00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Құндылықтар өзгерген заман туды

15.02.2023 | 11:55
Елорда ақпарат
166
– Қазақ отаршылықтың зардабын көп көрді. Қызыл империя саясаты ең алдымен ел бастаған көсемдеріміз бен шешендерімізден, текті ұрпақтан айырды, ұлттық құндылықтарды мансұқтады, салт-дәстүрді ұмыттыруға тырысты. Енді кімді үлгі тұтамыз, қайда қарап бағыт түзейміз? – Отаршылыққа мен анықтама бермей-ақ қояйын, оны былайғы жұрт біледі. Отар ел болу – нағыз бақытсыздық. Соны көрді біздің қазақ. Жұбан ақынның «мың өліп, мың тірілген» деген пафосты жан айқайының астарында, әрине, осы бар еді. Отаршылықтың зардабы шаш етектен. Соның ішіндегі ең қауіптісі – құлдық сана. Бұл дегеніңіз – өз жерінде бодан болған азшылық халықтың ұлттық нигилизмін тудыру. Ұлт та, ұрпақ та өзін екінші сорттың адамы санап, рухани-психологиялық жағынан жасқаншақ, дәрменсіз, жалтақ болып өседі. Отарлаған жұрттың қаңсығы – саған таңсық. Құдды өзіңде ештеңе болмағандай. Біздің алдыңғы буын солай тәрбиеленді. Өкінішке қарай, осы көзқарас әлі өмір сүріп келе жатыр. Басқасын айтпағанда, отыз жылда тілге қатысты мәселеде ештеңе өзгерген жоқ. Халық та бұған үйренген. «Баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер түкті байқамас­тың» кебі сол. Ұлттың уызынан жарыған ұлылары кешегі кеңестік жүйенің құрбаны болды. Тектілер тентіреді, тексіздер тебініп атқа мінді. Бізде отаршылықтың зардабы түгел түгенделіп, соның зардаптары жойылу керек еді. Олай жасалмады. – Кешегі алашордашылардың өмірін, ел басқару машығын, еңбегін қалай бағалайсыз? – Менің көз алдымда, көкейімде сол кешегі Алаш қайраткерлері тұр. Кейінгі ұрпақ соларды үлгі етіп, соларға қарап ой түзесе керек еді. Бірақ та олай болмай жатыр. Оның себептері көп қой. Өте көп. Әуелі сол алашшыл тұлғалар осы қазіргі қоғамда насихатталып, рухани биікке көтеріліп жатыр ма? Тіпті, басқасын айтпағанда, Нұр-Сұлтан қаласында солардың біреуінің ескерткіші бар ма? Жоқ! Ұлттың қаймағы солар еді, олардың әрбірі пассионарлық тұлғалар болды. Бір Ахмет Байтұрсынұлының өзі екі ғылыми институттың жұмысын атқарып кетті. «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деді Әлихан Бөкейхан. Олар ұлтқа қызмет етудің үлгісін айтты, көрсетті, соның жолында құрбан болды. – Бүгінгі қоғамның жай-күйін қалай сипаттар едіңіз? – Бұл енді белгілі жай ғой. Өз заманына көңілі толмаушылық, өткенді өгейсу осы уақытта ғана болып жатыр десек қателесеміз. Бағзыдағы Сократ «қазіргі жастар білімсіз» деп күйініпті. Ахмет Ясауи өз заманындағы имансыздыққа қарап, «заманақыр орнамаса нетті» деген. Ал Абай ше? Жалпы кез келген адамның, егер ойлы адам болса, өз уақытына көңілі толмаушылық болады. Кім болса да өз заманының перзенті. Жақсы-жаманына бірдей жауапты. Абай айтқандай, «заманға жаман күйлемек» бар. Бірақ өз уақытынан, өз қоғамынан бір жақсылықтарды күтеміз. Үміт қыламыз. Көп жылдарымызды бос уәдемен, құрғақ сөзбен жоғалттық. Оны несін жасырамыз? Дәл қазіргі қазақ қоғамы үшін басы ашық екі қауіп болса, соның негізгісі – жемқорлық. Бұл жазылмайтын дертке айналды. Ол – анығында жоғары буыннан бастау алып, тамырын тереңге жайған індет. Бұған кім жазықты, кім жауапты? Жауап жоқ. – Ұлтты сақтау үшін не істеуіміз керек? Ұлтты тәрбиелеуде әдебиет пен мәдениет тиесілі міндетін атқарып жатыр ма? – Бәрі тал бесіктен. Тәлім де, тәрбие де, өнеге де. Адамды тәрбие­лейтін екі нәрсе бар, бірі – отбасы, екіншісі – орта. Екеуі де қазір оңып тұрған жоқ. Ұлтты сақтаудың әліппесі әр қазақтың бойында ұлтына, тіліне, жеріне, тарихына, мәде­ниетіне деген зор сүйіспеншіліктен, соның жолындағы жанқиярлықтан басталады. Өкінішке қарай, ондай сүйіспеншілік пен жанқиярлықты көріп отырғанымыз шамалы. Ахаңның «Ұлым дейтін ұлт болмаса, ұлтым дейтін ұл қайдан болсын?!» дегені дәл сөз. Ұлтты сүю жалаңаш патриотизм, жалаң ұраншылдық емес, ұлт – тұтас ұғым. Оған жоғарыдағылардың бәрі кіреді һәм ұлтқа деген жанашырлық пен