00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Елордадан Қостанай облысына алты жүк көлігі жөнелтілді

31.03.2023 | 16:44
Елорда ақпарат
101

Бүгін сағат 21.00-де елордадан Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін гуманитарлық жүктері бар 6 жүк көлігі аттанды, деп хабарлады Elorda.info.

Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров өрттен зардап шеккендерге қажетті заттардың қалай жиналғаны туралы айтып берді.

Қала кәсіпкерлері Қостанай облысындағы төтенше жағдайға бей-жай қарамады және өрттен зардап шеккендерге көмек жинауды ұйымдастырды. Бүгін күні бойы қажетті заттар мен өнімдерді жинаумен айналыстық. Мұнда 2 тонна көкөніс, 3 тонна су, 3 тонна ұн, күріш, май және басқа да заттар тиелді. Таңертеңнен бастап көмектерін көрсетіп жатқан қаланың барлық кәсіпкерлеріне үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді Қ.Сапаров.

Ал Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров гуманитарлық көмекті өзі бастап Қостанай облысына апаратынын айтты.

Бұл іс-шараны қала басшылығының, “Жастар рухы” жастар қанатымен және елорда еріктілерімен бірлесіп бастадық. Кешеден бастап әлеуметтік желілерде қалалық штаб, арнайы қор бар екенін және гуманитарлық көмек көрсету мәселелері бойынша жүгінуге болатын телефон нөмірлерін таратуды бастадық. Қала тұрғындары ең қажетті заттарды алып келді: гигиеналық құралдар, сабын, сусабындар, майлықтар, өнімдерден ұн, жарма, қант, сусын т.б. Қазір біз Қостанай облысына жолға шығамыз. Бұйырса, таңертең өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға қажет нәрсенің бәрін жеткіземіз деп ойлаймын. Тауарлар мен заттарды жинау жалғаса береді. Елорданың барлық тұрғындары бір үлкен мақсат үшін жиналды. Дәл осындай сәттерде біз біртұтас екенімізді көрсетуіміз керек, – деді Қ.Қамбаров.

Айта кетейік, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелерінен құралған волонтерлердің алғашқы топтары зардап шеккендерге көмек көрсету және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін Қостанай облысына аттанды.

Все новости