00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Иран туралы жағымсыз ақпараттың көбі жалған – Али Кебриайзаде

13.02.2023 | 18:28
Елорда ақпарат
58
[caption id="attachment_6108" align="alignnone" width="800"] Фото авторы: Оңалхан Өнерхан/Elorda Aqparat[/caption] Қазақтың төл жаңа жылы – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Елорда Инфо тілшісі Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі, Елшілік жанындағы Иран мәдени өкілдігінің жетекшісі Али Кебриайзадемен сұхбат құрды.
– Али мырза, әңгіменің әлқиссасын Иран мәдени өкілдігінен бастасақ. Қашан ашылды? Мақсат-мүддесі қандай? – Иран мәдени өкілдігі Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезден кейін-ақ өз жұмысын бастады. Ол уақытта Қазақстанның астанасы Алматы қаласы болғандықтан, бұл орталық алғашында Алматыда ашылып, талай игі жұмыстарды атқарды. Жалпы, орталықтың ашылуына 1993 жылы екі ел арасындағы Мәдениет жөніндегі келісімшарт себеп болды. Ал оның мақсат-мүддесі – екі елдің арасындағы мәдени және рухани байланысты нығайту. Бұл тұрғыда Алматыдағы бірқатар университетте Ирантану орталығы ашылып, студенттерге парсы тілі оқытыла бастады. Бакалаврды бітіріп шыққан түлектерге Ирандағы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, магистратурада, докторантурада оқуға мүмкіндік жасалды. Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де Ирантану кабинеті бар. Айта кетсек, Ирандағы үлкен университеттер мен Ұлттық кітапханасында да Қазақтану орталықтары жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ақын-жазушыларымыздың арасында да тығыз байланыс орнады. Қандай да бір әдеби шаралар ұйымдастырылса, екі жақтың барыс-келісі толастаған емес. Кітапхана саласында да тығыз байланыс бар. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қолжазбалар және сирек кездесетін кітаптар орталығы мен Иранның Ұлттық кітапханасы арасында әріптестік берік орнаған. Мұның бәрі көршілес болғандықтан да, екі ел арасындағы табиғи қажеттілік деп ойлаймын. – Қазақстан мен Иранның саяси-экономикалық және мәдени қарым-қатынастарына қандай баға бересіз? – Саяси тұрғыдан қос мемлекеттің басшылары достық және жақсы қарым-қатынасты ұстанады. Ал мәдениет саласы бойынша жоғарыда айтып өткенімдей, өте терең байланыс бар. Жалпы, Қазақстан 3 жылда бір рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізеді. Жыл сайын соның хатшылығының жиыны өтіп тұрады. Иран тарапы осы съездің тұрақты әрі ықпалды мүшесі болып саналады. Себебі Иранда діни саладағы зерттеулер жоғары деңгейде жүргізіледі. Соның ішінде діннің ішкі және діндер арасындағы мәселелер тереңірек зерттеледі. Оның негізгі мақсаты – Ислам дінінің ішіндегі мәзхабтардың, сонымен қатар өзге де діндер арасындағы бірлікті нығайту. Сондай-ақ Қазақстанда биыл 1150 жылдығы аталып өткелі жатқан данышпан әл-Фараби туралы әлемде ирандық ғалымдардан артық зерттегендер кемде-кем. Бұл тұрғыда әл-Фарабидің еңбектері Иран университеттеріндегі магистратура мен докторантурадағы диссертациялардың мыңдаған тақырыбына арқау болып жатыр деп айтуға болады. Соған орай Иранда әл-Фарабидің атымен аталатын елдімекендер, мекемелер жетіп артылады. Қазіргі уақытта Фарабидің