00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Есіл жағалауында «Әуендер толқыны» концерті өтті

22.06.2024 | 18:12
Торғын Аман
261
Есіл жағалауында «Әуендер толқыны» концерті өтті

Бүгін Есіл өзенінің жағалауында елорда тұрғындары мен меймандары үшін «Әуендер толқыны» концерті ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.

Астана қаласы әкімдігінің «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрінің өнерпаздары вокалдық, аспаптық, халық әндері, қазақстандық және шетелдік сазгерлердің классикалық шығармаларын орындап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзиннің айтуынша елордалықтар үшін жазғы мезгілде апта сайын түрлі концерттер өтетін болады.

«Есілдің бойында орналасқан сахнада елорда тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі іс-шаралар мен концерттер ұйымдастыру жоспарланған. Өнер сүйер қауым апта сайын қаламыздағы өнер ұжымдарының концертін тамашалай алады. Әр түрлі жас аралығындағы көрермендер үшін түрлі жанрдағы концерттер өтеді», -деді Нұран Қамзин.

Концертке ҚР Еңбек сіңірген қайраткер Жан Тапин, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Альмадиев, халықаралық конкурстардың лауреаттары Татьяна Ким, Зарина Божакова, Өнербек Құлов қатысты.

Симфониялық оркестрдің солисті Зарина Божакова өнер ұжымы концертке жіті дайындықпен келгенін айтты.

«Бүгін міне Есілдің бойында, ашық аспан астында астаналықтар үшін концерт беріп жатырмыз. Бізде күн сайын дайындық болды. Бұл қалалық әкімдіктің бастамасымен ұйымдастырылып отырған концерт.  Жыл сайын дәстүрлі түрде осындай шара өтіп тұрады. Репертуарымыздағы үздік әндер орындалады», - деді Зарина Божақова.

«Қаламызда осындай концерттер мен басқа да іс-шаралар жиі өтетітіні әрине қуантады. Өзім де музыкалық аспаптарда ойнаймын және ән саламын, сондықтан концерттен алған әсерім тамаша. Әртістердің барлығы өз ісінің шеберлері екен, барлық шығарманы жоғары дәрежеде орындады деп санаймын. Өнерпаздардың да тыңдармандардың да көңіл-күйі тамаша, барлығы жақсы өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар мен әншілерге алғысымды білдіремін», - деді қала тұрғыны Николай Пичененко.

 

Торғын Аман

Санжар Ташибай

Все новости