00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Абай облысында өрт сөндіруші қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапты

31.03.2023 | 16:55
Елорда ақпарат
32

Төтенше жағдайлар министрлігі Айдос Тоғызбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Айдос өз ісінің маманы ретінде әріптестердің есінде мәңгі қалады. Абай облысы ТЖ департаментінің психологтары өрт сөндірушінің туыстарына көмек көрсетуде, деп хабарлады Elorda.info ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылдың 7 қыркүйегінде 13 сағат 35 минутта 112 кезекші пультіне Абай облысы Жарма ауданының Бозжыра ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына №22 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілген. 

Шақыру орнына келген өрт сөндірушілер дереу өртті сөндіруге кірісті. Табиғи өртті сөндіру кезінде өрт сөндіру автоцистернасы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының өрт сөндіруге су жеткізетін КАМАЗ (12 текше метр) су алды. Осы кезде жел бағытының өзгеруі салдарынан өрт автоцистернаға қарай аумақты шарпыды. Техникаға арналған эвакуациялау жолдары барлық жағынан отқа оранып, биіктігі екі метр қараған ағашы өртенді.

Өрт сөндірушілер жағдайды бағалап, өрт-техникалық қару-жарақты жинауды тоқтатып, шұғыл эвакуациялауға кірісті. Автоцистерна мен КАМАЗ су тасымалдаушы көлігі толығымен жанып кетті. Салдарынан өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Салимжан түрлі дәрежедегі күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жатқызылды, делінген ТЖМ хабарламасында.

Өрт аумағы 500 га құрады, өрт 8 қыркүйекте сағат 5.40-та сөндірілді. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамынан 14 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Айдос қатты күйік алып, жарақатынан ауруханада көз жұмды. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев қаза тапқаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды.

Айдос 36 жаста еді. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдан бастап қызмет еткен. Оның артында әйелі мен 5 баласы қалды.

Айта кетейік, елімізде қызметтік міндеттерін атқару кезінде өртке қарсы және құтқару қызметтерінің 65 қызметкері қайтыс болған.

Барлық жаңалықтар