00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Белгілі суретші Жанұзақ Мүсәпірдің кітабы жарыққа шықты

25.02.2023 | 04:47
Елорда ақпарат
104

Туындылары тек республикалық қана емес, әлемдік деңгейдегі топтық және жеке көрмелерде таныстырылған Жанұзақ Мүсәпір өз сөзінде Қытай, Польша, Германия, Ресей сынды 30-дан астам елдің музей қорларында және жеке коллекционерлердің мұрағатында сақтаулы еңбектерін атап өтті. Сондай-ақ суретші Ұлы дала мұрагерлерінің бұл бағытта да ешкімнен кем еместігін айтты.

Өз есіміммен байланысты тақырыпқа қатысты арнайы кітап шығару көптен ойда жүр еді. «Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай» деп бабаларымыз айтқандай, суретшілік өнер экзистенциясын жан-жақты ашатын еңбекте шығармашылық тағдырымның бұралаңдарын да жеке коллекция мен отбасылық фотосуреттермен бекітіп отырдым. Мені сыншылар «Алаш өркениетінен сериялы дүние жасау мен бейнелеудің сакральды білімін танытушы» деп атайды. Сол буырқанған бояуларды жанкүйер қауым енді баспа бетінде өз көзімен көріп, қолына ұстаса деймін, – деді ол.

Картиналардағы бейнеленген оқиғалар мен заттардың тарихи мән-маңызы бар. Мысалы, автор қазақтың бәйгесін, көкпарын, ұлттық аспаптарын тамаша бояудың көмегімен көрсеткен. «Балалықтан даналыққа жол» атты цикл әл-Фараби өмір сүрген ғасырды шынайы суреттеген. Жанұзақ Мүсәпірдің жұмыстары осымен де құнды. Біз тарихымызды ұмытпай, ұлттық құндылықтарға заманауи сипат беріп, алға жылжимыз, – деді белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Суретшінің шығармашылығымен танысқысы келетін әрбір жанға кітапқа назар салуға кеңес беремін. Бүгін, міне, елордамыздың мәдени өкілдері мен болашақ суретшілер бас қосты. Бұл – қазақ ұлттық бейнелеу өнерін насихаттаудағы бір қадам. Жастарды өнерді бағалауға, көрмелерге баруға, шын мәнісіндегі жоғары өнерді тануға үйрету керек. Мәдениетті жоғары деңгейге шығарудың бірден-бір жолы – осы, – деп атап өтті елордалық «Рухани жаңғыру» КММ басшысы Абылайхан Қалназаров.

Салтанатты шараға мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков, Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, ақын, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, журналист Қанат Әуесбай және өзге де елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шараға жиналған қауым авторды жаңа кітаптың жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ суретшінің көрмесімен танысып, ел мәдениетіне қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, Жанұзақ Мүсәпір – шығармашылық саласының түрлі бағытында жемісті еңбек етіп келеді. Телевизияда режиссер ретінде бірқатар деректі фильмді жарыққа шығарды. Көрмелерге жетекшілік етті. Мүсін құюмен айналысты. Басқасын айтпағанда, Қазақфильм түсірген «Қарсы бақылау» көркем фильмінің бас продюсері, «Қара шаңырағым», «Алтын ұя мектебім», «Өмір өткелдері» т.б. кітаптардың авторы.

Все новости