00:00
Астана -10oC
USD:
457.98
EUR:
490.86
RUB:
5.26
Іздеу

Елордалық оқушылар Отан үшін соғысқан аталары туралы әңгімеледі

14.02.2023 | 11:27
Елорда ақпарат
53
Біз жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесін атап өтеміз, бұрынғы альбомдарды ашып, ата-әжелеріміз айтып берген ата-бабаларымыздың тағдыры туралы еске аламыз. Әр қазақстандық отбасында сол ұзақ әрі сұрапыл соғысқа қатысқан аталары туралы өшпес тарих бар шығар. Мерейтойлық дата - Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында С.Мауленов атындағы №37 мектеп-лицейінің алтыншы сынып оқушылары Елорда Инфо тілшісіне өз арғы аталарының әскери әңгімелері мен тағдырлары жайлы әңгімеледі. Біздің ұрпақ ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауы керек – Диас Мейрамбеков 1943 жылы Диас Мейрамбековтың арғы атасы мен әжесі танысып, отбасын құрды. Диастың айтуынша, оның атасы Федор Гузенко 1941 жылы Ленинград әскери академиясында оқығаннан кейін Одесса қалалық әскери комиссариаты оны танк батальонының командирі етіп тағайындайды. Ол екінші Украина фронтының құрамында Одессадан Кеннигсбергке дейін шайқасады. Оқушы атасы «Қызыл Жұлдыз Орденімен» қай ерлігі үшін марапатталғанын айтып берді. «1944 жылы 6 сәуірде атам мен әжемде қыз бала дүниеге келді. Кенинсберг қаласын қоршау кезінде атам отбасымен қала маңында, «қара орманда» тұрған. Бір күні жас ана мен баланы қалалық госпитальға апару керек бопты. Атам орманда тұман арасынан от ұшқынын байқап қалып, отбасын сол жерде қалдырып өзі жалғыз жарыққа қарай барады. Ол жерде үш неміс әскери қызметкері от жағып, жылынып отыр екен. Атам олармен шайқасып, немістерді тұтқындап, оларды бөлімге алып келеді», - дейді батырдың шөбересі. Бұған қоса, Федор Гузенко немістерді тұтқынға алғаны үшін «Кеннигсбергті жаулағаны үшін» медалі марапатына ұсынылады. Ол ҰОС жеңісі кезінде Австрияда болған. Ал 1955 жылы отбасымен бірге Қазақстанға көшіп келеді. Ол Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Полтавский совхозына тың игеруге партиялық ұйым хатшысы қызметіне жіберіледі. «Менің атам 1975 жылы, ал әжем 2003 жылы қайтыс болды. Олар 32 жыл бірге тұрып, 10 бала сүйді. Менің ойымша, біздің ұрпақ ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауы керек. Мен атамды мақтан тұтамын және оған ұқсағым келеді», - дейді Диас. Ол соғыс туралы айтқысы келмейтін, себебі бұл өте ауыр еді – Әмір Арғынғазы «Менің екі арғы атам Ұлы Отан соғысында шайқасты. Әкем жағынан әжемнің әкесі, Ақмола облысы Тоғанас аулының тумасы Сейтәшім Әбдірахманов 1941 жылдың тамызында соғысқа аттанды. Ол 406 сапер батальонында бөлім командирі болды. 1942 жылы оның полкіне ауылдың бірінің үстінен ұшу туралы тапсырма түсті. Полк шабуылдады, бірақ өздері пулеметтер шабуылына тап болды. Көбі қаза тауып, қалғандары бірнеше сағат бойы қар үстінде жатты. Одан кейін менің атам орнынан тұрып, «Отан үшін – Сталин үшін» деп ұрандатып, бірінші болып шабуылдады. Қалғандары одан үлгі алып, шайқасқа кірісті. Ол осы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды», - деп әңгімеледі Әмір. 1945 жылы Сейтәшім Әбдірахманов снайпер болған, ол 29 фашист офицері мен сарбазының көзін жойған. ҰОС аяқталғаннан кейін ол Жапон соғысына аттанды. 212 гвардиялық полк құрамында Гоби шөлін жаяу жүріп өтті. Жапондарды жеңгеннен кейін ол 1946 жылы әскерден қайтарылды. «Анам жағынан атамның әкесі Уақыт Тұртұлов – 1914 жылы Ақмола облысы Жаңа-Бірлік ауылында туған. 1941 жылдан бастап ҰОС-қа 162 мотоатқыштар полкі құрамында қатысқан. Бірнеше рет жараланып, есту қабілетінен айырылған. Ол соғыс туралы айтқысы келмейтін, себебі бұл ол үшін ауыр естеліктер еді. Сондықтан Уақыт атам майдандастарымен қалай араласқанын және соғысқан аймақтарда қандай қызықты нәрсе көргенін ғана әңгімелейтін. Атам 2001 жылы 86 жасында қайтыс болды», - деп әңгімеледі Әмір. Әмірдің екі атасы да жеңіс кезінде Кенигсберг қаласында болыпты. Мәдина Нұрғалиева: Мен батыр атамды әрдайым есте сақтап, мақтан тұтамын. Одан үлгі алып, Отанымды сүйемін «Менің арғы атам Аманжол Нұрғалиев Сталинград пен Мәскеу шайқастарына қатысқан. Атамның ерліктері туралы әкем, ағам мен атамның әңгімелерінен білемін. Олар батыр атам туралы жиі айтады», - дейді алтыншы сынып оқушысы. 