00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Аңсаған МҰСТАФА, суретші-иллюстратор: Қазақстандағы суретшілер мені ұнатпайды...

31.03.2023 | 21:54
Аяулым Алтынбек
153

Әлеуметтік желілер арқылы танылған суретші, иллюстратор Аңсаған Мұстафа қоғамда болып жатқан құбылыстарға көзқарасын өзінің мағыналы суреттерімен білдіреді. Оның графикалық суреттері әлемнің бірнеше елінде көрмеге қойылып, талайды тамсантып жүр. Тіпті, Америка еліне де жеткен. Аңсаған Мұстафаның ерекше туындысы Париждегі халықаралық аукционға да қойылмақ. Elorda.info тілшісі қылқаламымен қоғамның санасын оятқан суретшімен сұхбаттасқан еді.

Сіздің салған суреттеріңіз әлеуметтік мәселелерді жиі көтеретінін білеміз. Оған не түрткі болды?

Мектеп жасынан сурет салуға әуес болдым. Төртінші сыныпта көркемсурет мектебіне оқуға түстім. Оған армандап түскен жоқпын. Бір қызық оқиға болды. Үшінші сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шығатын уақытта әкем шашымды тақырлап алып тастағысы келді. Ал оған келісетін болсам, арманымдағы велосипед әпермекші. Онымен сондай келісімге келдік. Сөйтіп, шашымды алғаннан кейін 10 күннен соң мектепке ауланы жинап, ағаштың түбін бояуға шақырды. Барсам, балалар қолдарын шошайтып, күліп, мазақтай бастады. Үйге жылап келіп, ата-анама ол мектепке енді бармайтынымды айттым. Олар мектеп іздей бастады. Ең жақыны қазақ тілінде оқытатын көркемсурет колледжі жанындағы мектеп болды. Осылайша, сурет өнеріне келдім.

15 жасымда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сурет салдым

Әкем – жазушы, анам – журналист. Кішкентайымнан редакцияда өстім. 1991 жылы анам қыз-келіншектерге, отау құрған отбасыларға арналған «Ақ босаға» газетін шығарды. Онда әлеуметтік тақырыптар көп қозғалды.

Анам қолыма қағаз бен қалам беріп қоятын. Сол жерде жүріп балалар үйіне баратынбыз. Кішкентай балалар «мама» деп, анама жабысқанда, бір жағынан оны қызғансам, екінші жағынан аяныш сезімі пайда болды. Содан бері сондай тақырыптар менің ойыма кіріп кетті. Сөйтіп, 15 жасымда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сурет салдым. Бұл суретте бала үйдің үстінде отырады да, ал үйдің ішінде темекі, арақ бейнелеген. Бұл – әлеуметтік тақырыптағы бірінші сурет.

Әуеліде, 2009 жылы Facebook әлеуметтік желісі арқылы әртүрлі тақырыптағы суреттерді жарияладым. Олардың ішінде табиғатқа қатысты, әлеуметтік мәселелерге және т.б. тақырыптарға байланысты суреттер болды. Солардың ішінде әлеуметтік тақырыптағы суреттер көптеген пікір жинап, халықтың қолдауына ие болды. Тіпті, әлеуметтік желідегі шетелдік оқырман достарым да суреттерді өз парақшаларына көшіріп салғанын байқадым. Заман шындығын бейнелейтін суреттерім көп қаралым мен лайк жинап, оған пікір қалдырушылар саны артқан. Содан көпшілікке осы мәселеге қатысты салған суреттерім ұнайтынын түсіндім. Күні бүгінге дейін қоғам назарында жүрген проблемаларды қаузап, оны өз туындыларымда көрсетуге тырысудамын.

Қыздарымызға кінә артпаймын, жігіттерімізге өкпелімін

Әлеуметтік тақырыптарды өз туындыларыма арқау етіп қана қоймаймын, ол жайлы өз парақшамда болсын, БАҚ-қа берген сұқбаттарымда болсын, айтып та жүрмін. Ана мен бала тақырыбы қоғамымызда өте өзекті болғандықтан, осы тақырыпта ойландыратын суреттер салғым келді. Нәтижесі жаман шықпаған сияқты.

Сізді тастанды балалардың тағдыры көбірек мазалайтын секілді...

