00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Саламат Мұқаш: Образ оңайлықпен келмейді

15.02.2023 | 11:32
Елорда ақпарат
22

4 ЖАСЫМНАН ӘН АЙТТЫМ

– Өзіңіз жайлы айтып беріңізші... Өнер жолына қалай келдіңіз?

– Мен Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келдім. Әкем ауылдағы мәндениет үйінде 30 жыл музыкант болып жұмыс істеді. Кейін мәдениет үйін басқарды, қазір зейнетте. Үлкендердің айтуынша, 4 жасымнан сахнада ән айттыппын. Анам мұғалім. Бала кезден ән айту бойынша байқауларға қатысып, жүлделерге ие болып жүрдім. Бірақ 2017 жылы 9-сынып бітіріп, Ақтөбедегі Ш.Берсиев атындағы агротехникалық колледжге оқуға түстім. 4 жыл «механик» мамандығын меңгердім. Десе де колледж қабырғасында жүргенде, мәдени іс-шараларды жібермейтінмін. Республикалық байқауларда Ақтөбенің намысын қорғаған кездерім болды. 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты халықаралық байқауына қатысып, 3-орын алдым. Сол кезде ғана Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына оқуға түсемін деген ой келді. Өйткені ауылда өскен қарапайым қазақ баласының да оркестрмен ән айта алатынына көзім жетті. Іштей сенім пайда болды. Содан 2011 жылы өзім қалаған өнер академиясына оқуға түсіп, ақыры «музыкалық театр әртісі» мамандығын бітіріп шықтым. Т.Ақтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында жұмыс істедім. Бүгінде осы салада жүргеніме 7 жыл толып отыр.

– Өнерлі отбасында дүниеге келдім дедіңіз әрі 4 жасыңыздан саханада ән айтып өссеңіз, неліктен механиктің оқуын оқыдыңыз? Әлде өнер академиясына оқуға түсуге әкеңіз қарсы болды ма?

– Әкем керісінше 9-сыныпты бітіргеннен кейін музыкалық колледжге бар деді. Достарымызбен бірге механик боламыз деп шешкенбіз ғой. Дегенмен ол үшін еш өкінбеймін. Музыкалық колледжде оқымасам да, Димашты оқытқан Марат Әйтімовтен сабақ алдым. Мүмкін өзіме деген сенімсіздік аз болған шығар әрі мұнай саласында ақша көп деп механик болуды таңдаған болармын. Десе де «Ат айналып қазығын табар» дейді ғой, түбінде театрдан шықтым. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында өз күшіммен түстім. Поездға отырып, Алматыға келгенше 2 күнді ұйқысыз, уайыммен өткіздім. Сол кездегі оқуға қабылдаған ұстаздарымыз Болат Атабаев, Асхат Маемиров көзімдегі ынтаны көріп, оқуға қабылдаған болар деп ойлаймын. Оқуға тапсырып жатқандардың көбі музыкалық колледж бітірген, хореографияны меңгерген, саксафонда ойнағанын көргенде іштей қорқыныш болды. Себебі менің ондай талантым болмады, тек ән айта алатынмын. Дегенмен ата-анамның, ауылдағы туған-туыстарымның артқан үмітін ойлағанда, жеңілуге жол жоқ екенін түсіндім.

ЖАҒЫМПАЗДАНА АЛМАЙМЫН

– «Бұрын-соңды тамыр-танысы жоқ ауыл баласы салмақты сында жеңіске жете алады деп ойламаушы едім» дедіңіз. Ал қазіргі уақытта өнер саласында тамыр-таныстық қаншалықты маңызды рөл атқарады?

