00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

29 мыңға жуық қазақстандық курсты онлайн оқыды – министрлік

31.03.2023 | 23:41
Елорда ақпарат
72

Жыл басынан бері 28,9 мың азамат, оның ішінде 1,4 мыңға жуығы жұмыссыз, skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасында курстардан өткені туралы сертификаттар алды. Платформада жалпы 220,9 мың қазақстандық тіркелді, оның 28,5 мыңы 2023 жылы тіркелген, деп хабарлады Elorda.info Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Оқудан өткен 6,2 мың жұмыссыз азаматтың 1,1 мыңы – негізінен, Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жастары.

Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 211 курс жариялады, оның 155-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Ең танымал курстар – «Сүтті мал шаруашылығы», «Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы модулінің мақсаты, міндеті және мазмұны», «А-дан Я-ға дейін құлпынай өсіру», «Сүтті ірі қара өсіру», «Персоналды басқару» және «Кассир».

Платформада ақпараттық технологиялар, экология және еңбекті қорғау, туризм, бизнес, энергетика, маркетинг және менеджмент, білім беру және тәрбие салаларында түрлі кәсіптер бойынша кәсіби дағдыларды дамыту үшін тегін курстар саны үнемі артып келеді.

Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға тікелей skills.enbek.kz сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.

Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.

2022 жылғы наурыздан бастап платформада қолданыстағы функционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылған.

Атап айтқанда, курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы жасалды, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу мүмкіндігі пайда болды.

Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы қолжетімді, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.

Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Ұсынылатын онлайн курстардың ұзақтығы 6-дан 144 сағатқа дейін. Платформаның ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігі бар.

Все новости