00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Ирина Советжанқызы: Жер сілкінісі кезінде ақпаратқа зәрулік байқалды

23.01.2024 | 09:20
69
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кешегі Алматыда болған жер дүмпуі жергілікті тұрғындарды жеті түнде жылы үйлерін тастап, бірнеше сағаттар суықта жүруіне мәжбүр етті. Ал осындай үрей жеңіп, қорқыныш билеген тұста көпшілікке қандай көмек қажет болды? Белгілі журналист, алматылық Ирина Советжанқызы Elorda.info тілшісіне  оқиға туралы өз ойымен бөлісті. 

-Ирина Советжанқызы, кешегі жел сілкінісі туралы қалай білдіңіздер? Сол сәттегі көпшілік қандай күйде болды? Қандай әрекет жасады?

Бірден өзіміз сездік. Ағаштың сытырлағанындай дауыс шықты, үй қатты тербелді, аспалы шамдар шылдырлап кетті. Бірден жиналдық. Бірақ осы жолы өзімнің сабырсыз, қорқақ екенімді білдім. Сасқалақтап лифт шақырып тұрғанда балам «жүр» деп айтпағанда тұра берер ма едім? Адам үрейлі күйде не істеп, не қойғанын түсінбейді екен. Жеңіл киіммен шығып кетіппін, балаларым тез жылы киініп үлгерді. Баспалдақта ел у-шу, айғайлап жылап жатыр. Баласын жалаңаш күйде қойнына салып шыққандар да болды. Менің алдымда сондай бір әйел жүгіріп бара жатты, бірақ оған көмектесу менің ойымда да болған жоқ. Қызым өзінің шарфын шешіп, баланы орап жатқанда көмектесу керек екенін сонда ғана ұқтым. Бұндай сәтте ең бірінші үрейге берілмеу керек екен. Соны өз басымнан өткеріп, түсіндім.

- Ал ақпараттар уақытылы жетті ме? Не істеу қажеттігі туралы нұсқаулықтар болды ма? Халықтың уақытша паналайтын қандай да бір қабылдау пункттері ұйымдастырылды ма? 

Қайда, қалай баратыным белгісіз, бәріміз айғайлап, «біссімілләмізді» аузымыздан тастамай жүгірдік. Тұрғын үй кешенінде тұрамыз, далаға шыққан соң күзетшіден қайда бару керек екенін сұрадым. Ешкім ештеңе білмейді. «Mega» орталығының қасында тұратын тұрғындар боп сол жақтағы ашық алаңқайға қарай жүрдік.  Жер сілкінісі кезінде ақпаратқа зәрулік байқалды Мен бірден Алматының төтенше жағдайлар департаментінің әлеуметтік парақшаларын қарадым, шамамен 40 минутқа дейін ешқандай ресми ақпарат болған жоқ. Одан кейін ғана хабарламалар шыға бастады. Осы кезде жұрт сабырға келе бастады.  Қабылдау пункттері қайда екенін іздестіре бастадым. Қала әкімінің, журналистердің чаттарында қабылдау пункттері туралы ақпараттар берілді. Десе де халық 1,5 сағаттай далада жүріп қалды. Біз үшін де оның қажеті болмады, өйткені жер үйде тұратын анамызға барамыз деп шештік. Такси шақырып едік, күндегі бағадан 2-3 есе қымбат баға сұрады, яғни жүргізушілер жол пұлына 7-8 мың теңге сұрап тұрды. Алайда ол да келмеді, бізді діттеген жерімізге көліктерімен туыстарымыз алып кетті. Соның өзінде де жолда кептеліс болып, әшейінде жарты сағатта жетіп баратын жерге бір сағаттан аса уақытта бардық. 

Нұсқаулықтарға келер болсақ, бұрын мектепте үйреткен бір нәрсенің астына кірмеу, жүгіріп кетпеу деген мәселенің бәрі жайына қалды. Ал үйдің дәліздерінде бұған дейін мұндай нұсқаулықтарды көрмеппін. Бірақ балалар QR-код-та сондай мәліметтер болғанын айтты. Оның өзі де жақында пайда болған. 

Сондай-ақ Алматыда «далаға шығыңыздар» деген тәрізді хабарландырулар дыбыс күшейткіші арқылы айтылмады, сиреналар ойналмады. 

-Сіздің ойыңызша, халық мұндай төтенше жағдайларға қаншалықты дайын? Мұндай кезде, ең алдымен, нені ескеру қажет деп ойлайсыз?

Халықтың бірі мен ғой. Дайын емес екенбіз. Көпқабатты үй дірілдеп тұрған кезде бүкіл өміріміз көз алдымыздан өтті. Ондай кезде адам қашуды ғана, жүгіруді ғана ойлайды екен. Мұндайда психологиялық дайындық қажет. Алдымен, үрейді жеңіп, сабырға келудің маңыздылығын көрдім. Яғни, халықты сабырға шақырып, не істеу керектігін бағыттап тұратын адамға зәрулік байқалды. Әрі жоғарыға кетіп жатқан «Жедел жәрдем» көліктерінің көбеюі, «екінші дүмпу болады деген» ресми емес ақпараттар көпшілікті одан сайын үрейлендірді. Мәселен, тұрғындар қаладан тысқары қашу үшін ең қауіпті деген жанар-жағармай бекеттеріне лап қойып, сол жерде халықтың шоғырлануын тудырды. Осындай сәтте ТЖД өкілдері орысша ақпараттар ғана таратты. Оларда тіпті қазақша шрифт болмай шықты. Ал адамдар қазақша ақпарат сұрап жатты. Міне, бұл да – төтенше жағдайға дайын еместігімізді көрсетті. Дер шағында  қазақша және нақты ресми ақпараттың маңыздылығы байқалды. 

Барлық жаңалықтар