерге өмірді сүю мен өнерді құрметтеу қанат бітіреді. Әртіс болудың ғана емес, адам болудың да осы бір бұлжымас заңын ұстанған «Қанаттылар» театры ұжымының биіктерге самғайтынына сенгіміз келеді.

Все новости