00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Шақалақтарға киім тоқиды, қарттарға қолғабыс жасайды, үйсіз жануарларды құтқарады: қазақстандық волонтердің әлеуметтік портреті қандай?

24.02.2023 | 17:20
Елорда ақпарат
64

Бірыңғай волонтерлер платформасының дерегі бойынша, бүгінге дейін қазақстандық волонтерлер 1 мыңнан астам жобаны іске асырып үлгерген, оның ішінде 542 әлеуметтік, 100 экологиялық, 87 мәдени, 64 медициналық, 63 спорттық, 45 оқиғалық жоба бар.

Волонтерлік жобалардың басым көпшілігі елордада іске асырылған. Волонтерлік белсенділік бойынша көшбасшылар үштігіне одан бөлек Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы кіреді.

«TALAP» ҚЗО ҚҚ ұсынған статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы волонтерлердің 65 пайызы – 25 пен 54 жас аралығындағы азаматтар. Олардың 87 пайызында кәсіби немесе жоғары білім бар. Жартысынан астамы (55,9%) қалалық жерде тұрады, 84,1 пайызы – жалдамалы жұмысшылар. Жыныстық ерекшелігі бойынша, ерлер (50,3%) мен әйелдер (49,7%) үлесі өзара тең. Волонтерлердің жартысына жуығы аумақты абаттандыру мен тазалау жұмыстарына тартылса, одан кейінгі танымал қызметтер қатарында әлеуметтік жұмыс, қайырымдылыққа қаражат жинау, тегін медициналық және заңдық көмек бар.

Еліміздегі барша волонтердің басын қосқан qazvolunteer.kz платформасында 14,4 мыңнан астам студент тіркелген. Тіркелген студенттер саны бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1,2 мың студент) алда тұр. Одан кейінгі орындарда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Астана медицина университеті жайғасқан.

Айжан Қонақбаева – елордалық волонтер студенттің бірі. Ол 2018 жылдан бері «Қайырымды жандар» тобына мүше.

«Біздің волонтерлік топ қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз, Ақтау сияқты қалалардан бастап кішігірім өңірлерде де жұмыс жасап келеді. Мақсатымыз – көңілі жүдеу жандардың басын қосып, кез келген қиындықтың уақытша екенін түсіндіру, рухани дем беру. Бірінші кезекте ата-әжелерге, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, сосын ата-анасынан айырылған балаларға осындай қамқорлық көрсетеміз. Әртүрлі мерекелік кештер өткіземіз. Елордаға көшпей тұрып, Ақтөбеде тұрғанмын. Сол жерде де осы топтың мүшесі ретінде «100 ата-әже ке­ші», «Нағыз батырлар ке­ші», «Ертегі әлемі кеші», «Анаға тағзым» атты мерекелік кештер өткіздік. Топтың мүшесі бола отырып, жүрек жылытар қайырымды істерге куә болып жатырмын, сондай істің ортасында жүріп, адамдарға тырнақтай болса да көмектесе алғанда, өзіңді нағыз бақытты жан сезінесің», – дейді ол.

Еліміздегі еріктілердің едәуір үлесі жастарға тиесілі болғандықтан, оларды ынталандыру жұмысы да соңғы жылдары қолға алынуда. Елімізде студенттік волонтерлікті ынталандыру үшін әлеуметтік студенттік ваучер бере отырып, әлеуметтік институттар мен мекемелерде қоғамдық пайдалы жұмысты орындауға ынталандыратын механизм құрылды. Атап айтсақ, волонтерлік қызметпен белсенді араласатын күндізгі оқу формасындағы ЖОО студенттері үшін 20 сағаттық волонтерлік қызметі үшін 20 000 теңгеге кредит, 50 сағаттық қызметі үшін 50 000 теңгеге кредит ұсынылады. Студент бұл соманы өзінің шәкіртақысына үстеме ақы ретінде ала алады немесе ақылы негізде оқып жатса, оқу ақысын төлеуге пайдалана алады.

Все новости