Рас! Қыздарымызға кінә артпаймын, жігіттерімізге өкпелімін. Қазақ жігіттерін жиі сынға аламын. Олар ширасын, жалқау болмасын деген мақсатта қайрап қоямын. Менталитетімізде қыз балаларды басып тастау жиі кездеседі. Еліміздің артта қалып жатқан себебі де осы. «Қыздар үндемеуі керек» деген тәрбие санамызды билеп алған. Осыдан барып бұрымдыларымыз қорқақ болып қалған. Қателік жасауға, шешім қабылдауға қорқады. Осының барлығына тәрбиемен қатар жігіттер де кінәлі деп айтқым келеді. Қыздарға қашан да «ештеңеден қорықпаңдар» деп айтып жүремін. Құласаңдар, қайта тұрып, жүруге хақыларың бар. Жігіттер де аруларымызды құрметтесе екен деймін. Ер азаматтарымыз қыздарымызды сыйлап, жылатпаса, елімізде тастанды, жетім балалар болмас еді. Сонда ғана алдыңғы қатарлы 30 елдің ішіне кіреміз.

Туындыларыңызға идеяны қайдан аласыз?

Туындыларыма идеяны негізінен күнделікті өмірімізден аламын. Тіпті, үйімдегі жағдайлардан да идея алуға болады. Мәселен, өз балаларымның да телефонға телміріп отырғанын көремін. Өзім де бала емізіп отырып, телефон шұқылап отырамын. Бала анасының ішінде телефон ұстап жатқаны туралы картина адамдарға ой салу үшін салынған сурет болатын.

Суреттерім – ойландыруға арналған құрал. Мәселен, құрсағындағы сәбиін алдыртуға қорқып «мамам мені өлтіретін шығар» деген бүріскен қыздың шарасыз күйі бейнеленген осы суретпен байланысты бір қызық оқиғаны айтып берейін.

«Сәбиімнің кіндік шешесі сіз боласыз» дегенде көзіме жас алдым

Жүкті болып қалған бойжеткен осы бір суретті интернеттен көріп қалып, ішінде жатқан бөпесінен кешірім сұрапты. Бұл сурет әлгі бойжеткенге ой салып, нәрестесін дүниеге алып келген екен. Оның суретін маған жіберіп: «Оның кіндік шешесі сіз боласыз» деп жібергенде, көзіме жас алдым. Суреттерімнің де адам тағдырына әсер еткеніне қуанып қалдым.

Көбіне жас қыздар жүкті болып қалғаннан кейін елдің, жақындарының айыптауынан қорқады. Бұл жағдайды біліп қойса, ол қыздың артынан жаман сөздер еруі мүмкін. Мұндай жағдайда қыздардың көпшілігі болған жайтты жақындарынан жасырып, түсік жасатып жатады. Ал бұл шешім болашақта зардабын тарттыруы мүмкін. Тіпті, келешекте бала көтере алу қабілетінен де айырылу мәселесіне дұшар болмасына кім кепіл?!

Мұндай суреттерді салудағы мақсатым – елімізде көтеріліп жатқан мәселелерге өзіндік үн қосу. Салған суреттерім арқылы қоғамға пайдамды тигізгім келеді. Елімізде болып жатқан дүниелер де өзімді толғандырмай қоймайды. Әлеуметтік тақырыпқа арналған 80-ге жуық суретім бар.

Бір туындыға орта есеппен қанша уақыт жұмсайсыз?

Әр суретке әртүрлі уақыт кетеді. Мәселен, соңғы суретім – мынау. Оған әлі тақырып қойылған жоқ. Бұл суретке атауды әлеуметтік желідегі достарыммен ақылдасып қоямын. Оны салу туралы идея екі ай бұрын келген. Дүниеге қызығатын адамдар көп, соған байланысты салайын деп, оның сұлбасын ойымда 2 ай бойы пісірдім. Байлықтың артынан қуып кететін адамдарға ой салсын деп салдым.

Жалпы сурет салуға кететін уақыт туралы айтар болсам, әлеуметтік тақырыптағы сурет салу үшін оны ойша ұзақ пісіріп, жетілдіремін. 30 минут – 1 сағат аралығында саламын. Уақыт суреттің түріне байланысты кетеді. Ал футболка, жейделерге салынатын суретке 2-3 күн уақыт кетеді.

Біздің Суретшілер одағы қалың ұйқыда жатыр

Сіз әлеуметтік мәселелер арқылы суреттерге жан бітіріп, бейнелеу өнерін тірілттіңіз. Елімізде өнеріңіз қай деңгейде бағаланып отыр?

Басқа суретшілерге баға бере алмаймын. Өйткені олар мені ұнатпайды. Жалпы алғанда еліміздегі Суретшілер одағы литаргиялық ұйқыда жатыр, яғни өлі ұйқыда, қозғалыссыз жатыр. Халықаралық байқауларға жиі қатысамын. Жақында ғана әлемнің 750 суретшісі сайысқа түскен байқауда бақ сынап, үздіктер қатарынан көріндім. Тіпті, мені Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағы мүшелікке қабылдаған. Осыған дейін де Кореядағы сурет көрмесіне қатысқанмын. Бұл елде ондай көрмелерде Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағының мүшелері міндетті түрде барып, галереяны тамашалайды екен. Қай жерде қандай көрме бар, соларға арнайы барып, суретшілерге қолдау көрсетіп, олардың өздеріне ұсыныс жасайды. Маған да хабарласып, сондай ұсыныс тастады. Ол үшін ешқандай ақша сұраған жоқ. Осылайша, Оңтүстік Кореяның Суретшілер одағына қабылдандым. Алайда өзіміздің Қазақстандағы Суретшілер одағына мүше емеспін. Ешкім маған хабарласып, шақырмады. Олар мені қабылдамақ тұрмақ, сурет көрмелеріме бірде-бір рет келмеді.

