00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордалықтар қандай қайырымды іспен айналысып жүр

24.02.2023 | 15:16
Елорда ақпарат
51

Аталмыш байқауға қайырымды істермен тұрақты түрде айналысып, қоғамға көмегі тиген азаматтар қатысқан-ды.

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының әкімі Ерлан Бекмұрзаевтың айтуынша, республикалық сайысқа жалпы саны 670 өтінім қабылданса, соның 100-ге жуығы – астана тұрғындарынан.

Оларды әр саладан көруге болады. Мысалы, байқау қатысушыларының бірі, елордадағы №3  көпбейінді инфекциялық аурухананың пульмонология бөлімі меңгерушісі, дәрігер Сапаркүл Бердешова коронавирус індеті енді басталған шақта күні-түні ауруханада қалып, жаппай түсіп жатқан науқастарды емдеген.

«Коронавирус басталысымен, бізді провизорлық орталыққа ауыстырды. Майдан даладасына мылтықсыз топ ете қалғандай болдық. Күніне 200-дей адам түскен кездер болды. Кереует жетіспейді. Екі апта бойы үйге бармай, ауруханада қалған түндері ұйықтайтын орын жоқ болған соң, түрегеп отырып көз ілетінбіз. Адам шығыны болмаса екен, адамдар жазылып шықса екен деп тіледік. Бірақ көп адамнан айырылдық. Бізге өз аяғымен келген кісілердің ертеңіне өлігі шығып жатты. Қанша отбасының бірнеше адамы қатар кетті. Бүгін әкесі, ертең ұлы... Одан қалса, YouTube-тің жақсы мағынасында да, жаман мағынасында да «гүлі» болдық. «Сендер қолдан жасап жатсыңдар, сендер өлтірдіңдер» деп бізге лағынет жаудырғандарды да талай көрдік. Кіл инфекцияның ортасында жүрген соң, өзім де ауырып қалдым. Жолдасымның өкпесі 70%, өзімдікі 45% зақымданып, әйтеуір, Аллаға шүкір, жазылып шықтық», - дейді ол.

Сапаркүл астаналықтарға ғана емес, реті келсе, барлық қазақстандыққа көмектесуге тырысқан.

«Сол уақытта медицина жайлы телевизиялық бағдарламаларға жиі шығып жүрдім. Телефон нөмірімді бәрі біліп алған. «Жақыным коронавируспен ауырып қалды, не істейміз, көмектесіңізші» деп телефоныма хабарласқандардың бәріне барынша консультация жасадым. Ақыңыз қанша болады деп сұрайды менен. Маған сенің ақшаңның керегі жоқ, жазылып шықсаңдар болды деймін. Әлі күнге дейін Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Семей, Кентаудан хабарласып, алғысын жаудырып жатады», - дейді қайырымды дәрігер.

Сапаргүлден бөлек, медицина саласы бойынша халыққа ұшан-теңіз пайдасы тиген Анна Цепке, Татьяна Цечоева марапатталды.

Сондай-ақ қатысушылардың ішінде төтенше жағдай кезінде тегін психолгиялық кеңес берумен айналысқан астаналықтар да бар. Мәселен, Динара Жақыпбекова мен Айдана Бейсембенова Bek Air әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшырағанда, төтенше жағдайға ұшырағандар мен олардың жақындарына психологиялық көмек көрсеткен.

Айдархан Кемаладинов өрт лаулап жатқан пәтерден жүкті әйел мен төрт баланы құтқарып қалса, Нәдір Омарғазиев кішкентай баланы құдықтан шығарып алған. Ал Сергей және Анна Ляховтар бассейнге батып кеткен баланы алып шығып, алғашқы көмек көрсетіп, өлім аузынан арашалап қалған.

Марапат иелерінің ішінде Эмин Аскеров, Эльмира Сақалова, Ботагөз Игенбаева, Әлия Ержанова, Маржан Абдуллина, Динара Сырғабаева, Раиса Алюшина, Ғабит Сәтмағанбетов, «Мама Про» әлеуметтік тұрғыдан осал әйелдерді қолдау және дамыту қоры, «БлагоДарю» қоғамдық қоры және «Эpro» корпоративтік қоры бар.

Естеріңізге сала кетсек, қазір «Қайырымдылық керуені» IV республикалық байқауына қатысуға өтінім қабылданып жатыр.

Барлық жаңалықтар