00:00
Астана -10oC
USD:
472.62
EUR:
513.22
RUB:
5.43
Поиск

Тойға қанша қаражат жұмсаймыз?

24.08.2023 | 05:30
802
фото: коллаж/Елтай Нурғазин

Бүгінде той өткізу бәсекеге айналды. Бір жағынан, бұл баршылықтың белгісі десек, екінші жағынан, дүркіретіп той жасау көштен қалмаудың әрекеті сияқты көрінеді. Осыған орай Elorda.info  тілшісі әрқашан жиғанын тойға шашатын қазақстандықтардың қуаныш құны қанша тұратынын саралап көрді. 

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, той әбігері  алдымен қалыңдыққа сырға салудан басталады. Кейін құдалықпен жалғасып, қыз ұзату және үлкен тоймен  аяқталады. 

Жақында сырғалым атанған елордалық Айман Бағжанның сөзінше, оның сырға салу рәсімі мен құдалық үйде болған.  Азық түлік, асаба мен үйді безендіруге 400 мың теңге жұмсалған. 

Дәстүр бойынша күйеу жігіт жақ болашақ келінге алтын сырға тағады. Одан бөлек екі жақ келісімі бойынша ата-анасына, аға-жеңгелеріне «киіт» (кейбір жерлерде ілу деп те атайды)  кигізеді. Сонымен қатар, жігіт жақ «Қалың мал», «Ана сүті», «Өлі-тірісі» деп белгілі бір мөлшерде қаражат беріп жатады. Шығын көлемі қыздың отбасына әкелген кәдесыйларға және қомақты қаржыға байланысты. Шамамен болашақ келінге сырға салуға келген күйеу жігіт жақ 1 миллион теңгеге дейін шығындалады. 

Бастапқы рәсім жасалған соң қалыңдық жақ тойханада қыз ұзату өткізеді. Келетін қонақтың саны орташа есеппен 150 адам деп алайық.  Елордадағы қарапайым  тойханада бір адамның орны үшін төленетін баға 10 000 – 15 000 теңге. Есебін шығарсақ, тойхананың өзіне 1,5 млн теңге кетеді. Бұл қаражатқа, шай дастарханы немесе ыстық тамақтың бір түрі кіруі мүмкін. 

Сонымен қатар, той иелері азық түлік, сусын мен ішімдік сатып алады. Қыз ұзатуды жүргізетін асаба мен фото-видеоға түсіретін мамандарды жалдау құны 400 мың теңгенің айналасында. Осылайша қыз ұзатудың  құны 2 миллон теңгеге дейін жетеді. 

Жуырда ұзатылған астаналық Мадина Ескербай тақырыбымызға қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қыз ұзату тойының шығыны қалтаға айтарлықтай салмақ салады.

Менің ұзатылғаныма 2 апта өтті. Қарап тұрсам, қыз ұзатуға ата-анам көп шығындалыпты. Қазір елордада 1 миллион теңгеге ұзату жасау қиын. Бізде ағайын-туыс, жора-жолдас көп қой. «Шақырмасақ реніш болады» деп барлығын той қызықтауға шақырамыз. Менің қыз ұзатуыма 2 миллион теңгеден астам ақша кетті. Кейде ұзатылатын қыз көйлегін өзі жалға алады немесе сатып алады. Мен дәл солай істедім. Өйткені, қазір көйлекті жалға алу 100-200 мыңнан асады,- дейді Мадина Ескербай.

Қыз ұзатудан кейін күйеу жігіт жақ үлкен тойға дайындалады. Екі жақ келісімі бойынша құдалықты тойдың алдында немесе тойдан кейін өткізеді. Бұл жолы қалыңдық жақ күйеу жігіттің отбасына «киіт» әкеледі. Оның ішінде алтын сырға, жүзік немесе қымбат сағат да болуы мүмкін. Жігіттің аға- жеңгелері мен бауырларын да құр қол қалдырмайды. Осы ретте қалыңдық жақ аса қатты шығындалмайды. Шамамен 500 мың теңге жұмсалады. Бұл болжамымызға жақында қызын ұзатқан Алтыншаш Жұмашеваның пікірі арқау болды. Оның сөзінше, қыздың отбасы күйеу жігіт жаққа құдалыққа келгенде аса қатты қаражат жұмсамайды.

