00:00
Астана -10oC
USD:
440.92
EUR:
475.36
RUB:
4.82
Іздеу

Құрылыс-техникалық колледжінде құзыреттілік орталықтың ашылу рәсімі өтті

24.02.2023 | 19:47
Елорда ақпарат
38

Бұл орталықтың ашылуының нәтижесінде жұмыс берушілер тарапынан түлектерге сұраныс артып, білікті кадрлар даярланады. Сондай-ақ WorldSkills халықаралық қозғалысына кәсіби шеберлік конкурстарына қатысушыларды жоғары деңгейде дайындауға мүмкіндік береді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжановтың сөзінше, мұндай орталық білім алушыларды кәсіби тұрғыдан шыңдайды.

«Өте қуаныштымын! Осыдан 20 жыл бұрын осындай орталықтар ашу түсімізге кірмеді. Кезінде мұны шетелдік мектептерден де көрген жоқпыз. Тәуелсіздік алған жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласына, оның ішінде кәсіби дайындыққа көбірек көңіл бөлу қажет екендігін айтты. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын көбейтуді тапсырды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Германияда көпшілік жоғары оқу орнына жүгірмейді, керісінше олардағы ең үлкен білім – кәсіптік білім алу. Бүгінгі күні Қазақстанда осы кәсіптік білімге қатты көңіл бөлініп жатыр. Осы орталық арқылы оқушылар техникалық білімін шыңдайды, яғни құрылғыларды өз қолдарымен көріп, үйренеді. Осылайша, ертеңгі күні жұмысқа барғанда дайын кадр болып барады», – деді Ә. Рахымжанов.

Ал Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, қазіргі уақытта құрылысшы мамандар сұранысқа ие. Сондықтан аталған колледждің мамандар даярлауда орны ерекше.

«Баршаңызды тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Осы уақыт аралығында біз көптеген жетістіктерге жеттік. Білім мен ғылым саласын көтерсек  үлкен жетістіктерге жетеміз. Осы колледж тек қана Байқоңыр ауданына ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бетке ұстар колледждердің бірі. Бұл жерден үлкен жұмысшылар шығып жатыр. Мен өзім құрылысшы болғаннан кейін осы саланы білемін. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 10 мыңнан астам арендалық тұрғын үйді тапсырып жатыр. Қазіргі кезде ең керек мамандық осы колледжден шығады. Ашылып жатқан орталық құтты болсын!», – деді Н. Нұрсағатов.

Колледж директоры Серік Малгельдиновтың сөзінше, әлемдік стандартқа сай мамандар даярлауда осындай орталықтың маңызы зор.

«Бүгінгі біздің кездесу бір үлкен шарамен тұспа-тұс келіп отыр. Білім саласына қолдау көрсетіп жатқан Елбасына, Президентімізге, министрлікке алғысымды білдіремін. Өйткені, “Жас маман” жобасының арқасында халықаралық деңгейге сай құралдар алып, оны жабдықтап келешекте балаларды әлемдік дәрежеге сай маман етуге мүмкіншілік туып отыр», – дейді С. Малгельдинов.

Оның пікірінше, аталған идея еліміздегі жұмысшы мамандықтарының тапшылығы болғандықтан іске асып отыр. 

«Құрал-жабдықтар дұрыс болмаса кәсіби маман даярлай алмаймыз. Сондықтан министрлік осы жобаны ары қарай қолдап, үлкен қаражат бөліп, қазір сонымен балалар жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде қазір колледж бойынша республикалық «World Skills» чемпионатында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7 бала чемпион атанды. Осы колледжден жылына 300-ден астам бала білім алып шығады», – деп атап өтті директор.

Ақпарат ретінде айта кетсек, «жас маман» жобасының негізгі мақсаты – колледждердің материалдық базасын жаңарту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Сондай-ақ, халықаралық білім беру бағдарламаларын енгізу, шетелдік серіктестермен бірлесе отырып,  оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру.

Осы ретте, материалдық-техникалық базаны заманауи технологиялармен жаңғыртуға байланысты 4 құзырет орталықтары ашылып, мынадай мамандықтар шығады: «дәнекерлеу ісі», «электрмен жабдықтау», «автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің ғимараттары мен құрылыстарын салу және пайдалану».

Сонымен қатар құзыреттілік орталығында 6 шеберхана анықталған: дәнекерлеу, автослесарлық, слесарлық, сылау, сырлау, электромонтаж, сондай-ақ 6 зертхана: «автослесарь», «автоэлектрик», «ақпараттық интерактивті модул», «электр желілерінің тарату құрылғылары», «электр машиналары және электр жетегі», «электр монтаждау», және «трансформаторлық қосалқы станциялар мен электр желілерін монтаждау» оқу-жаттығу полигоны.

          

Барлық жаңалықтар