00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Қазақстанда неше стадион бар?

24.07.2023 | 16:00
74
Фото: KFF парақшасы

Футболдан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы бірлесе отырып, 2034 жылы әлем чемпионатын өткізуі мүмкін деген ақпарат барлық жерде тарап кетті. Осы орайда көпшілікті елімізде неше стадион бары қызықтыратыны анық. Google-дің көмегіне жүгінсек, Қазақстанда ресми түрде 4 мыңнан астам адам сиятын 23 футбол стадионы тіркелген. Сонда ел чемпионаты тек осы алаңдарда ғана өткен бе? Elorda.info тілшісі сауалдың жауабын іздеп көрді. 

Қазақстан футболына ең басты кедергілердің бірі – инфрақұрылымдардың жетіспеушілігі деп айтып жатады. Дәлел ретінде тәуелсіздіктен бері салынған 2 ғана «Астана Арена» мен 2020 жылы ашылған Түркістан қаласындағы стадионды айтады. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясының map.kff сайтының көмегіне жүгінсек, елімізде 279 стадион, футбол ойнауға болатын 6877 алаң, 86 жасанды төсеніш бар екен.

Сонымен нақты дерек бойынша еліміздің қай өңірінде қанша стадион бар? Доп тебуге арналға орындардың саны жөнінен Қостанай облысы көш бастап тұр. Бұл өңірде 60 стадион бар. Қалған өңірлердегі жасыл алаңдардың саны төмендегіше: 

 СҚО – 36 стадион

Ақмола облысы – 22 стадион

Қарағанды облысы – 17 стадион

ШҚО – 16 стадион

Жетісу облысы – 16 стадион

Алматы қ. – 15 стадион

Алматы облысы – 14 стадион

Жамбыл облысы – 13 стадион

Ақтөбе облысы – 12 стадион

Қызылорда облысы – 10 стадион

Абай облысы – 8 стадион

Атырау облысы – 8 стадион

Маңғыстау облысы – 7 стадион

Павлодар облысы – 6 стадион

Шымкент қ. – 6 стадион

Астана қ. – 5 стадион

Түркістан облысы – 3 стадион

БҚО – 3 стадион

Ұлытау облысы – 2 стадион

Ал жаттығуға мүмкіндік беретін алаңдардың үлесі бойынша ТОП-3 тізімде Бауыржан Исламхан, Бактиер Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет сынды мықты футболшыларды шығарған Жамбыл облысы көш бастап тұр. Бұл тізімге мектептердің стадиондары да кіреді.

Жамбыл облысы – 700, Қарағанды облысы – 597, Алматы облысы – 558. Ал ең азы Түркістан облысында тіркелген (109).

1992 жылдан бері ел чемпионаттары қандай стадиондарда өткен?

Тәуелсіздік алғаннан бері ресми түрде ойналатын стадиондардың ең ескісі 1927 жылы негізі қаланған Орал қаласындағы Петр Атоян алаңы саналады. Алайда ел біріншіліктеріндегі ойындар статистикасына көз жүгіртсек, Петр Атояннан да ескі стадиондарда ойнаған жайттар кездескен. Кей клубтар өз алаңдары дайын болмағандықтан, Нархоз университетінде, спорт интернаттарының стадиондарында ойнауға мәжбүр болыпты. Бұл тізімге 4 мыңнан астам көрермен сиятын стадион енбеді.

Стадиондардың ескілігі жағынан жоғарыда айтқан ОралдағыПетр Атоян алаңынан кейінгі орындарды төмендегі стадиондардар жалғайды.   

