00:00
Астана -10oC
USD:
474.83
EUR:
515.38
RUB:
5.5
Іздеу

Астанадағы алғашқы велошеруге 500-ге жуық адам қатысты

19.05.2024 | 13:45
Қанат Байұзақов
252
Астанадағы алғашқы велошеруге 500-ге жуық адам қатысты

Бүгін елорда маңындағы «Жасыл белдеу» саябағында биылғы маусымның алғашқы бұқаралық велошеруі өтті, деп хабарлады Elorda.info

500-ге жуық қатысушы Қосшыға қарай жол бойындағы айналма веложолдан басталған 25 шақырым қашықтықты бағындырып, Үркер елді мекеніне барар жолдағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті.

«Салауатты өмір салтын серік еткен қала тұрғындары! Өздеріңізді елорданың керемет жері — «Жасыл белдеуде» көргеніме қуаныштымын. Бұған дейінгі шарада 300-дей ғана қатысушы жиналса, осы жолы 500-ге жеткеніне куә болып отырмыз. Қала тұрғындарының бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артып келеді.  Осындай спорттық шараларда сіздермен танысып отырмыз, «Жасыл белдеуміздің» керемет әсерін сезіндіңіздер деп ойлаймын», — деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов.

Жарысқа велосипеді бар кез келген жастағы әуесқой спортшы қатысты.

«Мектепте оқыған кезімнен сан түрлі спорт түрімен айналыстым. Енді жасымыз ұлғайған сайын аурухананың табалдырығын тоздырғанша, «Жасыл белдеудің» шаңын шығарғанды жөн деп таптым. Саралай келе, маған ең ұнайтын спорт түрі велоспорт екенін түсіндім. Кейінгі 2 жылда Астанадағы барлық бұқаралық спорттық шаралардан қалмауға тырысамын.

Бүгін өмірімде бірінші рет лотореядан жеңімпаз атанып, велосипед жеңіп алдым» — деді қала тұрғыны Наталья Морозова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара спорттық жарыс болып саналмайды, велошерудің басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау және велоспортпен белсенді айналысуға шақыру.

«Біршама жылдан бері велосипедті серік етіп келемін. Күніне тұрақты 50 шақырым жүремін. Осы спорттың арқасында біршама әуесқой велошабандоздармен танысудың реті келді. 70 жасқа келсем де, денсаулығым мықты әрі көп ауырмаймын» — деді Марат есімді қатысушы.

Бұқаралық велошеру аяқталғаннан кейін, мәреде тіркелген велосипедшілер арасында 10 велосипед және Kipa.kz дүкенінің брендтік сертификаттары ойнатылып, палау мен ыстық шай ұсынылды.

Барлық жаңалықтар