Бізде салт-дәстүр көп қой. Балам үйленеді немесе қызымды ұзатамын деп әуелден ақша жинаймыз. Тойдың қызығы – екі жақта өтетін құдалық деп ойлаймын. Күйеу жігіт жақ құдалыққа келгенде біраз ақша жұмсайды. Бағалы сыйлықтан бөлек, «Қалың мал», «Ана сүтін» әкеледі. Ал қыздың ата-анасы құдалыққа барғанда бағалы сыйлықтарын алып барады. Мен шамамен 500 мың теңге жұмсадым, - дейді елорда тұрғыны Алтыншаш Жұмашева.

Құдалар арасындағы құдалық дәстүрі біткен соң, үлкен той басталады. Онда күйеу жігіттің барлық туыстары мен жолдас-жоралары шақырылады. Одан бөлек, қалыңдықтың отбасы мен ағайын-бауырлары келеді. Шамамен тойға 300 адам шақырылады. Астанада үлкен тойханаларда бір орын орта есеппен қанша тұратынын жоғарыда жаздық. Айта кетерлігі көп жағдайда, фото-видео түсірілім де мейрамхана есебінен жүреді. Одан бөлек жоғарыда айтқан қалыңдықтың той көйлегі бар. Оған 200-300 мың теңге арасында қаржы жұмсалады. Күйеу жігіттің той киімі мен жастар серуендеуге шығатын лимузиннің де құны да арзан емес екенін ескеріңіз  Шамамен 200 мың теңге кетеді. Тойды есе қалатындай етіп өткізетін асабаның да алатын ақшасы жоғары. Шамамен 300 мыңнан асады. Барлық ұсақ-түйекті есептегенде Астанада дүркіретіп той жасау үшін 5 миллион теңге қажет. 

Жақында үйленген Ардақ Тұрардың сөзінше, той жасау үшін алдын ала ақша жинау қажет. 

Қазір бәрі қымбат. Той жасау тіпті қымбатқа түседі. Дегенмен үйленетімді жоспарлап жүргендіктен өзім ақша жинадым. Сүйтіп ата-анама тойымды жасауға көмектестім. Тойхана мен жылқы етіне көп ақша кетеді ғой. Менің ойымша, үйленетін жігіт пен оның отбасы барлық шығынға дайын болу керек,- дейді ол.

Хош, сонымен тойын қаншалықты ерекше өткізу әркімнің өз шешімі. Барлығын қалтадағы қаражат шешеді. Жалпы, осы есеп-қисаптың аясындағы әңгімені той жасар сәтте ұмытып кететініміз өкінішті

Біз бүгін тек үйлену мен қыз ұзату тойына ғана кеттін шығындарға шолу жасадық. Бізде одан басқа, Шәлдеханадан бастап, Тұсаукесер, Сүндет той, Тілашар т.б секілді тойдың сан түрі бар екенін білеміз. Бұлардың да шығыны шамалаған адамға аз емес.

Бірі тойды қарызданып жасаса, бірі бар жиғанын тойға жұмсап, ертеңіне астындағы атынан айрылған адамның күйін кешіп қалатыны тағы бар. Ең қызығы қазақ той жасарда қарыздың ертең сұрауы бар екенін де естен шығарып алып жатады. 

Статистика бойынша елдегі ажырасу себептерінің бір бөлігі жас отбасылардың қарыздық қиындығына байланысты болып жатады екен. Түйін сөз ретінде айтарымыз, қай кезде де көрпеге қарай көсілу керек деген ұстанымға икемделу керек сияқтымыз.

Все новости