1941 жылы маусымда соғыс басталған кезде Аманжол Нұрғалиев Смоленск қаласының түбіндегі артиллериялық-гаубица полкіне жіберіледі. «Бір күні атам қарсыластардың қоршауында қалған Қызыл әскер бөліміне оқ-дәрілер мен азық-түлік жеткізу үшін жіберілген. Ол қойылған міндетті орындап, бөлімге келгеннен кейін «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылып, марапатталды», - дейді Мәдина. Одан соң ол бұрын жұмыс істеген Кемерово қаласындағы «Пионер» көмір шахтасына оралғаннан кейін болашақ әйелі Бижамалды кездестіреді. Олар бірге 8 баланы тәрбиелейді. Олар 1983 жылы шілдеде Қазақстанның Степногорск қаласына қайтады. Батыр келгеннен кейін жылқы өсіріп, ауыл шаруашылығымен айналысады. «Арғы атам 2005 жылы 95 жасында қайтыс болды. Мен батыр атамды әрдайым есте сақтап, мақтан тұтамын. Одан үлгі алып, Отанымды сүйіп, батыл әрі еңбекқор боламын. Ата-бабаларымыз туралы естелік ешқашан өлмейді!», - деді оқушы қыз. Атам Берлинге дейін жетті, мен атамды мақтан тұтамын – Юлия Черепанова Оқушы Юлия Черепанова өзінің арғы атасы Иван Лушниковтың соғыс кезінде ерліктері туралы айтып берді. Қыздың атасы тұтқыннан қашып, әскери техниканы "құтқарып", Берлинге дейін жеткен. «Менің атам Иван Лушников 1941 жылы Киев училищесінде халықаралық дипломатия бөлімінде оқып жүрген. Соғыс басталып, олардың бәрі тұтқынға алынады. Олар жабық вагондармен лагерьлерге жеткізілмек болады. Атам өте ақылды әрі тапқыр болған. Ол және оның бірнеше досы қауіпті сәтте вагон еденін тесіп, қашып шыққан. Олар Топары ауылына келіп, сол ауылдың тұрғындары секілді жүріпті. Ол сол жерде менің әжем Аняны кездестірген. Атам достарымен бірге біраз уақыт партизандарға көмектескен. Одан кейін ол майданға аттанады. Ол машиналарды жақсы білгендіктен, жүргізуші болып, солдаттарды майдан ошақтарына тасумен айналысқан», - деп әңгімеледі Юля. Польша аумағындағы сұрапыл шайқастан ардагер отрядына кері қайтуға тура келеді. Олар асығыс зенит құрылғысын тастап кетеді. «Менің атам ГАЗ көлігін бұрып, шайқас орнына оралып, жауған оққа қарамастан зенит құрылғысын машинасына тіркеп, алып кетеді. Осылайша, әскери техниканы жауға қалдырмайды. Осы әрекеті үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады», - деп бөлісті алтыншы сынып оқушысы. «Одан кейін Иван атам көптеген шайқасқа қатысып, солардың бірінде жарақаттанады. Ол біраз уақыт госпитальда жатады. Одан кейін атам майдандастарымен бірге Берлинге жетіп, «Берлинді жаулағаны үшін» меделімен марапатталады», - деп әңгімеледі оқушы. Юлияның айтуынша, атасы 94 жасында қайтыс болады. Қыз туыстарының әңгімесіне сүйене отырып, атасын ақылды, батыл әрі мейірімді деп санайтынын айтты. «Атам Берлинге дейін жетіп, «Берлинді жаулағаны үшін» медалін алды. Ол ұзақ өмір сүріп, тамаша отбасын құрды. Мен атамды мақтан тұтамын!», - дейді ұрпағы. Біз атамызды мықты әрі батыл адам ретінде әрқашан есте сақтаймыз – Тимур Ивашкин Тимур Ивашкиннің арғы атасы – Георгий Сапрыкин Фин соғысында шайқаса бастап, одан кейін бірден Екінші дүниежүзілік соғысына аттанды. Екі рет тұтқында болып, екі ретінде де тапқырлығының арқасында тұтқыннан қашып кетеді. Ол біраз уақыт Брянск ормандарында партизан болады. Оқушының айтуынша, ардагер атасы байланысшы, аты аңызға айналған қолбасшы Константин Рокоссовский армиясында старшина болып қызмет еткен. Бірнеше рет жарақаттанған. Бірақ емделгеннен кейін әскер қатарына қосылып отырған. Ол жеңіс кезінде Берлинде болып, одан кейін Жапонияға жіберілген. «Атам үйіне 1946 жылы оралды. Ол келгеннен кейін отбасын құрып, алты бала сүйді. Атам 2002 жылы қайтыс болды. Біз оны мықты, батыл адам ретінде әрқашан есте сақтаймыз. Ол басқа батырлармен бірге жауына қарсы тұрып, соңына дейін барып, жеңіске жетті», - деп бөлісті Тимур.
Барлық жаңалықтар