00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Іздеу

Астанада әмбебап жекпе-жектен республикалық жарыc басталды

28.06.2024 | 17:08
Қанат Байұзақов
211
Астанада әмбебап жекпе-жектен республикалық жарыc басталды
Фото: Ішкі саясат басқармасынан

Унифайттан Астанада алғаш рет Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Астана күні қарсаңында 27-30 маусым аралығында елордада қазақтың қос батыры – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа бірінші болып ту тігіп, соғысқа нүкте қойған Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай унифайттан – әмбебап жекпе-жектен ересектер арасындағы ел чемпионатының жеңімпаздары анықталуда.

Біріншілікке еліміздің Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Алматы, Абай, Түркістан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан 200-дей спортшы қатысып жатыр.

«Унифайт спорты еліміздің шамамен 17 облысында қолға алынған. Сайыстың басты ережесі – 10 кедергіден сәтті өту. Бұл кедергілерді жеңу, ату, жүгіру, пышақ лақтыру және тебу, қол соғу әдістерімен рингтегі жекпе-жекті қамтитын бірегей қоссайыс. Яғни, шаршы алаңда жекпе-жек өнерін көрсету және армия полигонының элементтері кіреді. Бүгінгі таңда әмбебап жекпе-жектің қолданбалы спорт әлемінде баламасы жоқ.

Елордада бірінші рет өткізіп жатырмыз. Астана қаласының ішкі істер құрылымына, Қорғаныс министрінің жауынгерлеріне көрсету мақсатында жасалып отыр. Әрине, оңай емес. Дегенмен «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, жұмылған күштің арқасында ойымыз жүзеге асты», - деді жарыс ұйымдастырушысы Нұрбек Жармаханов.

Республикалық сайыста «Айбын», «Арлан», «Бүркіт», «Сұңқар», ҰҚК-ға қарасты «Арыстан», Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы (ЦСКА), ІІМ Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы, Антикор командалары да бақтарын сынауда.

Үш күнге жалғасатын бәсекенің қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар қазан айының соңында Ресейдің Новосібір қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады.

Барлық жаңалықтар