00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Димаштың әкесі әйелін ата-анасымен қалай таныстырғанын айтты

21.08.2023 | 10:30
66
Фото: Instagram/kanat_sveta_aitbayevtar

Белгілі әнші жұп Қанат пен Света Айтбаевтардың отау құрғанына биыл 30 жыл толды. Соған байланысты Димаштың әкесі әлеуметтік желідегі парақшасында әйелін меруерт тойымен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.

Сондай-ақ ол әйелін ата-анасымен қалай таныстырғанын айтып берді. 

Амангелді Сәндібаев ағамыз жетекшілік ететін «Жібек жолы» ансамблінің құрамындағы кезіміз. Екеуміз де студентпіз. Болашақ педагогтармыз. Ағамызға өтініш жасап, менің туған жерім Ембіде тобымызбен концерт беретін болдық. Ойым ата-анама болашақ келіндерін көрсету...Қаламыздағы «Достық» мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ, халық лық толы. Алдыңғы қатарда ата-анам, олардың достары отыр.Концерт басталды. Сол кезде тыңдарманның құлағына сіңісті болған әндеріміз бірінен соң бірі орындалып жатыр.Бағдарламамыздың орта тұсына таман «келесі әнді орындайтын Светлана Төлемісова, қарсы алыңыздар» деп хабарлап, сахна сыртына шығып кеттім. Үлкен баянын көтеріп, Света ортаға шықты. Үстінде талдырмаш, нәзік бойына қона қалған ақ көйлек, бота көздері күлімдей мөлдіреп, толқындана бұйраланып, иығына түскен шашы өзіне ерекше жарасып тұр.Микрофонын ыңғайлап алып, аспабының түймелеріне қол салды, - деп сол сәтті еске түсірді өнер иесі.

Ал анасына ұлының болашақ әйелі бірден ұнаған. 

Баянның сырлы үніне бұлақтың сыңғырындай әнші қыздың үні астасып әсем ән төгіле жөнелді. Шәмшінің "Ақ ерке-ақ жайығы". Алғашқы қайырмасынан-ақ залдағы халық таныс әнді қосыла шырқай жөнелді.Сахнаның жақтау шымылдығынан жүрегім атқақтай соғып, ата-анамның жүздеріне сығалай қарап тұрмын.Екеуі де ерекше мейіріммен күлімдеп отыр екен. Анамның қасында отырған құрбысы сахнадан көз алмай, анамның құлағына сыбырлап  жатыр.Қимыл-қозғалысына қарасам, жағымды нәрсе айтып жатқан сияқты.Концерт аяқталды.Ансамблімізді үйге қонаққа шақырдым...Меймандарды шығарып салған соң ас үйде қасында көмектескен болып, қипақтап жүрген маған қарап анам жымиып «топтарыңдағы әнші қыз әп-әдемі бала екен»- деді. Қасымдағы құрбыларым «Қанатжан дәу де болса осы қызды таныстырайын деп әкелді-ау?» деп жатыр. Солай ма? Анамның жүзіне қарап күлімдей беріппін. Жүрегім лүп-лүп... Арада екі-үш ай өткен соң ата-анам арнайы барып, болашақ құдаларымен танысып, уағдаласып, тойдың күнін белгілеп қайтты, - деді Қанат Айтбаев.

Ал сөз соңында өнер иесі әйелін меруерт тоймен құттықтады. 

Содан бері отыз жыл өтті. Құда-құдағилар өзара ең жақын, сырлас адамдарға айналды. Отбасымызда үш баламыз өмірге келді. Өмірде қол ұстасып, тату-тәтті бірге келе жатырмыз. «Меруерт тойымыз» құтты болсын, Светик! Ата-анамыз айтпақшы, өмірдің қызық, қуанышын тең көрейік! – деп жылы лебізін білдірді әнші.

Барлық жаңалықтар