00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

Қаңтар оқиғасында бүлікшілер «Qazaqstan» ғимаратын қиратпақ болды

31.03.2023 | 21:27
Елорда ақпарат
99

Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарға әдейі зақым келтіріп отырған. Президент резиденциясы мен қала әкімдігін түгел өртеп жіберді, еліміздегі ең ірі бұқаралық ақпарат құралдары орналасқан кешендер мен офистер айтарлықтай бүлінді, деп хабарлады Elorda.info ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Бүлікшілер тобы орталықтағы телеарналар орналасқан ғимараттарға басып кіріп, техникаларды бүлдіріп, өртеп кеткен. Соның бірі – ширек ғасырдан аса тарихы бар «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының ғимараты.

Бұзақы топ өрт қойып, телеарнаның бірнеше студиясы мен қызметкерлер отыратын бөлмелерінің 80 пайызы жанып кеткен.

Ғимаратқа басып кіргендер камераларды ұрлап, өзге техникаларды талқандап, жарамсыз еткен. Өткен жылдың қараша айында ғимараттың кіреберісіне қойылған қазақ телевизиясы қайраткерлерінің ескерткіш-мүсіндері де түгелдей қираған.

Оқиғаны көзімен көргеннің бірі «Qazaqstan» ұлттық арнасының операторы Самат Құрбиев болды.

Машинамды қойып, басты кіреберістен кірсем бәрін қиратып кеткен екен. Ішінде 10-15 шақты жас бала жүр. “Не істеп жүрсіңдер?” десек, “Дыбыс ұлғайтқыш (колонка) іздеп жүрміз” дейді, біз “Ондай нәрсе жоқ” дедік. Бұндай көтеріліске шығып, елді тонау деген басқа кіретін нәрсе емес. Бұны жабайылық деп санаймын, - дейді ол.

Шабуыл кезінде ғимаратта болған куәгерлердің айтуынша, ғимаратқа кіргендер қиратуды музейден бастаған. Іздегенін таба алмаған соң, ашуға булыққан болса керек. Содан кейін жолда кездескеннің бәрін қиратуға кіріскен.

«Qazaqstan» ұлттық арнасының қызметкері Айдын Бекбосынов осы ғимаратта 2008 жылдан бері қызмет істеген. Ол оқиғаға бір жылға жуық уақыт өтсе де, қазақстандық телевидение тарихының куәгері болған кеңсе жоқ дегенге әлі сене алмайтынын айтады.

Сол кез жүрекке жаман тиді. Сенер, сенбесіңді білмейсің. Өңім бе, түсім емес пе деп жүрдік. Бәрі жанға қатты батты. Осы ғимаратта жұмыс істегеніне 14 жыл болған еді, - дейді ол.

Еске сала кетейік, қазіргі күні бүліктен қираған «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ғимаратының орнына заманауи жаңа медиаорталықтың құрылысы басталды. Жаңа медиаорталық 2023 жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Все новости