00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Астанада 120 мыңнан астам адам жалпыға бірдей декларация тапсырады

17.08.2023 | 07:00
46
Фото: дереккөз

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде 2023 жылы халықтың табысын декларациялау мәселелері бойынша брифинг өтті. Жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі туралы Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков және өндірістік емес төлемдер және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Ерасыл Борашов айтты, деп хабарлады Elorda.info.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары үшін жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды.

Қазіргі уақытта елордада «Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны» 250.00 бастапқы нысанын ұсыну бойынша міндеттеме 120 681 жеке тұлғада туындайды, қазірдің өзінде декларацияны 95 538 (79,2%) тұлға ұсынды, 25 143 (20,8 %) жеке тұлғалар ұсынбаған.

Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты – көлеңкелі экономиканы қысқартуды қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, - дейді Қанат Балтабеков.

Биылдан бастап декларацияны мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады.

Келесі жылдан бастап декларацияны тапсыру басшылар мен заңды тұлғалардың құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер мен жұбайлары үшін міндетті болады. 2025 жылдан бастап азаматтардың қалған санаттары, яғни елдің барлық ересек тұрғындары декларациялауға жатады.

Салық кодексіне сәйкес Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және 4 кезеңде өтуде.

Бірінші кезеңде есептілікті мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар тапсырды.

Ерасыл Бораштың айтуынша, активтер мен міндеттемелер туралы декларация декларациялау жүйесіне кірген күнге жинақталған активтер мен міндеттемелерді тіркеу үшін ұсынылады. Бұл ретте уәкілетті органдарында тіркелген жылжымайтын мүлік пен көлік құралдары туралы мәліметтер декларацияда көрсетілмеуі тиіс.

Декларацияны «салық төлеушінің кабинеті» cabinet.salyk.kz арқылы электронды түрде беруге болады, «электрондық үкімет» порталы, сондай-ақ esalyq azamat мобильді қосымшасы арқылы 15 қыркүйекке дейін. Ал қағаз үлгіде ұсыну мерзімі 15 шілдеге дейін.

Елордалық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынбаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялау бойынша сұрақтар туындаған жағдайда жеке тұлғалар 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан кеңес ала алады.

Барлық жаңалықтар