кітаптарының бірін қазақ тіліне аудару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасындағы әдеби, мәдени байланыс жақсы жолға қойылған. Оның әрі қарай дамуына да еш кедергі жоқ. – Екі елдің қандай ұқсастықтары және ортақ тұстары бар? – Екі елдің ұқсас әрі ортақ дүниелері жоқ емес. Мысалы, қазақ тілі мен парсы тілінің көптеген ортақ сөзі бар. Ежелде парсы тілінің 3 мың сөзі қазақ тіліне енген деседі. Сол сияқты Иран мен Қазақстан халқының негізгі бөлігі – мұсылмандар. Ирандағы қазақтар елдің солтүстігіндегі ең шұрайлы аймақта тұрады. Осында тұрып жатқан ирандықтар да бар. Сонымен қатар қос халық рухани тығыз байланыста. Бір-бірінің тарихынан да хабардар. Қазақтың ұлы тұлғалары әл-Фараби мен хакім Абайдың шығармалары Иранда кеңінен таралса, Ираннан шыққан әлемге әйгілі тұлғалар Омар Хайям мен Фирдоусиді қазақ жұрты да жақсы біледі. Оның үстіне Фирдоусидің «Шахнаме» шығармасында қазақ елі туралы тарихи деректер кездеседі. Сол сияқты «Тарихи рашиди» шығармасында да қазақ халқы туралы жазылған тұстары бар. Осы ортақтастықтар екі ел халқының байланысын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді. – Әлемге әйгілі ғұламалар Омар Хайям мен Фирдоусидің Ираннан шыққаны әмбеге аян. Бұл тұлғалардың 14, 17 мамыр күндері Иранда қалай ұлықталатынынан хабардармыз. Ал Иранда қазақтың қай ақын-жазушысының шығармалары кеңінен таралған? Мысалы, сіз қазақ ойшылынан кімді оқыдыңыз? – Жоғарыда айтып өткенімдей, әл-Фараби және Абай шығармалары Иранда кеңінен таралған. Менің алдымдағы мына екі кітап – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман эпапеясының парсы тіліне аударылған нұсқасы. Шығарма қазақшадан парсы тіліне 1997 жылы тәржімаланған. Бұл ирандықтардың Абай әлемімен жақын таныс екенін көрсетеді. Иран халқы Абайды тек ақын, ойшыл, философ ретінде ғана емес, оның өзінің туған халқының бірлігін нығайту жолында үлкен еңбек еткенінен де хабардар. Абай жолы романы арқылы жазушы Мұхтар  Әуезов те Иран жұртына танылды. Әр қоғамды халықты алға жетелейтін бір ойшыл болады. Сондай тұлғаның бірі – Абай. Жалпы, хакім Абай парсы тілін жетік меңгерген болатын. Әлемге әйгілі қазақтың біртуар тұлғасының парсы тілін білгені – біз үшін зор мақтаныш. Абай көзі тірі кезінде Иранның көрнекті тұлғалары Фирдоусиді, Хафизді жақсы таныған. – Қазақстанда қызмет етіп жатқаныңызға қанша уақыт болды? Қазіргі уақытта қазақ тілін қаншалықты түсінесіз? Нұр-Сұлтанның ауа райы қалай әсер етіп жатыр сізге? Және астанадағы ең сүйікті орныңыз қай жер? – Ортақ сөздеріміз көп болғандықтан, қазақша әңгіме айтылып жатқанда сол сөздерді түсініп тұрамын. Сіздің де кейбір сөздеріңізді түсініп отырмын. Дегенмен бізге қарағанда қазақшаны түріктер жақсы түсінуі мүмкін. Өйткені түрік пен қазақ тілінің түп тамыры бір. Ал біз үшін тілді түсіну сәл қиындау. Қазақстан – көп ұлт пен ұлысқа мекен болып отырған үлкен мемлекет. Әрі Иранның Құдай қосқан көршісі. Осынау елдің әр өңірінің климаттық жағдайы да әртүрлі. Ал Нұр-Сұлтан қаласына келсек, бұл – қысы суық болса да, өте әдемі қала. Мұнда халық үшін барлық жағдай қарастырылған. Мен мұнда былтырғы ақпан айынан бастап қызмет етіп жатырмын, яғни осы жақты мекендеп жатқаныма 