00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Медицина қызметкерлеріне арналған гала-концерт өтті

15.02.2023 | 11:35
Елорда ақпарат
24
Нұр-Сұлтан қаласы емханаларының қызметкерлері концерттің басты қонағы болып, әлемге белгілі әртістердің өнерін тегін тамашалады. Фестивальдің ұйымдастырушылары оларға көмек ретінде MuzVac деп аталатын өздерінің жаңа музыкалық вакцинасын ойлап тапты. Бұл – вирусты жеңу үшін иммунитетті нығайтудың, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаудың тиімді құралы. Музыкалық вакцинаның құрамына сахна майталмандары шырқаған классикалық өнердің жауһарлары енді. Көрермен қауым бұл кеште Италия мен Швецияның танымал жұлдыздары – Антонелло Кароцца, Риккардо Бертоццини, Миа Стегмар - Дженни Тарнеберг секілді әртістердің өнерін тамашалады. Бұған қоса, өздерінің орындаушылық шеберлігін белгілі отандық әртістер Ерлан Рысқали мен Альфия Каримова, «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі мен Нұр-Сұлтан қаласы Филармониясының камералық хоры паш етті. Дирижерлік тұғырды Италиядан келген маэстро, әлемнің үздік оркестрлерімен жұмыс істеген Роберто Молинелли басқарды. Концерттік бағдарлама әлемдегі сан мың тыңдарманға жағымды әсер сыйлаған ХХ ғасырдың үздік туындыларынан құрылды. Атап айтқанда, АВВА және Queen топтарының атақты әндері, «Профессионал», «Зұлым, жаман, жақсы», «Миссия» сынды әйгілі кинофильмдерге жазылған Эннио Морриконенің музыкасы. Тіпті арнайы осы концерт үшін итальян композиторы Эннио Морриконенің ұлы өзінің бейнеқұттықтауын жолдады. Ол өз өнерімен адамдардың жан дүниесін сауықтыруға және жақсылық жасауға ұмтылған Морриконенің музыкасы «Дегдар» қорының қайырымдылық қызметімен үндес екенін атап өтті. Тыңдарман қауым «Астана кештері» фестивалінің қорытынды концертіне жоғары баға берді. Залдағы көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметі соған дәлел болды. Фестивальдің ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, JTI компаниясы. Ұйымдастырушылардың айтуынша фестиваль «MuzVac — үздік музыкалық вакцина!» ұранын арқау етіп, елорда күнін мерекелеу аясында өткізілді. Қайырымдылық жоба елордалық көрерменге 3 концерт ұсынды. Жалпы, «Астана кештері» өнер фестивалі Дариға Назарбаеваның бастамасымен жас елордамызға деген зор сүйіспеншіліктің белгісі ретінде дүниеге келгені белгілі. Бұл фестиваль музыкалық өнердің сан түрлі жанрларын біріктіретін ерекше  концепцияның арқасында еліміздің мәдени өміріндегі игі дәстүрге айналды.
Барлық жаңалықтар