00:00
Астана -10oC
USD:
451.38
EUR:
487.22
RUB:
5.14
Іздеу

Астанада 5 бірдей музыкалық аспапта ойнайтын күзетші тұрады

Астанада 5 бірдей музыкалық аспапта ойнайтын күзетші тұрады
Фото: Әмір Теміржан

Елордадағы өнер мектептерінің бірінде жай ғана  күзетші болып еңбек ететін  кейіпкеріміз күнделікті жұмысын сызылтып сыбызғы тартумен бастайды. Ахмедхан Алпысбаевтың бұдан басқа да бес аспаптың құлағында ойнайтын өнерпаз екені белгілі болды. Elorda.info тілшісі  музыкант-күзетшімен сұхбаттасты. 

-Ахмедхан Самажанұлы, бір емес, бес бірдей аспапта ойнауды қайдан үйреніп жүрсіз?

Мен, негізі, кәсіби музыкантпын. Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы училищесін баян класы бойынша бітіргенмін. Одан кейін Шымкенттің Әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын халық аспаптар бөлімі бойынша тәмамдадым. Училищені аяқтаған соң туған жерім – сол кездегі Семей облысы Шұбартау ауданындағы музыка мектебінде мұғалім болдым. Біраз уақыттан соң мені аудандық Мәдениет үйіне директор етіп тағайындады. Сол жылдарда бітірген үлкен ісімнің бірегейі – «Шұбартау сазы» деп аталатын халық аспаптар оркестрін құрдым.

Міне, сол кезде маған оркестрдегі аспаптардың бәрін меңгеру керек болды. Негізі институттан баянмен қоса фортепианоны қосымша меңгеріп шыққанмын. Оған қосымша флейта, сазсырнай, сыбызғы, домбыра аспаптарында ойнауды үйрендім. Кейін ауылдағы 5-6 адамның басын қосып, оларға да үйреттім. Келе-келе оркестр құрамын 35 адамға жеткіздік. Сол оркестрмен 90-шы жылы республика бойынша халық аспаптар оркестрінің конкурсына қатысып, облыстар арасынан жүлделі 2-ші орынды жеңіп алдық.

1994 жылы Семей облысы Үржар ауданына қоныс аудардым. Ол жақта Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» деп аталатын күйімен аттас оркестр құрылып қойған екен. Сол оркестрмен 20 жыл бойы қоян-қолтық жұмыс істедім. Жақында аталған өнер ұжымының  30 жылдығы болды. Сол мерейтойға мені де арнайы шақырды. Осы сапарда Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Абырой» төсбелгісімен марапатталдым.

-Әу дейтін қазақ жоқ демекші, домбыраны шертетін адам көп.  Ал енді осы үрмелі аспаптарды көп адам ойнамақ түгілі бір-бірінен ажырата алмауы да мүмкін. Осылардың ерекшелігіне тоқталсаңыз...

Мәселен, блок-флейта деген үрмелі аспап - ежелден келе жатқан көне аспап. Ата-бабамыз оны жуан қамыстан жасаған.  Сазсырнай болса, ғылыми экспедиция Отырарға қазба жұмысы жүргізгенде табылған болатын. Сөйтіп, бұл қазақтың көне аспаптарын зерттеуші Болат Сарыбаевтың қолына тиеді. Ол құрастырып, қалпына келтіріп, дыбыстарын тауып, әуелі бастап өзі ойнап көреді. Бұл кәдімгі саз балшықтан жасалып, отқа күйдіріліп жасалған аспап. Ал қурай сыбызғы, аты айтып тұрғандай, қурайдан жасалған. Әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Бірінің дыбысы ащылау шықса,  екіншісінің дыбысы құмығып шығады. Жалпы, үрмелі аспаптардың қай-қайсысын да малшылар ойлап тапқан көрінеді, күнұзақ қойдың соңында жүрген олар иен далада іштері пысып, осындай аспаптармен әлдебір сазды ойнаған деген болжам бар. Расында, бұлардың үні  табиғаттағы дыбыстарға еліктеп шығарылғаны айтпаса да белгілі. Ысылдап соққан жел мен уілдеген құстың үні деген сияқты...

