00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Елордада Қажығали Мұханбетқалиұлын еске алу кеші өтті

31.03.2023 | 20:54
Елорда ақпарат
79

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Жаны сұлу жазушы» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Кешті Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов және Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев ашты. Министрдің орынбасары қаламгер «Тар кезең» романында қазақ халқының бүкіл болмысын, бойындағы күш-жігерін паш еткенін айтты. Ерлан Бекмырзаев Астана әкімі Алтай Көлгіновтің сәлемін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақтың белгілі сөз зергері, халқына рухы биік, сүйекті шығармалар сыйлап, өзі де оқырман жүрегінен мәңгі орын алған Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылған еске алу кешіне қош келдіңіздер! Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Қазақ новелласының үлкен қайраткері» атаған Қажығали Мұханбетқалиұлы әдебиетте оймақтай оймен үлкен тақырыптарды қозғайтын қарымды қаламгер ретінде танылған жазушы. Қажығали Мұханбетқалиұлының қажырлы қаламгерлігі, биік адами сауаттылығы мен парасаттылығы, көркем әдебиетке тән сөз құдіретін өте жоғары меңгергендігі кейінгі ізбасарларына үлгі болатынына сеніміміз мол. Тұлғаның туындылары, шынайы образдарға толы шығармалары бар да қаламгердің есімі ешқашан ұмытылмайды, - делінген қала әкімінің хатында. 

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармаларының ерекшілігі мен адами болмысына тоқталды.

Қажекең – жақсы жазушы, ғажайып жазушы. Оның шығармаларын оқып отырған кезде көлденең сөз, жамау секілді, оқиғаға қатысы жоқ басқа бір картина болмайды. Тілі, композициясы соншалықты таза. Қысқасы, Қажекең өте сауатты жазушы болатын. Өзі әлемдік әдебиетті көп оқитын. Зерек болды, университетте, мектепте де жақсы оқыған. Қаншама жігіт оқыдық, ішімізде университетті үздік бітірген жалғыз Қажығали болды. Тай, құнан бәйгеге түскісі келмеді. Бірден аламан бәйгеге түсіп, Сырым туралы үлкен тақырыпты алды. Ұзақ зерттеді, аса үлкен жауапкершілікпен жазды. Тарихи тақырыпты жазу – оңай шаруа емес, жалпы жауапкершілігінің өзі үлкен. Қажығали - өте ақжарқын, албырт, өзінің бойындағы балалық мінездер қалмайтын.  - деді Төлен Әбдік.

Кеш барысында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әншілері Жақсыгелді Маясаров пен Зинат Қасымова, «Қорқыт» этноансамблі, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Арыстанбек Алтынбек өнер көрсетті. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістері театрландырылған қойылым қойды.

                                                                                 Аманғали ҚАЛЖАНОВ                              

Все новости