00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордада «Отбасы ұйытқысы - әйел» атты кездесу өтті

15.02.2023 | 15:47
Елорда ақпарат
48
«Сіздер жақсы білесіздер, Елбасы жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні аталып өтеді. Біз мерекені тойлауды 8 қыркүйектен бастадық. Сол күні бізге қонаққа көпбалалы аналарға арналған «Тігіс тігу өнері» атты тегін шеберлік сыныбы аясында Ақтөбеден мықты, тәжірибелі медиатор маман Бибігүл Әбдішүкірқызы келді. Ол медиаторлықты меңгеріп, мыңнан астам отбасын айырылысудан сақтап қалып отыр. Біз сол кісіні осы орталыққа шақырдық. Өте жылы кездесу болды. Ал бүгінгі шарамыз - осы игі шараларымыздың жалғасы. Бүгін біз «Отбасы -бақытты мекен» шарасы аясында шағын концерт береміз. Ол концертке көпбалалы аналар келіп отыр. Сондай-ақ демеушілердің арқасында балаларға қаламыздың екі үлкен ойын-сауық орталығының ойын алаңдарына 40 сертификат таратамыз», - деді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ақпараттық-жариялау бөлімінің басшысы Қарлығаш Нұркенова.
Бұған қоса, журналист, телепродюсер, PhD докторы, көпбалалы ана, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Мерейлі отбасы-2021» байқауының жеңімпазы - Алма Сайлауқызымен офлайн және онлайн кездесу өтті. «Отбасы ұйытқысы - әйел» атты аталған жүздесуге көпбалалы және жалғызбасты аналар қатысты.
«Менің аналарға, болашақ аналарға және де қыз балаларға арналған өзімнің өмірлік тәжірибеммен бөлісетін «Бақытты келіншек кітабы» деген кітабым жарық көрді. Сол кітапты жазу барысында мен қоғамдағы әйел орны, қазіргі кездегі қазақ қоғамындағы әйел орны, міндеті, мақсаты және де оның бақытты болу жолдары туралы ізденіс жасадым. Сол кезде көп дүниеге көзім жетті. Соңғы он жылдан бері қоғамымызда әйелге қатысты, қазақ әйелінің қызметі мен қоғамдағы рөліне қатысты сан алуан пікір бар. Сол жерде мен де өзімнің пікірімді, өзімнің ойымды жеткізіп, әлемдегі қазақ әйелдерінің өзіндік орны туралы, «Бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлем тербететін» қазақ әйелдері туралы өзімнің жеке тұжырымыммен, көзқарасыммен бөлісе бастадым. Менің ойымды бір-ақ ауыз сөзбен айтсам, «қазақ әйелі отбасы, ошақ қасымен шектелмеген»», - деді Алма Сайлауқызы.
Барлық жаңалықтар