00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Кәсіподақтар федерациясы кеншілердің зейнеткерлік жасын төмендетуді ұсынды

14.11.2023 | 09:30
160
Фото: ашық дереккөз

Кәсіподақтар федерациясы ҚР Парламенті Мәжілісіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына ұсыныстар енгізді, деп хабарлады Elorda.info.

Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы хабарлағандай, федерация жерасты жұмыстарында жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексіне және ҚР Еңбек кодексіне түзетулер енгізуді ұсынды. Тиісті ұсыныстар тізбегін ҚР Кәсіподақтар федерациясы осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің атына жолдады.

Ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жерасты жұмыстарымен (кеншілер) айналысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының зейнеткерлік жасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ер адамдар үшін – 50 жасқа, әйелдер үшін - 45 жасқа дейін төмендету ұсынылды, - делінген хабарламада.

Мұндай тәсілдің пайдасына Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің тәжірибесі куәландырады. Мысалы, Ресейде кеншілер (бірінші тізім бойынша) - ер адамдар 50 жаста, ал әйелдер 45 жаста зейнетке шыға алады.

Осыған ұқсас тәсіл (Ресейдегідей) Моңғол Халық Республикасында орнатылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жерасты жұмыстарында 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді, оның ішінде 1 500 адам 50 жасқа толған. Заң шеңберінде метрополитенді пайдалану жөніндегі жұмыстарды қоспағанда, пайдалы қазбаларды жерасты тәсілімен өндіру жөніндегі жұмыстарды, жерасты құрылыстарын салу, пайдалану жөніндегі жұмыстарды және көрсетілген құрылыстарда (құрылысы ашық тәсілмен жүзеге асырылатын жерасты құрылыстарынан басқа) авариялық-құтқару жұмыстарын айқындайтын «жерасты жұмыстары» деген жаңа ұғымды енгізу ұсынылады, - деп атап өтті федерация өкілдері.

Сондай-ақ арнайы кәсіптік мемлекеттік төлемнің мөлшерін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2.0-ден 10-ға дейін ұлғайту ұсынылды.

ҚР Еңбек кодексіне Кәсіподақтар федерациясы ұсынған өзекті түзетулердің ішінде қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы туралы 69-баптың 2-1-тармағын атап өткен жөн.

Осылайша, көмір кеніштерінде жерасты жұмыстарымен айналысатын жұмысшылар үшін бес күндік жұмыс аптасы бар ауысым бойынша қысқартылған жұмыс уақытын белгілеу ұсынылады:

жұмысшылар үшін – 6 сағат (аптасына 30 сағат);

тау-кен шеберлері үшін – 7 сағат (аптасына 35 сағат).

Бұл қажеттілік 36 сағаттық жұмыс уақытын пайдаланбай-ақ, көмір өндіру технологиясының ерекшелігі мен нақты жағдайларына мән берумен байланысты.

Айта кетейік, Кәсіподақтар федерациясының еңбекшілердің құқықтарын заңнамалық деңгейде қорғау жұмыстары жалғасып жатыр.

Все новости