Осындай немесе осыған ұқсас аспаптарды басқа ұлттардан да көреміз. Кім білген, Қиыр Шығыс пен Еуропаны жалғаған Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер тек тауар айналымы ғана емес, мәдениет те алмасқан шығар...

- Иә, Шығыс елдері демекші, сол кезде сыбызғымен жыланды билетіп отырған сиқыршылар талайды таңғалдырғанын ертегілерден білеміз ғой...

Енді бұл фокус өнеріне көбірек жататын сияқты. Өйткені жыланның құлағы естімейді делінеді. Оны билету үшін сыбызғышы аспапты ирелеңдетіп қозғап отырады екен. Ал адамды шаққысы келген жылан сыбызғы қай жаққа қозғалады, сол жаққа созылып, ирелеңдеп тұрады екен.

-Қош, осы музыкалық аспаптардың қайсысы жаныңызға жақын?

Бәрі де ұнайды. Әрқайсысын көңіл күйіме байланысты қолыма алам. Соңғы кезде сазсырнайды көп ойнап жүрмін.  Қазір жасымыз ұлғайды. Әлбетте бұл музыкаға әсер етпей қоймайды.

- Ал музыканың денсаулыққа пайдасы қандай деп ойлайсыз? 

Кейінгі кезде музыканың жанға да, тәнге де дауа екені медицинада дәлелденіп жүр ғой. Мәселен, маған жақында бір ата-ана келді.  «Балам демікпемен ауыратын еді, дәрігерлер бұл дертке үрмелі аспаптарда ойнау пайдалы екенін айтты. Оған осы аспаптарда ойнап үйретіңізші», - деген тілегін айтты. Сол сияқты музыкалық терапия да шипажайларда кеңінен пайдаланылып жүр.

- Талантты адам сан қырлы болатынын жиі кездестіреміз. Өзіңіз ән-күй шығарасыз ба?

Иә, марқұм ақын Несіпбек Айтовтың балаларға арналған бірнеше өлеңіне ән жаздым. Одан бөлек  4-5 күйім бар. Әндерімді бұрын ауыл әншілері орындады. Күйлерімді Семейдің, Көкшетаудың оркестрі ойнады. Қазір өзім күзетші болып жұмыс атқаратын мектептегі музыканттар да «Нотаңызды беріңіз, орындаймыз» деген. Бұл енді алдағы күннің еншісінде.

- Өнер адамы сүйікті ісінен қол үзсе, біршама моральдық тұрғыдан  қиналып қалады деп жатады. Өзіңіз музыка саласынан алыстаған кезде қандай күйде болдыңыз? Қазір күзет қызметін атқарып жүрсеңіз де, аспаптарыңызды қолыңыздан тастамай жүргеніңіздің себебі де сол болар?

Ол рас. Астанаға көшіп келгелі 4 жыл болды. Алғашқы екі жылда жұбайымыз екеуміз немере бағып үйде отырып қалдық. Үйде анда-санда қолымызға аспабымызды алып тұрғанымыз болмаса, сол бір иненің жасуындай болса да өнерімізді сыртқа шығарып я басқаларға үйрететіндей мүмкіндік болмады. Әрі-беріден соң неше түрлі сырқаттар жабыса бастады. Содан «Қой, бұлай болмас» деп жұмыс іздеуге шықтым. Жасым келген адам болған соң музыкант ретінде жұмысқа алмайтынын білем. Бірақ басқа қарапайым жұмыс іздесең, табылады екен. Сөйтіп, күзетші болып жұмысқа орналастым. Бұдан соң құдамның қолқа салуымен елорданың іргесінде өзім тұратын Қосшы қаласында ардагерлердің басын қосып, ансамбль құрдық. Қазір сол ансамбльмен шығармашылықпен жұмыс істеп жатырмын. Міне, осыдан бастап көңілім көтеріліп, ауру-сырқауды ұмыттым. Жұбайыма: «Алдындағы мың бір сырқат қайда жоғалған?» - деймін ризашылықпен. Әрине егде жандармен жұмыс істеу оңай емес. Үйреткенді тез ұмытып қалады. Бірақ сүйген ісіңмен айналысып шаршаудың өзі  – бір рахат қой!

- Сұхбатыңызға рақмет!

Барлық жаңалықтар