қамқорлық осы қоғамның көш бұйдасын ұстағандарда болуы шартты. Бірақ бізде солай ма? Ұлтты тәрбиелеу әдебиеттің міндеті емес дейтіндер пайда болды. Бұлай айтатындардың төркінін түсініп отырмын. Алайда адамды тәрбиелеу күллі өнердің эстетикалық міндеттерінің бірі емес пе! Ғаламдық әдеби үрдісті жоққа шығара алмаймын, дегенмен де ұлттық әдебиеттің болғанын, болатынын мойындаймын. – Қазір адамдық құнды­лықтар қалай өзгеріп жатыр? «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қасиеттің бүгінде құны жоғалды ма? – Құндылық дәстүрлі сипат алғанда ғана – құндылық. Жалпы адамзаттық һәм ұлттық құндылықтар деген бар. Заманға сай өзгеріп, құбылып, мүлдем жоғалып кететіндер де аз емес. Ол құндылық емес. Данышпан қазақ «Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» дегенді баяғыда айтқан. Біз сол озығынан да айырылып бара жатқанымыз жоқ па деген ой келеді. Олай болғанда тұттай жалаңаш қалу деген сөз ғой. Өте қорқынышты. Диалектиканың заңдылығымен құндылықтардың орны ауысады деп өзімізді жұбатамыз. Әрине, қалыпты дүние жоқ. Абай айтқандай, «бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек». Алайда белгілі бір ұлт, халық үшін өзгермейтін құндылықтар болуы керек. Соны қазір бренд деп жүрміз. Алайда мынау жаһанданудың араны жұтып барады. Қарқыны қабағат. Түбін ойласаң, аза бойың қаза болады. Асылы, адамзат тарихында талай ауысулар, өзгерістер болған. Енді тек дінде айта беретін қиямет-қайым ғана қалды. Алайда адамзат болмысындағы ізгіліктің нұры сөнбек емес. Ол – махаббат пен ардың сөзі. Ең ақырғы сөз солардікі! Сол себепті де ешкімде жоқ қазақтың «жаным – арымның садағасы» деген осы пәлсапалық ойы жасай береді деп сенемін. – Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әулеттің, отбасының маңызы қандай еді? Ұл мен қыз тәрбиесінде нені ескермей келеміз? Бала тәрбиесіндегі ертегілердің, батырлар жырының маңызы қандай? – Отбасы кешегі қазақ қоғамында үлкен маңызға ие болды. Сондықтан да «Отан – отбасынан басталады» деп тәмсіл етті. Біз жүйелі отбасы институтын қалыптастырған халық едік. Біртіндеп одан да айырылып бара жатқандаймыз. Ең әуелі әкенің отбасындағы қадір-қасиеті мен орны деген ұғымға көлеңке түсіріп алғандаймыз. Әкелердің рөлі төмендеді, ықпалы азайды. Барлық қарым-қатынастар материалдық құндылыққа тірелген жерде солай болады. Кім ақша тапса, сонікі ғана сөз. Феминизм деген үрдіс бар. Мен оны түгелдей жоққа шығармаймын. Кешегі 90-жылдары ала дорба арқалап, отбасын асыраған қыз-келіншектерге жаның ашиды һәм рақмет дегің келеді. Олардікі жанкештілік еді! Біз, еркектер, сол тұста тізгінді босаңсытып алдық. Әкесі мықты ұлдың тәрбиесі жоғары, анасы мықты қыздың тәлімі биік болатыны сөзсіз. Ұлды ұлдай, қызды қыздай тәрбиелеу керек. Менің білетінім – сол. – Көкейіңізде жүрген, ұлтты бұзады деп алаңдау­шылығыңызды тудырған қандай кесапаттарды атар едіңіз? – Экспансия, аккультурация, ассимиляция дегендер бар. Бұлар – төл мәдени болмыстың жаулары, ұлттық қасиеттерді жұтып қоятын қорқау тенденциялар. Қазақтың өз ішіндегі жершілдік, рушылдық, тамыр-таныстық деген «балалық ауруларды» айтпағанның өзінде, батыстың жалаңаш идеологиясы мен араб қоғамының тұмшаланған радикалды діни экспансиясы қазақ үшін қауіптірек пе деп ойлаймын. Қазақтың сырты алабажақ, іші аласапыран. Бодандықтан енді ғана басы босаған қазақты жан-жағынан иттей талап жатыр. Осыларды экспансиялық заңдылық деп қабылдап, біз ұлттық мұрат жолындағы ілкі істерімізді, тың сілкіністерімізді тоқтатпауымыз керек. Қайта үдете түсуіміз жөн. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «ұлт сапасы» туралы айтты. Бұл тегін емес. Тарихи дәстүрлі сабақтастығын мансұқ етпеген, жаңа заманға бе­йімделе алған, көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, зиялы ұлт қана өзін сақтап қалатынын ұмытпағанымыз абзал. Ұлттық мұратқа адалдық һәм жанкештілік керек!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Барлық жаңалықтар