00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Несіпбек Айтұлы: Астана – ескерткіштің ең ұлысы

15.02.2023 | 03:35
Елорда ақпарат
130
– Қазақ даласы үшін жан алып, жан беріскен Хан Кене хақындағы «Ақмола шайқасы» поэмаңызда «Астана – ескерткіштің ең ұлысы, Ұлт үшін құрбандардың барлығына» деп жырладыңыз. Бұған қоса, Абылай заманынан бергі Сарыарқа тарихын толғайтын Бөгенбай туралы «Сардар» поэмасынан бастап, бүгінгі «Бәйтерекке» ұласып, кеңес заманында солтүстік облыстар үшін Хрущевпен айқасқан жүрек жұтқан Жұмабек Тәшенов жайлы «Жер – жаннан қымбат» дастанына жалғасқан қаншама шығармалар жаздыңыз. Сіз жөнінде «Бостандық жырының бозжорғасы» атты кітап та шықты. Шынында да солай. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да, байтақ жерімізге сұқтанып, көз алартушылар көбейе бастады. Осыған Сіз не дейсіз?Ту тігіп Абылай аспас сары белге, Кек қайтып бастар ма екен елін өрге? Сарыарқа – айқастардың сахнасы, Сенделтіп салған талай әбігерге. Алысса ауыздықпен арда көңіл, Тартуға қайғы деген арба жеңіл. Қобызға үнін қосып күңіренеді, Ежелгі Қазтуғаннан қалған Еділ – деп толғаған едім «Бәйтерек» поэмамда. Адамзат жаралғалы қаншама қан төгілді, қаншама ерлердің басы жерге көмілді. Соның бәрі жер үшін. Ежелгі Еділ бойынан Қазтуғанды еңіретіп көшірген де осы жер қасіреті. Абылайды Қызылжардағы қонысынан, Көкшетаудағы жайлауынан аударған да осы жер таласы. Бұл қасірет кеше Кенесарының да басын жұтты. Жұмабектей жолбарыс жүректі батырдың да басын айналдырып әкеп көрге тықты. Бұл айқас, бұл шайқас тіршілік бар жерде ешқашан аяқталмайды. Бүгінгі Кремльдің түбінен қазақ даласына қарап үріп отырғандар да соның жалғасы. Біздің бүкіл солтүстік Ібір-Сібірді билеген Көшім хандығының құрамында болған. Арғы тарихқа бармай-ақ қояйық. Бұл туралы жазушы Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында егжей-тегжейлі жазылған. Солтүстік өңірдің атам заманнан – арысы түркі, берісі қазақ жері екені тарихқа да, Тәңірге де аян. Мұны дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оған мың сан мысал келтіруге болады. Жерімізге көз алартуды шығарып отырған Жириновскийлер баяғы Ермактың тұқымдары болуы әбден мүмкін. Алайда, олар ежелден көршілес орыс пен қазақтың арасына қанша өрт салғысы келгенімен дегендері бола қояр ма екен? Бүгінде заман басқа. Тарихтың дөңгелегі ешқашан кері айналмайды. Осыны сезгендей тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қаншама қиыншылықтарға қарамастан жүрек жұтқан батылдықпен ел астанасын арқаға асығыс көшірді. Астананы көшірем дегенде талайлар қарсы шықты. Үміттенгендерден гөрі күдіктенгендер көп болды. Соған қарамастан астана арқаға орнады. Көк байрағымыз көкте желбіреді. Қазақ елі әлемге танылды. Тәуба! Алайда, осылай боларын күні бұрын болжаған Нұрсұлтан Әбішұлының әу бастағы көздеген мақсатының астары енді айқын болды. Егер астана арқаға ширек ғасыр бұрын көшірілмегенде Кремльдің керауыздары ауызын бүгін Ақмолаға салар ма еді кім білсін? Осы көрегендігі үшін Елбасыға мың алғыс! Елбасының түпкі көксегені елорданы арқаға қоныстандыру ғана емес, заманында басқыншылардың тақымында кеткен ата қоныстарымызды түгел қайтару болатын. Соның дәлеліндей Қостанай, Қызылжар, Көкшетау, Өскемен өңірлеріне қазақтар қоныс аудара бастады. Шовинистер жерімізге көз алартып отырған мұндай қатерлі кезеңде бұл үрдісті жеделдете түсуіміз керек. Солтүстік облыстардағы, аудандардағы тізгін ұстап отырған азаматтар оңтүстіктен, шет елден қоныс аударып барған қандастарымызға бөлінген қаржыны талан-таражға салмай, ұлтқа деген аса бір жанашырлықпен жұмыс жасауы керек. Ел боламыз десек