Біздегі Суретшілер одағы шырт ұйқыда жатыр деуге болады. Мұндағылар шығармашылық адамына қолдау көрсетпегендіктен, суретшілеріміздің жұмыстары бағаланбай жатыр. Суретшілер одағы қылқалам шеберлеріне қарайласып, жағдай жасауы тиіс қой. Өз басыма мемлекеттен еш қолдау көрсетілмейді. Алақан жайып, көмек те сұрағым келмейді. Халықтың қолдауынан артық қолдау жоқ шығар, сірә?! Мүмкін қолдаудың болмағанынан болар, шетелдегі көрмелердің ешқайсысына бармадым, тек суреттерім ғана барып келді. Шетелге шығу қалтама салмақ түсіретіні белгілі.    

Бүгінгі заманның ұлы тұлғалары – Ерлан Қарин мен Айдос Сарым

Халықаралық деңгейдегі көрмелеріңіз бірнеше елде ұйымдастырылды. Әлем жұртшылығы өнеріңізді қалай бағалады? Бәлкім, «шетелге кетсем, бағаланар едім» деген ой мазаламай ма?

Бүгінгі күнге дейін суреттерім әлемнің 30-40 елінде болып қайтыпты. Шетелде өнер жоғары деңгейде бағаланады. Оларда сондай мәдениет қалыптасқан. Осы ретте еліміздегі суретшілердің еңбегіне деген қолдау мен қызығушылық қай деңгейде екеніне тоқталып өткім келеді. Отырып алып Суретшілер одағын жамандай бергім келмейді. Суретшілерге қолдау көрсетілмейтіні ащы да болса, шындық. Суретшілер одағының міндеті қазақ өнерін, мәдениетін сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу, төл өнерімізді дәріптеу емес пе? Олар осы міндетті орындап отыр ма деген ой келеді. Қазақстандағы сурет өнерінің бүгінгі жағдайына қарным ашады. Шетелді тек суреттеріммен аралағым келеді.

Өз жұмыстарыңызда қазақтың ұлы тұлғаларын кеңінен насихаттап жүрсіз. Сіздің ойыңызша, бүгінгі заманның ұлы тұлғалары кім? Туындыларыңыздан болашақта кімдердің суреттерін көруіміз мүмкін?

Бүгінгі заманның ұлы тұлғалары деп Ерлан Қарин мен Айдос Сарымды айтар едім (күлді). Жалпы олардың азаматтық позицияларына ризамын. Қазаққа жаны ашып, жанашыр болатын жандар. Ерлан Қаринді бейнелеп салдым. Өзіне де ұнаған сияқты. Айдос Сарымдыкін алдағы уақытта салуым мүмкін.

Арманым Эйфель мұнарасында көрме өткізу

Өз картиналарыңызды сатылымға қоясыз ба? Жалпы, оған деген сұраныс бар ма?

Салған суреттеріме ұсыныс өте көп. Олар менде бір ғана данадан ғой. Оны сатпас бұрын, ең алдымен, суреттерімнің барлығын жинап, Париждегі Эйфель мұнарасының бір бұрышында көрмемді өткізгім келеді. Бұл менің арманым әрі мақсатым десем де болады. Шетелдік көрмелер, аукциондар, картиналарымның әлемге танылып жатқанын арманыма апара жатқан жол деп есептеймін. Осы бір жолдың арманыма жеткізетініне сенімім мол.

Өз білгеніңізді үйретіп, дайындап жүрген ізбасарларыңыз бар ма?

Шәкірт тәрбиелеу үшін төзім мен шыдам қажет. Өзімді мықты суретшімін деп айта алмаймын. Біреуді үйрету үшін өзің мінсіз сурет сала алуың қажет. Өз кемшіліктерімді байқаймын, бірақ одан жақсырақ сурет сала алмаймын. 

P.S. Сұхбат әзірленіп жатқанда редакциямызға сүйінші жаңалық келіп жетті. Аңсаған Мұстафа Венесуэлада шығатын журналдың ақпан айындағы санының бетіне өзінің салған суреті шығатынын хабарлады.

Сұхбаттасқан Аяулым Серікқызы

 

 

 

 

Все новости