00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Facebook-ті ақпарат алаңы ретінде пайдалана білуіміз керек – сарапшы

06.02.2024 | 04:05
147
коллаж: Елтай Нұрғазин

Медиа-тренер Салтанат Әскербекқызы әр әлеуметтік желінің, TikTok,  Instagram, YouTube, Facebook болсын, қоғамда алатын орны бар екенін айтады. Дегенмен, сарапшының айтуынша, Facebook-тың орны бір төбе.  

Өйткені  Facebook - ойын-сауық емес, анағұрлым сапалы алаң. Бұл - ойлайтын, белгілі бір тақырыпты талқылайтын жер. Сондай-ақ, адамдардың интеллектуалдық, кәсіби тұрғыда белгілі бір қоғамдастықтар құрып, әр түрлі мәселелерін шешіп, көп тақырыпты ортаға салатын орта. Сол себепті оның форматы да, аудиториясы да өзінше бір бөлек. Ол жерде жастар емес, белгілі бір эксперттер, кәсіби орта отырады. LinkedIn,  Х сияқты тек қана эксперттер,әлемдік алпауыттардың басшылары тіркелетін арна болмағанмен, өзіндік орны бар сапалы желі, - дейді С. Әскербекқызы. 

Ал оның пайымдауынша, Facebook жеке арна болғандықтан, қоғамға бір нәрсе беруге міндетті емес. Керісінше әр адам, жеке мекеме, мейлі тіпті мемлекет болсын, оны ақпарат алаңы ретінде пайдалана білуі керек. Ал өзге әлеуметтік желілерге қарағанда зияны жоқтың қасы екенін айтады. 

-Ол жерде отырған аудиторияны зерттеп, елді мазалаған сұрақтарға қарап, белгілі бір мәселелерді білуге, шешуге болады. Сонымен қатар, коммерциялық тұрғыда сату алаңы ретінде немесе белгілі бір интеллектуалдық идеяны білуге не өзімізге ұсынуға болады.  

Ал зияны бар деп айта алмаймын. Әрине, TikTok-тың зияны болуы мүмкін. Себебі бұл - зорлық-зомбылық, қатыгездік, қалай болса солай қалжыңдау, мазақ ету сияқты не болса соны шығара беретін алаң. Бұл, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің психологиясына кері әсерін тигізуде. Instagram да сондай дүние, дегенмен ол анағұрлым сапалы. Өйткені Instagram, WhatsApp желілері де  Цукербергтікі болғандықтан, ол жерде әлеуметтік желінің жауапкершілігі сезіледі, этика болсын, адам құқығы болсын, жазбалардың мазмұны іріктеледі, сұрыпталады, - деді медиа тренер. 

Саяси коммуникация мен PR маманы Айгүл Ешмағамбетова да Facebook жаңа әлеуметтік медиа ретінде тек Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің әлеуметтік өміріне, кейбіреулердің тіпті саяси өміріне өзгерістер әкелгенін айтты.

Нақты Қазақстанға келер болсақ, әлеуметтік желі Араб елдеріндегідей революцияға немесе төңкерістерге себепші болған жоқ. Дегенмен бізде ресми бұқаралық ақпарат құралдарында цензура жоғары болғандықтан, ел ресми БАҚ-та айта алмаған, көрсете алмаған ащы шындықтарды, жаңалықтарды немесе өздерінің арыз-шағымдарын Facebook сияқты әлеуметтік парақшаларында көрсете бастады. Қазіргі кезде ол үрдіске айналды. Көбінесе біреулер озбырлық, әділетсіздік көрсе, шағым айтқысы келсе, осы әлеуметтік желіге жүгінетін болды. Бір жақсысы, соңғы 3-4 жылда биліктегі шенділер мұндағы жағымсыз ақпараттар мен арыз-шағымдарға мән беретін болды. Өйткені шенеуніктерге халықпен әлеуметтік желіде қарым-қатынас құру туралы жоғарыдан тапсырма берілді. Бірақ мұның арты Facebook-ті үлкен саяси алаңға айналдыруда. Ал мұның қоғам үшін кері әсері бар, - дейді А.Ешмағамбетова.

Сарапшы, сондай-ақ, ұялы телефон, банк жүктемелері сияқты әлеуметтік желі де адамдардың жеке мәліметтерін жинайтынын жоққа шығармады. Ал бұл үлкен ақпараттық массивке айналуда. Бірақ бұл ақпараттардың болашақта қалай қолданылатыны белгісіз. Әзірше, оның айтуынша, желі құрушылары жеке мәліметтерді адамдарға жақсы қызмет көрсету мақсатында жинайтындарын айтып құтылып отыр. 

Иә, сарапшыларымыз әлеуметтік желілердің ішінде Facebook-тің қоғам өміріндегі рөлін жоғары бағалады. Олардың айтуынша, аталған желінің зиянынан гөрі пайдасы көбірек. Тек, тым саяси алаңға айналып, кейбір елдердегідей төңкерістерге себепші болмауына ғана алаңдайды. 

Все новости