бесігімізді де, көшімізді де түзейік, ағайын! Алдымен қалтаның қамы емес, халықтың қамын ойлаған абзал болар. – «Астана тек саяси орталық емес, руханияттың да алтын ордасы болуы керек» деген сөзді жиі айтасыз. Бүгінгі елордамыздың рухани келбеті қандай? – Осыдан 20 жыл бұрын мен көрген астана мен бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының арасы – жер мен көктей. Айналасы 20-30 жылдың ішінде Арқаға ақ мәрмәрдай қала тұрды. Бұл – сыртқы сәулеті. Ал елорданың ішкі рухани әлемі мүлде өзгерді. Қаншама өнер ордалары, спорт кешендері салынды. Тарихи тұлғаларға ескерткіштер орнады. Астаналықтардың өмірге, өнерге деген талғамы биіктеді. Әдебиет, мәдениет өкілдері, өнер саңлақтары, жастар осы киелі қалада жан дүниелерін жарқырата түсті.  Астанада өткен әлемдік деңгейдегі ұлы жиындарды, ауқымды шараларды айтпай-ақ қояйын. Республикамыздың басқа қалалары елордаға қарап ой түзейді, бой түзейді. Қысқасын айтқанда астана – азаттықтың алтын діңгегі. Оның авторы – Елбасы. Ал осы алтын діңгекті қисайтпай ұстап, қала көркін күннен-күнге көріктендіре түсу елорда тізгінін Елбасы сеніп тапсырған әкімдерге байланысты. Мен астанаға көшіп келген 20 жыл ішінде 5-6 әкім ауысты. Бәрі де – білікті азаматтар. Дегенмен мемлекет мүддесі, ұлт тағдыры, ел болашағы тұрғысынан қарағанда көбі көңілден шықпады. Елбасының тапсырмасын екі етпей, шаруаларын дөңгелетіп әкеткенімен, ұлттың қамын ойлайтын деңгейге Иманғали Тасмағанбетовтен басқасы көтеріле алмады. Неге? Әкімдердің көбі – мемлекеттік тілді еркін меңгермегендер. Ұлттық салт-дәсүрден, ел тарихынан, әдебиетінен, мәдениетінен терең сусындай алмағандықтан, туған еліне қанша жаны ашып тұрса да, емін-еркін қызмет ете алмайды. Бұл олардың кінәсі де емес. Заман солай болған шығар. Алайда, айналайындар-ау, 30 жыл болды ғой азаттық алғанымызға. «Туған тілін білмесе, туған ұлым жат маған» деген едім бір өлеңімде. Сол айтқанымдай, туған тілін толық білмеген азаматтар туған еліне жат көрініп тұруы әбден мүмкін. Ел болашағының бір тұтқасы – Тіл! Мемлекеттің болашағы да мемлекеттік тілде. Тарихта өзінің мемлекеттік тілі жоқ мемлекет болған емес. Сондықтан мемлекеттік тілді өз тұғырына қондырып, мемлекеттің барлық деңгейдегі билік тізгінін ұлт тілін білетіндерге ұстататын уақыт әлдеқашан жетті. Тәуба, ол күнге де мысық табандап жақындап келе жатырмыз. Оның бір айғағы қос тіл қос қанатындай, қайда салса да, жарып шығатын Елбасының сенімді шәкірттері ұлтжанды белді азаматтарымыз Иманғали, Қырымбек, Мұхтар, Нұрлан Ноғаев тағы басқалардың өкшесін басып келе жатқан Мәулен Әшімбаев, Бауыржан Байбек, Алтай Көлгінов, Ерлан Қарин, Берік Уәли, Дархан Қыдырәлі, Берік Әбдіғали сынды жастардың қатары көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді. «Жас келсе, іске» дегендейін Алтай Көлгінов елордаға әкім болып келгелі қаланың рухани әлемінің көкжиегі кеңи түсті. Оның алдындағы әкім бауырларымыз зиялы қауыммен жүздесуге, кездесуге ынта білдірмей, есігіне жолатпай қашқақтаумен кетті. Кім білсін, мемлекеттік тілді еркін меңгере алмағаннан кейін қорғаншақтаған да болар. Ал Алтай келгелі әкімдік есігі бұрынғыдай тарс бекітіліп қалмай, зиялы қауымға айқара ашылды. Әкім мен руханият өкілдері арасында алтын көпір орнады. Жазушыларға ғимарат берілді. Елордада өтіп жатқан барлық әдеби-мәдени шараларға өзі мұрындық болып, көптің ортасынан табыла білді. Мен осыған разы болдым. Оның үстіне әкімдік қызметкерлерінің мемлекеттік тілге мойынұсына бастауы да көңілге қуаныш ұялатады. Осының бәрі басшыға байланысты деп ойлаймын. – Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіштегі

Барлық жаңалықтар