– Бармақ басты, көз қыстылық бұрынғы заманда да болған. Көзімнің жеткені, шын талант жерде қалмайды. Актер өзін өзгеге және өзіне дәлелдеумен өтеді. Саханаға шығасың, өзіңді дәлелдейсің. Мықты болмасаң, сеннен озып кететіндер табылады. Қарапайым көрермен кімнің қандай деңгейде екенін көріп қояды. Сондықтан актер халықты алдай алмайды. Сахнаға шықтың ба, өлсең де, тірілсең де, образыңды ашуың керек. Менің деңгейім де ауыз толтырып айтарлықтай емес. Бірақ кішігірім жеткеніміздің өзі еңбектің, алға ұмтылғанның арқасы деп білемін. Тамыр-таныстық барлық жерде бар. Саха – ол айна. Кімнің қалай, қандай таныспен келгенін сахна көрсетсе, бағасын көрермен береді. Біздің салада тамыр-танысқа сену әрқашан жетістікке жеткізе бермейді. Өзіме келсек, рөлдерімнің бәрі маған қиындықпен келеді. «Піс аузыма түс» деген мүлде болған емес. 2017 жылы елордадағы «Астана Мюзкл» мемлекеттік театрында алғашқылардың бірі болып жұмыс істедім. Асхат Маемиров ағамыз Ақтөбеде жүргенімде «Балауса» фестивалінде көріп қалып, аталмыш театрға шақырды. Онда да іштей үрей болған. Себебі режиссер, басшыларының бірін де танымаймын. Шынайы кастинг болды, басты рөлді мен алдым. Мен жағымпаздана алмаймын, «ағалау, жағалау» деген жоқ. Ондайға түбегейлі қарсымын. 2011 жылы оқуға түскен кезде ағайымыз Асхат Маемиров театр ашуды армандайтынын айтқан болатын. Сол арманы міне 10 жылдан кейін орындалды. Жастар театрының актерлері Нұрқанат Жақыпбай ағамыздың шеберханасынан шыққан. Бұл үрдіс мәскеулік театрларда да бар. Әр ұстаздың арманы өз шәкірттерімен өзі ашқан театрда жұмыс істеу деп ойлаймын.

РӨЛ ҮШІН БЕТ ЖЫРТЫСАДЫ

– Басты рөлдер оңайлықпен бұйырмайды дедіңіз. Көрермен біле бермейтін сахна сыртындағы қиындықтарды айтыңызшы.

– Талас болады. Бір басты рөлге 4 адам таласқа түсуі мүмкін. Содан міндетті түрде екеуі қалады. Бұл – бұрыннан келе жатқан театрдың заңдылығы. Еңбектену керек, дәлелдеу керек. Басқа академиялық театрларда рөл алу үшін екі-үш жылдай «массовкада» жүрің қажет. Бағымызға орай театрымыз да, әріптестеріміз де жаңа. Театрда бірінші құрам, екінші құрам деген болады. Көбіне бірінші құрамда өнер көрсетуге талас болады. Себебі дайындық бірінші құрамда көп болады. Дегенмен өмірмен өнерді шатастырмау керек. Басқа театрлардан есітіп жатамыз, рөл үшін ұрсып, бет жыртысып қалады, күндейді, араласпай қояды. Бізде ондай жоқ. Саханада қарсылас, бәсекелес болсақ та өмірде бауырмыз. Қазір рөл таңдайтын деңгейде емеспін.

ӨЗІМДІ-ӨЗІМ ҰСЫНҒАН ЕМЕСПІН

– Қазір театрдың актерлік құрамында жаңадан келген жас актерлер де жоқ емес. Оларға белгілі де білікті әрі 4 жыл бойы бірге оқыған группаластармен жұмыс істеу қиындық тудырмай ма?

– Біз де Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямоваға қарап бой түзейміз. Бір-бірімізге аға-іні, қарындас ретінде қараймыз. Жаңадан келген актерлердің мысы басылып қалады деп ойламаймын. Біз ойнап үлгеруіміз керек. Олар да үлгереді. Бүгін басты рөлді сомдасам, ертең сахна сыртында реквизитор болып жүруге де дайынмын.

– 2018 жылы «100 жаңа есім» жобасына қатысқан екенсіз. Сіз атаққұмарсыз ба?

– Театрдан ұсынған болар, бірақ аталмыш жобаға қатысқанымды да білмейді екенмін. Мен атаққұмар емеспін, бірақ бәріміз де танылу үшін жұмыс істейміз. Өзін көрсеткісі келмейтін, өзін жақсы көрмейтін адам бұл салаға келмейді. Мен жасырмаймын, танылғым келеді. Бірақ атақ керек деп қайғыратын, бас қатыратындардың қатарынан емеспін. Теледидарға шықсақ, ел таныса деп жүрміз. 30-40 жылдан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алып жатсаң, ұл-қызыңа да мақтаныш. Мен оған қарсы емеспін, бірақ атаққа ұмтылмаймын. Бұрын «Дарын» мемлкеттік жастар сыйлығына ұсынылғанмын, өтпей қалдым. Президент стипендиясына да ұсынған, бірақ бұйырған жоқ. Ешқашан атақ алу үшін өз-өзімді ұсынған емеспін.

