00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Астаналық ғалым қазақша ымдау тілін «танитын» жүйе жасады

28.07.2023 | 11:00
49
Фото: дереккөз

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінің оқытушысы Нұрзада Амангелді 5 жылдан бері зерттеу жүргізіп келе жатыр. Ғылыми жоба жасанды интеллектке негізделген және сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған адамдарға бағытталған, деп хабарлады Elorda.info.

ЕҰУ ғалымы қазақша ымдау тілін танудың интеллектуалды жүйесін жасап шығарды. Бірегей әзірлеме ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған. Жүйе қазақша ымдау тіліне бейімделген және бұл оның басты бірегейлігі. Жүйені әзірлеу барысында ол бір ымның бірнеше нұсқасын дайындаған. Ғалым оларды көрсетілу күрделілігі бойынша топтарға бөліп, әрқайсысы үшін жасанды нейронды желі моделін әзірлеген. 

Жүйе болашақта ым әліпбиін, ым тілін білетін сурдоаудармашыларды дайындай алады. Мұндай мамандар түрлі мемлекеттік ұйымдарға қажетті. Бүгінгі таңда біз мобильді қосымша жасауға кірістік. Оның көмегімен ым тілімен өзара сөйлесуге болады. Сөйлеуді мәтінге, мәтінді ымға және керісінше түрлендіретін жүйе құрылады. Осы жобамның арқасында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мектепте ыңғайлы оқуы, медициналық және мемлекеттік мекемелерде қызмет алуы және еркін сөйлесуі мен үшін өте маңызды. Осы тақырыпты зерттеп, өз үлесімді қосу – азаматтық борышым, - деп түсіндірді ғалым.

28.jpg

Зерттеу нәтижесі бойынша Нұрзада Амангелді авторлық куәлікке ие болды және әлемдік рейтингі жоғары журналдарда 3 мақала жариялады. Өткен жылы ғалым ЕҰУ «JANA ASU» ішкі гранттық қаржыландыруын иеленді.

«Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президентімен кездесу барысында олардың балаларды оқытуға қатысты мәселелерін білдім. Қазақша және басқа тілдер бойынша ымдау тілін үйретуге арналған зияткерлік тренажер – саңырау қоғамындағы есту қабілеті бұзылған балаларға үлкен көмек көрсете алатын қажеттілік. Мұндай оқыту жүйесі балаларға ымдау тілін үйренуге және қоршаған ортада қарым-қатынас жасауды үйренуге мүмкіндік береді. АҚШ пен біздің ғалымдар тобы елдегі есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін білім беру және оған қолжетімділік саласында бірқатар зерттеулерді бастады. Біздің бірлескен жұмысымыз елімізде ғана емес, Орталық Азияда пайдалы болатын үлкен ғылыми жобаға айналады деп сенеміз, - деді Нұрзада Амангелді.

Айта кетейік, ЕҰУ ғалымы өзінің ғылыми әзірлемесін коммерцияландыруды қолға алмақ. Ол ҚР Ғылым қорының байқауына қатысу үшін өтінім жолдады. 

Барлық жаңалықтар