00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек – Президент

30.06.2023 | 16:02
92
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылары, ІІМ Алқасының мүшелері және орталық аппараттың басшылық құрамы, өңірлік полиция департаменттерінің, аумақтық қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің басшылары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігі мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу аса маңызды міндет саналатынын айтты.

Мемлекет басшысы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.

Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, құқық қорғау органдары әрқашан басты назарда ұстауға тиіс тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру.

Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті. Оның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алды. Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек. Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты. Жуырда ғана электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданды. Енді көліктің жаңа түрлерін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы ел аумағына ретсіз әкелінген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жібергенін айтты.

Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші болды. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент айрықша назар аударған тағы бір өзекті мәселе – ұйымдасқан қылмыспен күрес. Оның айтуынша, ел ішінде болған жайттар, сондай-ақ төңірегіміздегі геосаяси кеңістікте болып жатқан оқиғалар ұйымдасқан қылмыстық топтармен ымырасыз күрес жүргізудің аса маңызды екенін көрсетті.

Ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баруға, астыртын мәміле жасауға, сыбайластыққа жол берілмейді әрі қатаң тыйым салынады. Кезінде Абай «Күшік асырап, ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды, мені атты» деп айтқан. Таяудағы оқиғалар қылмыс әлемінің өкілдері, түптеп келгенде, мемлекет пен заңға бағынатын азаматтарға қарсы бас көтеріп, саяси талап қоюға және өз дегенін жасатуға тырысатынын көрсетті, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы заңға бағыну мен құқық бұзушылықтың аражігін нақты ажырата білу қажет екеніне тоқталды.

Қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек. Сонда ғана еліміз өсіп-өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Қылмыскерлермен күрес ымырасыз жүргізілуге тиіс. Бірде бір құқық бұзушылықты елеусіз қалдыруға болмайды. Мұнда ұсақ-түйек деген жоқ. Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тергеудің тыйым салынған тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алқа мәжілісінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сөз сөйлеп, нашақорлық, адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты қоғамдағы кеселдер мен қылмыстың алдын алу және оларға қарсы күрес шаралары, сондай ақ құқық қорғау органдарында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде арнайы баяндама жасады.

Жиын алдында Президентке полиция қызметінде қолданылатын цифрлық жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Ішкі істер органдарында  кибер қылмыс және есірткі қылмыстарына қарсы күрес, дактилоскопиялық тіркеу, отбасындағы зорлық-зомбылыққа профилактикалық бақылау жүргізу, көліктерді заңдастыру және  жол-көлік апатының материалдарын сақтандыру компанияларына онлайн беру секілді маңызды міндеттердің орындалуын оңтайландыруға бағытталған цифрлық технологиялар енгізіліп  жатқаны баяндалды. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Ұлттық ұлан мен туристік полицияның жаңа формасы таныстырылды.

Все новости