00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Ерік. Жігер. Жігіттер

31.03.2023 | 20:40
Елорда ақпарат
55

«Тарлан» мұз сарайына жол түсті. Мақсат – парахоккей ойынын тамашалау. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған ерекше жандар мұз айдынына дейін ақсап-тоқсап жетті-ау. Енді қалай болар екен деп тұрғанымызда, шанаға отырып, мұзға енген бойда желдей есіп, сәйгүліктей өзгеріп шыға келді, деп жазады Elorda.info.

Команда бапкері Тимур Бексейітов шәкірттерінің ширақ қимылын бақылап, әрқайсына бөлек-бөлек тапсырма беріп, жаттығудың динамикасын арттыра түсті.

2018 жылы жобаны іске қосып, «Тарлан» мұз сарайын мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырып, қайта жасады. Қазір командада 17 адам бар. Оның біреуі – қыз. Команда мүшелерінің жасы да әркелкі. Ең жасы 18 жаста болса, егдесі – 58-де, – деп бастады сөзін жаттықтырушы.

Ол ысқырық шалып, хоккейшілерге келесі тапсырманы берді. Шанаға қонған хоккейшілер бір-біріне пас беріп, шайбаны тоқтатуды бастады. Бірнеше минуттан кейін екі қолымен кезек-кезек шайбаны алып жүріп, қақпаға дәл соққы бағыттады. Адамда аяқтың өз міндеті – жүру қызметін атқарады. Ал парахоккейде мұзда сырғанау үшін қолдың көмегі керек. Бұдан екі қолға қаншама күш түсетінін оңай аңғаруға болады.

Ерекше жандарды спорт бабына келтіріп, ерік-жігерін шыңдайтын бапкер:

Хоккей – ауыр спорт түрі. Екінің бірі шыдай бермейді. Физикалық дайындықтан бөлек, спортшының шыдамдылығы, шешімталдылығы, батылдығы және ерік-жігері керек. Төрт жылдан бері командаға бірі келіп, екіншісі кетуде. Қазіргі құрам – үшінші буын. Жігіттер бабында. Бірнеше күнде Гонконгке ұшып, парахоккейден Әлем чемпионатына қатысамыз. Онда Англия, Франция, Аустралия, Армения және Гонконгтың хоккейшілерімен шеберлік байқасамыз, – деді. 

Қазақстан атынан бірнеше халықаралық деңгейдегі турнирге қатысып, бақ сынады. 2021 жылы Ресейдің Сочи қаласында «Континентал кубогіне» қатысады. 2022 жылы Омбы қаласында өткен «Сібірдің ашық кубогінде» шеберлігін сынайды.  

Үшінші халықаралық турнир – Ханты-Мансийск қаласында қысқы Паралимпиада ойыны. «Біз біргеміз. Спорт» ұранымен өткен парахоккей тартысында біздің жігіттер жақсы өнер көрсетіп, қола медальды қанжығасына байлады. Сөйтіп, құрылғанына көп болмаса да, елдің намысын байрақты бәсекеде абыроймен қорғап, тұғырдың биігінен көрінді. Енді Әлем чемпионатында жүлде алуға ниетті.

Шүкір, бізде мұз алаңы бар. Демеушілер де қол ұшын беріп келеді. Сочидегі турнирге қатысуымыз «Агенство безопасности «Urpaq-VIP» ЖШС қаржылай қолдау білдірді. Енді Гонконгтегі чемпионатқа «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік білдіріп, 14,5 миллион теңге бөлді. Команда атынан мүмкіндігі шектеулі жандарға шексіз мүмкіндік сыйлап жатқан қамқор азаматтарға алғыс білдіремін. Өмірде түрлі жағдайда қиындыққа тап болған, бірақ ерік-жігерімен тауды көтеруге дайын ерекше жандарға үміт беріп, сенімін серпілтуде, – дейді Тимур Бексейітов.

Бірнеше минут бойы түрлі тапсырманы орындаған хоккейшілер екі командаға бөлініп, жарысқа дайындығын пысықтауға кірісті. Шанаға байланған ерік-жігері мықты жігіттер бір-бірімен итерісіп, шайбаға таласып, ойынды бастап кетті. Кәсіби хоккейшілер орындайтын қозғалысты шанада отырған азаматтар орындап, таңданысымызды арттыра түсті. Жылдамдықпен келе жатып, оңға, кейде солға кілт бұрылып, шайбаны алған бойда командаласын іздеп, пас беруге асығады.

Қазақстан парахоккей командасы құрылғанда келген Бейімбет Мұқатов – 58 жаста. Қақпашы рөлін атқарады. Мұз айдынына келіп, шыныға бастағанына 6 ай болған Сүндет Шорманов – 18 жаста. Ол ойында қорғаушы қызметін атқарады. Команда капитаны Қуат Кәрікбаев парахоккейшілерді жарысқа бастап баратынына 3 жыл болыпты.

Сочи қаласына барғанда команда ретінде қалыптастық. Жарыс көргеннен кейін жігіттердің деңгейі өсіп, тәжірибесі шыңдалды. Қазір кез келген командаға лайықты қарсылық білдіруге қауқарлымыз, – деді ол.

Командада ұйымдастырушы міндетін атқаратын адам бар. Ол – Қайрат Сабиров. Оның міндеті көп. Команданың өкілі ретінде демеушілер іздейді. Командаластарына жағдай жасауға мән береді. Одан бөлек, тренировкаға үлгеріп, жаттығуға қатысуы тиіс.

Біздің форманың бәрі кәсіби хоккейдегідей. Бір ерекшелігі – шанада ойнаймыз, клюшка екеу болады. Ел бойынша жалғыз командамыз. Облыстарда ойнауға қызығатын адамдар көп, тек жағдай жасаса болғаны. Хоккейшілердің шеберлігін шыңдап, мұздағы сенімділігін арттыру мақсатында Словакиямен жолдастық кездесу өткізіп, тәжірибе алмастық. Яғни словакиялық парахоккейшілер Астанаға келді. Мирислав Драб біздің инфрақұрылымды жоғары бағалап, мұнда халықаралық жарыс өткізуге болатынын айтты, – деді ол.

Қазақстанда 700 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар. Бұл – халықтың 7,5 пайызы. Соның 419 мыңы еңбекке жарамды. Яғни спортқа да қабілетті деген сөз.

Қазақстан командасы ретінде турнирлерге қатысамыз. Қазақстан ұлттық құрама командасы ретінде елдің намысын қорғағымыз келеді. Сол кезде арнайы федерацияға қарап, жігіттердің парахоккеймен еркін айналысуына мүмкіндік туар еді. Гонконгтегі чемпионатта орын алып, бар екенімізді дәлелдегіміз келеді. Қаланың шеткі аумақтарында тұрса да, бірі таксимен, бірі қоғамдық көлікпен келіп, тренировкаға белсенді қатысып жүргенінің негізгі себебі осы! – деді Қайрат Сабиров.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Барлық жаңалықтар