00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

2023 жылы мәдениет саласында болған 10 айтулы оқиға

27.12.2023 | 04:00
61
Коллаж/Елтай Нұрғазин

Биыл еліміздің мәденет саласы әртүрлі сипаттағы және ауқымды оқиғаларға толы болды. Elorda.info республиканың мәдени өміріне ерекше әсер еткен оқиғаларды жыл соңында тағы бір рет еске салды.    

Астананың 25 жылдық мерейтойы тойланды                                                 

Еліміздің бас қаласының мерейтойы құрметіне елордада 100 астам түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін фестивальдер, көрмелер, концерттер әзірленді. Олардың басым бөлігі келушілерге тегін болды. Сонымен қатар елорданың 25 жылдығына орай бірқатар әлеуметтік нысан ашылды. Соның ішінде оқушылар сарайы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аулалар, қоғамдық орындар және жүздеген үлескерлерге пәтер кілттері табысталды.

Құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қайта қосылды

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қайта қосылды. Осы жылы жазушы Төлен Әбдікұлы, Смағүл Елубаев, Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов және Любов Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атағын иеленді. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Дінмұхамед Ахимовқа, Михаил Токарев пен Дулыға Ақмолдаға, опера әншілері Шахмардан Әбілов пен Талғат Күзенбаевқа, атақты әншілер Рамазан Стамғазиевке, Димаш Құдайбергенге және күйші Айгүл Үлкенбаеваға берілді. Сонымен қатар белгілі ғалымдарға, мәдениет және білім қайраткерлеріне, өндірістік сала өкілдеріне «Парасат» ордені берілді.

Биыл елімізде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы атап өтілді 

Әйгілі тұлғаның мерйтойына орай еліміздің барлық аймағында 300-ге жуық іс-шара өткізілді. Атап айтқанда, ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, спек такльдер және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, ақпан айында Астанада Сұлтан Бейбарыс есімі берілген  көше ашылды, ал Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-де халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мамыр айының ортасында Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры елордалықтарға  «Бейбарыс» қойылымын ұсынды, ал Каирде ұлы қолбасшының құрметіне қазақ мәдениеті күндері өтіп, Бейбарыс мешіті ашылды.

Ninety One тобы ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшілері атанды

Q-pop жанрында ән салатын Ninety One тобы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы ізгі ниет елшілері атанды. 16 мамырда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен топ мүшелеріне осындай сертификат тапсырды. Топ мүшелері қормен бірге балалар құқығын қорғауға күш салмақ.

Әзірбайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2-5 желтоқсанда Бакуде Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және қарым-қатынастарды дамыту мақсатында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары барысында өзара Мәдениет күндерін өткізу туралы келісім жасалды.

«Астана Опера» алғаш рет Дубайда өнер көрсетті

«Астана Опера» труппасының 13-17 желтоқсан аралығындағы гастролі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Дубай Опера» сахнасында өтті. Дубайлық көрермендердің назарына хореограф Ю.Григоровичтің қойылымындағы П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін ұсынды. Аталған күндері Маридің партиясын балет сахнасының шеберлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева және солист Шұғыла Әдепхан таныстырды, ал Щелкунчик-Ханзаданың партиясын театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан мен Еркін Рахматуллаев орындады. Ал симфониялық оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин мен италиялық маэстро Джузеппе Акуавива жетекшілік етті.

Елордадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театр 5 жылдық мерейтойын атап өтті

2 қараша күні елордадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры өзінің  V жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шара өткізді. Бұл күнде өнер ұжымының репертуарында 22 қойылым бар. Бүгінгі таңда театр ұжымы Сәкен Жүнісовтың аталмыш романының желісімен дайындалған  «Ақан сері»  спектаклінің премьерасына дайындық үстінде. 5 жыл бұрын 20 әртіспен басталған өнер ұжымында бұл күнде 40-тан  аса өнер иесі қызмет етеді. 

Еліміз Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болды

Құрамына 21 мемлекет кіретін Дүниежүзілік мұралар комитеті ─ ЮНЕСКО-ның аса маңызды әрі беделді басқарушы органы. Бұл Комитеттің нысандарды Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге және алып тастауға айрықша құқығы бар. Қазақстанның кандидатурасын 118 мемлекет қолдады. Еліміздің Дүниежүзілік мұралар комитетіне мүше болып сайлануы бірегей мәдени және табиғи мұраларамызды сақтауға қатысты белсенді жұмысымызды халықаралық қауымдастықтың мойындайтынын көрсетеді.

Димаш Құдайберген Сербияда беделді «Ағайынды Карич қоры» сыйлығын алды

«Ағайынды Карич қоры» сыйлығына бұрын әлемге әйгілі ғылым, журналистика, экономика, мәдениет және өнер қайраткерлері ие болған. Әр жылдары физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ж. Алферов, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты П. Хандке, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев, кинорежиссер Э. Кустурица, теннисші Н. Джокович, актер С. Сигал, ТҮРКСОЙДЫҢ бұрынғы Бас хатшысы Д. Касеинов марапатқа ие болған. Биылғы жылы сыйлыққа ұсынылған ерекше тұлғалар арасында Қазақстанның дарынды әртісі Димаш Құдайберген де марапатқа ие болды.

Қордың Директорлар кеңесінің пікірінше, Димаштың айрықша вокалдық деректері, оның классикалық және заманауи стильде орындаудың әртүрлі нысандарын біріктірудің керемет қабілеті, көп жылдық жұмыс пен оқудың нәтижесі ретінде кез келген нотаны орындаудың бірегей мүмкіндіктері әртісті Қазақстан мәдениетінің жарқын өкілі, өз ісінің табысты маманы ретінде атап өтуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық режиссер Ғалымжан Молданазардың әніне түсірілген клип Канн кинофестивалінің жеңімпазы атанды 

Қазақстандық әртіс Малик Зенгер Cannes World Film Festival фестивалінде «музыкалық бейнебаянның үздік режиссері» атағына ие болды. Байқау қазылар алқасы қазақстандық орындаушы Ғалымжан Молданазардың Kogershin әніне арналған бейнебаянын жоғары бағалады.

Бес минуттық бейнебаян әлемде болып жатқан оқиғаларды бейнелейді және бейбітшілік пен бірлікте өмір сүрудің маңыздылығы туралы хабар береді. Бүкіл түсірілім процесі үш күн бойы Алматыдан 300 шақырым жерде өткен. Режиссер Малик Зенгерге тиесілі идеяны жүзеге асыру үшін 100 баланың қатысуы қажет болды. 

Барлық жаңалықтар