00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

«Елорда базарына» 15 аймақтың кәсіпкерлері өнімдерін ұсынды

05.07.2023 | 15:30
34
Фото: Elorda.info

Елорданың ширек ғасырлық тойы қарсаңында «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығы аумағында «Елорда базары» жәрмеңкесі өтіп жатыр. Ежелгі шығыс стилінде ұйымдастырылған нағыз хан базары шілденің 5-7 аралығында келушілерге қақпасын айқара ашып тұр. Жәрмеңкеде көкөністер мен дақылдар, жемістер мен жидектер төгіліп, ет, сүт өнімдері тізіліп тұр. Сонымен қатар бал мен шай, өзге де азық-түлік өнімдері бар. Бұған қоса қазақтың қолөнер бұйымдары көздің жауын алады. Ал тыста таза ауада отқа піскен шығыс тағамдарынан дәм татуға болады. Бұл өнімдердің барлығын 15-ке жуық облыстан келген кәсіпкерлер ұсынып отыр, деп хабарлады Elorda.info.

бал.jpg

-Естеріңізде болса дәл осындай шығыс стиліндегі жәрмеңке Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған еді. Халықтың сұранысына сай осы үрдікті тағы жалғастырып отырмыз. Жәрмеңке туралы халықты күні бұрын әлеуметтік желілер, радио-телевидение, қоғамдық көліктердегі жарнамалар арқылы құлақтандырдық. Бұл жерге облыс-облыстан ауылшаруашылығы, басқа да азық-түлікпен айналысатын кәсіпкерлерді ғана емес, қолөнершілерді де жинадық. Бұл - олар үшін Астана қаласының сауда нүктелеріне кіріп, сауда-саттық жасауға берілген үлкен мүмкіндік. Ал тұрғындарға осы жерден әрі арзан, әрі пайдалы өнім алу үшін жағдай жасалған, - деді Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев. 

ет.jpg

Оның айтуынша, жәрмеңкедегі тауарлар  қала бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша әдеттегі бағадан 10-15 пайызға төмен. Біз сауда нүктесіндегі баға жайын бағамдау отырып, кәсіпкерлердің өздерін сөзге тартқан болатынбыз.  

-Қаланың дүкендерімен салыстырғанда біздің жеміс-жидектер арзан. Мысалы, алма 600 теңге, шие 2500 теңге, жүзім 1200 теңге. Бағаны жергілікті әкімшіліктің ұсынған межесі бойынша ұстап тұрмыз. Мына жердегі жеміс-жидектер Шымкенттікі, одан қалса Өзбекстан мен Қырғызстандікі.Өзім Астанада «Шарын» базарында сауда жасаймын. Бүгінгі жәрмеңкеге өз үлесімді қосу үшін келдім, - деді кәсіпкер Гүлнар Ермағамбетова. 

базар көкөніс.jpg

Ал астаналық Алтынай Сексенбаева жәрмеңкедегі бағамен қоса азық-түліктің сапасы да көңілге қонымды екенін айтты. 

-Бағалар орташа. Бәрі өнімдердің қайдан екеніне байланысты ғой. Мысалы, мен химикат қосылған өнімдерді алмаймын, ал Тараздың қызанағы ұнады. Етті, дәмді. Бағасы да арзан, 350 теңге. Осы кәсіпкердің жүзімінің бағасы да нарық бағасынан төмен екен, 800 теңге. Жергілікті жердің тәттілерін де сатып алдым. Торт үшін 3000 теңге қымбат емес қой. Есесіне өте дәмді етіп жасалған, - деді ол.

қолөнер.jpg

Шығыс стиліндегі жәрмеңкеде өнерпаздар дәстүрлі ән-жырмен шашу шашып, келушілердің көңілін көтерді. Ал көпшілік батырларша киінген актерлермен суретке түсіп жатты. 

батыр.jpg

«Елорда базары» жәрмеңкесімен тұспа-тұс «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауарлары» атты өңірлік көрме мен «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтті. 

-«Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік көрмесіне 90-нан астам кәсіпкер қатысуда. Түстен кейін комиссия олардың құжаттарын, өнім сапасын тексеріп, номинациялар бойынша жүлделерді ұсынатын болады. Биылғы ерекшелік – бұрынғыдан 3 жүлделі орын болмайды, кәсіпкерлерге азық-түлік,  халық тұтынатын, өндірістік  тауарлар бойынша  номинация беріліп, бірдей сый-сияпат ұсынылмақ. Ал жүлдегерлер әрі қарай байқаудың республикалық деңгейіне қатысады. Ал көрермендер үшін лотерея бойынша сыйлықтар ойнатылады.Сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі биылдан бастап ұйымдастырылуда, - деді Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бисен Жолболдиев.

көрме.jpg

Оның айтуынша, көрмелердің  ең басты мақсаты – халыққа Қазақстанда шығып жатқан өнімдерді ұсыну, насихаттау. Ал Астанада күні бүгін белсенді кәсіпкерлердің саны 220 мыңға жетіп отыр. 

Барлық жаңалықтар