ПАРИЖДЕ ТҰРЫП, АУЫЛДЫ АҢСАДЫМ

– Әңгіме барысында ауылды жиі аңсаймын деп қалдыңыз. Қаланың қай тұсы сізді қажытып жүрген?

– Ауылда қой бағып жүрген кезде өзімнің үлкен сахнада ән айтып тұрғанымды елестететінмін. Бірақ ешқашан Алматыға, елордаға барып жұмыс істеймін деп ойлаған жоқпын. Кейде шаршап кеткен кезде жұмыстан сұранып, ауылға кетіп қалатыным бар. Себебі ауылдан күш аламын. Қазір қой баға қоймаймын, бірақ туған жердің топырағын иіскеп қайтсам, демалып қаламын. Ауыл адамдарының тазалығы, ақ көңілдігі ұнайды. Парижге барып, «Қыз Жібек пен Төлеген» қойылымын сахналағанбыз. Брюсель, Австрия, Вена, Кан қаласына бардық. Еуропаны аралап, ел көрдік, жер көрдік. Шетелде тұрғым келеді дейтін адамдарды түсінбеймін. Шетелдерге барған жақсы, бірақ ауылға қарай бір бүйрегімнің бұрып тұратынына көзім жетті. Парижде тұрып, ауылдың құртын, ауасын аңсадым.

– Бала күнгі үлкен сахнадан көрінсем деген арманыңыз орындалды ғой. Ал қазір нені армандайсыз және не нәрсеге көңіліңіз құлазиды?

– Әкем азамат деген атыңа кір келтірме деп өсірді. Өмірде тұлға болып қалыптасуды армандаймын. Үлкен сахнаға шықсам, өнерде атым қалса деген арманым бар. 50 жылдан кейін өткенімді еске түсіргенде өкінбейтіндей өмір сүргім келеді. Біз 5 минуттық көрерменнің қошеметі үшін жұмыс істейміз. Ол үшін бір-екі ай дайындалмыз, маңдайың жырылады, даусың қарылады. Жылайсың, денеңді көтере алмай қалатын кездер болады. Бірақ көрерменнің шапалағынан кейін бәрі ұмыт болады. Спектакльден кейін ұстаздарың сын айтпаған кезде көңілің құлазиды. Мен сурет салғанды жақсы көремін, музыка шабыттандырады. Өнер адамы қиялшыл келеді дейді ғой, ол бар. Кейде өзіңмен-өзің қалып, музыка тыңдап, ойға батып кетесің. Бірақ отбасылы болғалы ондайға уақыт жоқ. Жақында магистратурада «бұқаралық қойылымдар мен шоу режиссурасы» мамандығын бітірдім. Болашақта мюзклдарды қою ойда бар.

ҰЯҢДЫҒЫ БАУРАП АЛДЫ

– Өнер адамының жары болу оңай емес деп жатады. Жар таңдауда неге баса назар аудардыңыз?

– Өмірлік жолдасым да өнер адамы, суретші-аниматор. Жүрегінің тазалығын байқадым, өтірік айта алмайтындығын, шынайылығын, қарапайымдылығын ұнаттым. Қазақ қыздарына тән ұяңдығы баурап алды. Қалжыңдап оны Құдайберген деп атайтыным бар. Себебі магистратураға емтихан тапсырған кезде бір партада отырып қалдық. Емтиханда көмегі тиіп, грантқа түсіп кеттім. Жалпы көмегі тигеннен емес, бір көргеннен ұнаттым. Әңгімеміз де жараса кетті. Өсек-аяңға бас қатырмайтыны ұнайды. Бір-бірімзді жақын түсінетіміз шығармашылықтың арқасында деп ойлаймын.

– Шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық тілеймін! Сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар