00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

«Бірлік жүгірісі»: Астанада 2000-ға жуық әуесқой желаяқ сынға түсті

28.04.2024 | 11:40
140
«Бірлік жүгірісі»: Астанада 2000-ға жуық әуесқой желаяқ сынға түсті
Фото: автордан

Елордадағы EXPO кешені маңында жүгіруден Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік жүгірісі» атты жарыс өтті, деп хабарлады Elorda.info

Жүгіруден көктемнің басты сайыстарының бірі саналған «Бірлік жүгірісі» таңғы 7:00-де басталғанына қарамастан, бақ сынауға 2000-ға жуық адам жиналды. Жүгіру бәсекесіне қатардағы әуесқойлармен қатар, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит те арнайы қатысты.

Бұл жүгіру марафонының басты ерекшелігі – бір мезетте еліміздің 15 өңірінен 15 000-ға жуық спортшылар жүгіріп, барлығының басы бір мақсат аясында біріге алатындығын көрсетеді.

Бүгінгі іс-шарамыз арқылы су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созсақ дейміз. Міне, бүгін салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында елордамызда ересектерден 1500, балалардан 300-дей қатысушы жиналды. Былтырғы жарысымызда тек 500 метр, 2,5, 5 шақырымды құрап, 250-дей ғана спортшы жарысқан еді. Енді көріп отырғаныңыздай, 1 жылдың ішінде 10, 21 шақырымдық қашықтықты қамтып, қатысушылардың қатары 6-7 есеге артты. Ересектерден бөлек, 6-17 жастағы балалар мен жасөспірімдер 1 шақырымға жүгіреді. Бұл – жақсы дәстүр. Өйткені жас бала ата-анасының айтқанын емес, көргенін істейді. Тағы бір жақсы жаңалығымыз – бүгінгі трасса халықаралық жеңіл атлетика федерациясы тарапынан мойындалған. Яғни, осы көрсеткішіңізбен сіз өзге де ірі халықаралық марафонда бақ сынай аласыз. Бұнымен тоқтап қалмаймыз. Келер жылы толыққанды 42,1 шақырымды енгізсек дейміз»- деді, Астана қаласы триатлон федерациясының президенті Евгений Больгерт.

Иә, бұл бас шаһарымыздағы басты мереке. Себебі, көктем басталғалы әуесқой желаяқтар 3, 5 шақырымға ғана жүгіріп келсе, бүгін бірінші рет  10, 21 шақырымға жүгіруге мүмкіндік алды.

Ата-анам жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысады. Әрине, осы орайда менде олардан қалыс қалмаймын. Жарыстарда өз қатарластарыммен сайысқа түскен ұнайды. Мен үшін жеңімпаз болу маңызды емес. Уақытқа да қарамаймын. Бастысы – жүгіруден ләззат аламын - дейді 9 жастағы Маркус атты жас қатысушы.

«Бірлік жүгірісі» жарысына тек Астана қаласы ғана емес,еліміздің өзге өңірлерінен арнайы келіп қатысушылар да болды. Олар  қаламыздың көркі саналатын Ботаникалық саябақ, Abu-Dhabi сауда кешені, Бәйтерек  монументі т.б белгілі орындардың жанынан жүгірді.

Жүгіруге қызығуыма айналамдағы достарым әсер етті. Олар жүгірудің еш қиындығы жоқ, арнайы залды қажет етпейді. Кез келген уақытта аяқ-киімді киіп, бастай бересің дегеннен кейін, жүгіруге қадам бастым. Алғаш осы сәуір айының басында қолға алып, 5 шақырымға тіркелдім. Қорқыныш болды. Мәреге жете алмай, ұят бола ма деп те ойладым. Алайда, 35 минутқа жеткізбей, қашықтықты бағындырдым. Осының өзі жетістік болғанымен, алдағы уақытта осы қашықтықты 20-25 минутта жүгіріп өту   жоспарым бар. Салауатты өмір салтын ұстанумен қатар, «Таза Қазақстан» акциясында» айналадағы қоқыстарды да жинауға өз үлесімді қостым. Ерте тұрғанның нәтижесінде қоғамға да пайдалы   Өркен атты астаналық жасөспірім. 

Шара соңында жеңімпаздар арнайы жүлдемен марапатталып, барша қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында арттарынан қалған қоқыстарды тазалап кетті.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар