00:00
Астана -10oC
USD:
451.38
EUR:
487.22
RUB:
5.14
Іздеу

Run for autism: Астанада ерекше балалардың ата-анасы экоакцияға қатысты

18.05.2024 | 15:00
Торғын Аман
318
Run for autism: Астанада ерекше балалардың ата-анасы экоакцияға қатысты

Бүгін елордада екінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Run for Autism» қайырымдылық жарысына қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті, деп хабарлады Elorda.info.

«Run for autism» шарасы Астана қаласы әкімдігі, «Болашақ» корпоративтік қоры мен өзге серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

Қайырымдылық жүгіріске қатысуға Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногорск, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2330 адам өтінім білдірген. Жүгіріске кәсіби және әуесқой спортшылар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, дамуында ерекшеліктері бар 120 бала, ата-аналар және т.б. қатысты. Олардың бірі Астана тұрғыны Амангелді Дощанов. 81 жастағы зейнеткер 10 километр қашықтыққа жүгіруге тіркелді. Атап өтерлігі Амангелді ата қатысушылардың ішіндегі ең егде жан.

«Бүгін мен өзімді, өз күшімді сынап көргім келеді. Біз бәріміз қай жаста болсақ та дұрыс әрі толық өмір жасауымыз үшін өз денсаулығымыздың қадірін біліп, өзімізге қарауымыз тиіс. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары өздеріне жаттығулар қолданып, ел-жұрт қатарында жасайды. Біздің қазақ елінде де осындай жандар бар. Әрине, мен аутизмі бар балаларға қолдау көрсеткім келеді», - деді Амангелді Дощанов.

Бүгінгі жарысқа Астана қаласының пара спортшылары да қатысты. Астана қаласы әкімдігінің «Мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған «Елорда» спорт клубы» КММ ата-аналар тобының төрайымы Пернеш Әбдікәрімова аутизмі бар балаларды қолдауға арналған шара өзінің менталдық бұзылысы бар ұлы Қадыржанның туған күнімен тұспа тұс келгенін айтты. Жарыс алдында Шәріп Қадыржанға ұйымдастырушылар құрмет көрсетіп, сертификат табыс етті.

«Біз отбасымызбен кәсіби түрде спортпен айналысамыз. Каратэ, тенниске қатысамыз, коньки тебеміз. Пара карэтеден ұлым екеуміз жұп болып, Астана, Қазақстан, одан кейін Әлем чемпионы болдық. Бірақ Run for autism шарасына алғаш рет келіп отырмыз. Ұлыммен бірге 2,5 шақырымға жүгірдік. Аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықтар ашуға, басқа да көмектерге үлес қосайық деп шештік. Осындай шаралардың арқасында жұртшылық аутизм туралы көбірек біледі, қоғам олардың өмірін жеңілдетуге,  түсінуге тырысып, қолдау көрсете бастайды деп ойлаймын», деді ол.

Run for autism шарасына қатысушылардың бірі бұған дейін бірнеше марафондарды бағындырған, Арбадағы үлкен теннистен ел Чемпионатында, Қазақстан Кубогінде жүлделі орындар алған, BNP Paribas Әлем кубогы Азиа іріктеу кезеңіне қатысушы Дінмұхамет Әлияқпаров азаматтарды ізгі іспен айналысып, қайырымдылық жасауға шақырды.

«Бұған дейін БАҚ-тан аутист балалардың ата-анасының күнделікті өмірі, оларға кездесетін кедергілер мен түрлі жағдайлар туралы оқыған болатынмын. Сосын менталдық бұзылысы бар балаларды қолдауға арналған осындай шара туралы хабарламаны көрген соң бірден көмек көрсетемін деп шештім. 10 шақырымды бағындырамын деп тіркеуден өттім. Бұл мен үшін рекорд. Жалпы марафон болсын, басқа шаралар болсын, мәре сызығын бірінші болып кесу, сыйлықтар ұтып алу емес, мәселе қайырымдылық жасауда, ниетте. Өзім қайырымдылық шараларға үнемі қатысамын, алдағы Астана марафонында да жүгіріп өту ойымда бар», - деді Дінмұхамет Әлияқпаров.

Run for Autism қайырымдылық жарысы қорытындыланған соң қатысушылардың барлығы «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қоқыстардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.

«Ерекше баламның есімі Әмір Алпамыс, ол 5 шақырымға, ал өзім 2,5 шақырым жүгіріп өттім. Бәрі ойдағыдай өтті. Шарадан кейін экоакцияға қатыстық. Балаларымызбен бірге көрермендер мен спортшылардан қалған қағаздар мен басқа да қалдықтарды жинап, арнайы орынға апардық. Балалар бізге қуана-қуана көмектесті. Жалпы аутизм, басқа да менталдық бұзылыстары бар балалар ересектерге қолғабыс еткенді, көмек көрсеткенді жақсы көреді. Біз ерекше балалардың қоғамға пайдалы бола алатынын, олардың әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін жиі айтып жүреміз. Бүгін міне жарыстан кейін бәрі жабылып, айналаны жинап жатыр. Көңіл-күйлері тамаша»,-  деді Әлия Абдибайтова.

Run for autism жарысынан 13 млн теңгеге жуық қаражат жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қаржы балабақшаларда аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабнеттерін ашуға бағытталады.

Барлық жаңалықтар