13 ай болды. Бастапқыда күннің суықтығы қиындау әсер еткені рас. Қар да бірнеше күн толассыз жауды. Айналаның бәрі ақ ұлпаға оранды. Ал Иранда 4 мезгіл бірдей болып тұрады. Яғни қыстың күні бір өңірде қар себелеп тұрса, тағы бір аймақта жаңбыр жауып тұрады. Мұндағы барлық жердің аппақ болып жатқаны, ерекше табиғаты мен үшін қызықты болды. Нұр-Сұлтан – сәулеті ерекше қала. Ғимараттары әртүрлі стильде салынған. Ірі сауда, ойын-сауық орталықтарында әлемнің барлық бренді бар. Әсем қаланың әсері қыстың суықтығын ұмыттырып жібереді. Шар тәріздес салынған «Нұр Әлем» ғимараты ерекше ұнады. Нұр-Сұлтанда осындай бір-біріне ұқсамайтын ғажайып ғимараттар көп екен. Жаңа идеялардың жүзеге асырылғаны көрініп тұр. Қала сонысымен де тартымды. Шаһар маған әсіресе жаз мезгілінде көбірек ұнайды. Әлемдегі үздіксіз дамып келе жатқан бұл қаланың болашағы жарқын болады деп ойлаймын. – Екі елдің Наурыз мерекесін тойлау рәсімінде қандай айырмашылық немесе ұқсастық бар? – Наурыз мейрамы да – Қазақстан мен Иран халқының ортақ мерекесі. Қазақ елі Наурызды кеңінен салтанатты түрде атап өтсе, ирандықтар да бұл күні түрлі шара ұйымдастырады. – Биыл коронавирусқа байланысты Қазақстанда Наурыз мерекесіне арналған бұқаралық шараларды өткізуге шектеу қойылды. Иранда ше? Жалпы, қазіргі уақытта Ирандағы ахуал қалай? Індетпен күрес қалай жүргізіліп жатыр? – Қазақстандағы сияқты Иранда да Наурыз мерекесіне арналған бұқаралық  шараларды ұйымдастыруға шектеу қойылды. Себебі адамның өмірі бәрінен де маңызды. Иран – 80 миллионнан аса халқы бар, даму қарқыны жоғары елдердің бірі. Алайда әлемге тараған қатерлі вирус Иранды да айналып өтпеді. Бұдан тысқары қалатын ел де кемде-кем деп ойлаймын. Бұл – Құдайдың сынағы екені анық. Дегенмен Иран туралы жағымсыз жалған ақпараттар да тарап жатыр. Қазіргі уақытта Иранда коронавирусқа қарсы күрес қатты қарқынмен жүргізіліп жатыр. Ел жұртшылығы бір адамның ағзасы сияқты жұдырықтай жұмыла күресуде. Бұл індетті жеңіп шығатынына сенімдімін. Қиыншылық та жоқ емес. Осынау қиын сәтте ел азаматтары бір-біріне жеңілдік те жасап жатыр. Мысалы, пәтер жалдап тұратындарға жалға берушілер пәтерақысын жарты бағасына түсіріп, кейбірі кешіктіріп төлеуге мүмкіндік беріп, енді бірі уақытша алмауға шешім қабылдаған. Жалпы, ирандықтардың мәдениетінің өзгешілігі халықтың жанкештілігінде деп ойлаймын. – Иранға АҚШ тарапынан салынған санкция туралы айтып өтіңізші. Санкция Иран экономикасына қалай әсер етіп жатыр? – Бұл – негізсіз салынған, Американың ойдан шығарған сылтауының салдарынан салынған санкция. Әрине, санкцияның салқыны тиіп жатыр. Оның жағдайды қиындатып жібергенін теріске шығаруға болмайды. Медициналық маска мен дәрі-дәрмек те елдің өз ішінде өндірілу үстінде. Алайда 80 миллион адамды толықтай қамту оңайға түсіп жатқан жоқ. Дегенмен Иран халқы ішкі жұмыс күшін жұмылдырып, өнеркәсіп саласын дамытып, бар мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл жағдайды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоғары бағалап отыр. Иранның қазіргі ұраны – «Біз вирусты жеңеміз!» Мұның негізі – Үкімет пен бұқара бір жұдырық болып жұмылып жатқанында. – Сұхбатыңызға рақмет!
Барлық жаңалықтар