  • 1992 жыл. «ЦСКА Алматы». Алматы. ЦСКА стадионы 1921 жылы салынған.
  • 1992 жыл. «Арман» клубы. Кентау қаласы. «Машиностроитель». 1955 жылы салынған.
  • 1992 жыл. «Оқжетпес» клубы. Көкшетау. «Торпедо». 1955 жылы салынған.
  • 1992 жыл. «Ақтау» клубы. «Труд». 1958 жылы салынған. Ал қазіргі «Каспий» клубының ойнайтын «Жас Қанат» стадионы 1995 жылы ашылған.
  • 1992 жыл. «Болат» клубы. Теміртау. «Металлург» стадионы 1978 жылы салынған.
  • 1992 жыл. «Горняк» клубы. Хромтау қаласы. Стадион жайлы ақпарат жоқ.
  • 1992 жыл. «Көкшетау» клубы. Жастар стадионы. 1989 жылы салынған.
  • 1992 жыл. «Монтажник» клубы. Түркістан қаласы. «Локомотив» стадионы 1992 жылы салынған.
  • 1994 жыл. «Ферро Ақтөбе» клубы. «Ферро» стадионы. 1960 жылы салынған.
  • 1994 жыл. «Яссы» клубы. Түркістан қаласы. «Октябрь Жарылқапов» стадионы. Ақпарат жоқ.
  • 1994 жыл. «Елімай» клубы. Семей. «Пищевик» стадионы. 1985 жылдан бері ресми ойын өткізілген.
  • 1997 жыл. «Автомобилист». Шортанды. «Юность» стадионы. 1991 жылы КСРО чемпионатында алғашқы ойыны өткен.
  • 1999 жыл. «Жеңіс». «Тарлан» стадионы. 1961 жылы салынған.
  • 2001 жыл. «Тобыл». Рудный. «Строитель» стадионы. 1989 жылы КСРО чемпионатында алғашқы ойыны өткен.
  • 2002 жыл. «Батыс» Орал. «Ақжайық» стадионы. 1953 жылы салынған.
  • 2007 жыл. «Мегаспорт». Алматы. Тұрар Рысқұлов атындағы Нархоз университетінің стадионы. Университет 1963 жылы ашылған.
  • 2007 жыл. «Ертіс». Ақсу қаласы. «Достық» стадионы. 1913 жылы салынған.
  • 2008 жыл. «Жетісу». Балпық би ауылы. «Батыржан Оңғаров» атындағы стадион. 1942 жылы салынған.
  • 2008 жыл. «Ақтөбе». №2 ОДСЮСШ стадионы. 1952 жылы салынған.
  • 2009 жыл. «Қазақмыс». Сәтбаев қаласы. СОК «Қазақмыс» манежі. 2006 жылдан бері футбол ойындары өткен.
  • 2010 жыл. «Ақтөбе». №8 ОДСЮСШ стадионы. 1999 жылы салынған.
  • 2010 жыл. «Тобыл». Жітіқара қаласы. «Горняк» стадионы. 1915 жылы салынған.
  • 2010 жыл. «Қайрат». «Динамо» стадионы. 1931 жылы салынған. 1937 жылы КСРО чемпионатының ойыны өткен.
  • 2011 жыл. «Тобыл». Тобыл қаласы. «Затоболец» стадионы.
  • 2011 жыл. «Қайсар». «Локомотив» стадионы. 1968 жылы КСРО чемпионатының ойыны өткен.
  • 2011 жыл. «Қайсар». ОДСЮСШ стадионы.
  • 2011 жыл. «Атырау». «Судоремонтник» стадионы. 1885 жылы салынған.
  • 2012 жыл. «Тараз». «Жастар» стадионы. 2005 жылы салынған.
  • 2013 жыл. «Тараз». «Ұлан» стадионы. 1960 жылы салынған.
  • 2016 жыл. «Жетісу». Қосалқы стадион. 1920 жылы салынған.
  • 2017 жыл «Ордабасы». «Намыс» стадионы. 1914 жылы салынған.
  • 2018 жыл. «Ақжайық». Ақсай қаласы. ФОК «Қарашығанақ».
  • 2018 жыл. «Атырау». «Томарлы» спорт комплексі. 2017 жылы салынған.
  • 2019 жыл. «Тобыл». «Тобыл арена» жасанды төсеніші. 2019 жылы салынған.
  • 2020 жыл. «Астана». Алматы қаласы. «Жас Қыран» стадионы. 1972 жылы салынған.
  • 2020 жыл. Пандемия салдарынан «Қайрат» клубы академиясының Тимур Сегізбаев атындағы стадион мен Талғар қаласында ұлттық құраманың дайындалатын стадионда ел чемпионатының ойындары өтті.

Елімізде осынша стадион болса да, әлем чемпионатын өткізу стандартына сай тек 1 стадион бар. Ол – «Астана арена»...

Қанат Байұзақов

 

Барлық жаңалықтар