00:00
Астана -10oC
USD:
472.62
EUR:
513.22
RUB:
5.43
Поиск

«Келешек» бағдарламасы: Балаға есепшотты қашан ашу керек?

бала, ақша
фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйекте  Қазақстан халқына Жолдауында бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырған еді. Жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік беретін бағдарлама қашан іске қосылады? «Келешектің» басты артықшылығы қандай? Elorda.info тілшісінің осы және өзге сұрақтарына Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбаева жауап берді.

-«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі қашан іске қосылады?

-«Келешек» бірыңғай ерікті жүйесін енгізу үшін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етіледі. Бүгінгі таңда тиісті өзгерістер дайындалып, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді және түзетулер жобасы  Парламент Мәжілісінің қарауында. Бұдан әрі осы бағдарламаны реттейтін заңға тәуелді актілер қабылданады. Осы процестер толық аяталуы керек. Алдын ала болжам бойынша «Келешек» жүйесі биыл іске қосылады.

-Бағдарламаға кімдер қатыса алады?

-Бағдарлама қазіргі «AQYL» депозитіне ұқсайды. Бірақ басты айырмашылығы баланың есепшотына ата-ана ғана емес, мемлекет те ақша салып отырады. «Келешекке» барлық балалар қатыса алады, ешқандай жас шектеулері жоқ. Салымдар немесе сақтандыру шарттары кез келген жастағы балаға ресімделуі мүмкін. Күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балаларға бюджеттен бір рет есептелетін бастапқы білім беру капиталын қоспағанда, барлық тиісті төлемдер ұсынылатын болады. Бұл бағдарлама ерікті жүйе болғандықтан  шоттарды автоматты түрде ашу жоспарланбайды. Ол ата-аналардың қалауына байланысты. Баласының келещекте жоғары білім алуын қалаған кез-келген ата-ана қазірден бастап ақшаны жоспарлау керек. Сондықтан азаматтар қазірдің өзінде салымдар үшін есеп-шоттар аша алады немесе сақтандыру шарттарын жасай алады. Бүгінгі күні оны екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру компаниялары және Ұлттық пошта операторы арқылы жүзеге асыруға болады.

-«Келешектің» басты артықшылығы қандай?

-Бұл бағдарлама әр бала болашағының кепілі. Жүйе ата-ананың өз баласы алдындағы негізгі басым міндеттерін іске асыруға, атап айтқанда білікті білім беруге немесе болашақта оның тұрғын үй жағдайларын шешуге мүмкіндік береді. Ата-аналардың жинақтарына бастапқы білім беру капиталы, мемлекет сыйлықақысы, сыйақылар немесе инвестициялық табыс есептелетін болады. Жинақтау жеткілікті болған жағдайда, ата-ана білім алу үшін жоғары оқу орнына немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымына қаражат жібере алады. Қаражат жеткіліксіз болған жағдайда жеңілдетілген кредит беру, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша қаражат, ішінара білім беру гранты сияқты мемлекеттік қолдаудың өзге де шараларын алуға мүмкіндік болады. Бұл ретте «Келешек» жүйесіне қатысушылар үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары тарапынан оқу ақысына жеңілдіктер берілетін болады.

-Ата-ана есепшотқа айына қанша қаражат салу керек?

-Бағдарлама бойынша бастапқы білім беру капиталының мөлшері 60 АЕК-ке тең. Бұл капиталды  сақтау үшін ата-аналарға жыл сайын кез келген кезеңділікпен, яғни ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда немесе жылына бір рет 24 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салу қажет болады.  Ең бастысы бір жыл ішінде жыл сайынғы жарна сомасы қамтамасыз етілуі тиіс. Жыл сайынғы жарналардың ең аз сомасы енгізілмеген жағдайда, бастапқы білім беру капиталы қайтарылуға жатады.

-Әлеуметтік осал отбасынан шыққан балаларға қандай жеңілдік қарастырылған?

-Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 120 АЕК мөлшерінде жоғары бастапқы білім беру капиталы есептелетін болады. Бұл ретте салымдар бойынша ең төменгі жарна бойынша талаптар болмайды.  Көпбалалы отбасылардың балаларына жеңілдіктер беріледі. Осы санат бойынша ең төменгі жарна отбасы балаларына ресімделген барлық салымдар мен сақтандыру шарттары бойынша жылына 12 АЕК-ті құрауы тиіс. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан балаларға мемлекеттік сыйлықақылардың 7%-ға тең жоғары мөлшері қолданылады.

-Егер бала грантқа түссе, ақшаны қайда жұмсауға болады?  

-«Келешек» бағдарламасының негізгі мақсаты – азаматтардың жоғары білім алуы. Бұл ретте, «Келешек» қатысушыға білім беру гранты берілген немесе дипломы бар жағдайда, жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында да пайдалануға болады. «Келешек» жүйесі бойынша жинақталған қаражатты шетелдегі оқу орындарында оқу ақысын төлеуге болады. Сонымен қатар қаражатты жинақтауды жалғастыруға, қаражатты ҚР азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның пайдасына білім беру жинақтау салымына аударуға болады. Сондай-ақ білім туралы құжатты ұсынған жағдайда білім беру жинақтау салымынан немесе сақтандыру төлемінен жинақталған қаражатты алуға болады.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Зарина Сәрсенбайқызы

Все новости