00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Алты қалада мектептерге террорлық шабуыл туралы жалған хабарлама таралған

15.02.2024 | 04:05
52
Фото: ашық дереккөз

Ведомствоның мәліметінше, осы жылдың өзінде елдегі бірқатар қалаларда мектептерге террорлық шабуылдар туралы бірнеше жалған ақпараттар тарағандығы анықталған. Тексеріс барысында бұл әрекеттерге ТМД елдері азаматтарының да қатысы бар екені  белгілі болған. 

25 қаңтардан бастап Telegram арналарында мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы анонимді хабарламалар тарала бастады. Хабарламалар алты қалада, яғни Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қостанайда келіп түскен. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. 

Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында таралған хабарламаларға ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталды. Шетелдік әріптестермен олардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр.  

Сондай-ақ Қарағанды және Қостанай қалаларында шабуыл жасау қаупі бар хабарламалардан кейін кәмелетке толмағандардың Telegram-арналарын ашқаны анықталды. Олар бұрын таратылған хабарламалардың мәтінін көшіріп, оқу орындарының фотосуреттерін орналастырып, өз мектептерінің чаттарына жалған ақпарат жолдаған. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласы №15 орта мектебінің жетінші сынып оқушысы және Қостанайдағы №3 мектеп-гимназиясының төртінші сынып оқушысы екені белгілі болды. Олардың қылмыстық жауапкершілік жасына жетпегені ескеріліп, ата-аналары бала тәрбиесіне көңіл бөлмегендері үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ сот шешімі бойынша олар жедел қызметтерді жалған шақыртуға және білім беру нысандарын тексеруге байланысты мемлекетке келтірілген залалды өтейтін болады. Шығын көлемі екі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін, – деді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Альбина Махамбетова. 

Терроризм актісіне дайындық туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың АЕК мөлшерінде, яғни 18 млн теңгеден астам айыппұл не болмаса 5 жылға бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылады.

Өткен жылы полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бойынша 215 қылмыстық іс қозғады. 43 адам анықталды, оның 19-ы кәмелетке толмаған, 7 адам сотталды, оның ішінде 2-еуі кәмелет жасына жетпеген жасөспірімдер, – деді А.Махамбетова.

Барлық жаңалықтар