00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

«Дәстүр» фильмі: Қоғам пікірі неге екіге жарылды?

Фото: ашық дереккөз

Режиссер Қуаныш Бейсектің өткен жылдың соңында көрерменге ұсынған «Дәстүр» атты фильмі әрбір көрсетілімі аншлаг жинап, кассалық рекорд орнатқаны белгілі. Хоррор жанрындағы алғашқы қазақстандық толықметражды картина бұған дейін отандық кинопрокатта көрсетіліп келе жатқан бірсарынды фильмдер арасынан өзгешелігімен көзге түскені анық. Әсіресе, идеясы мен сюжеттік шешімі көпшіліктің ойын сан-саққа жүгіртті. Резонанс туғызған фильмнің көрсетілімі еліміздің кинотеатрларында әлі жалғасып жатыр, сәйкесінше туындыны қоғамда талқылаудың да соңғы нүктесі қойылған жоқ. Elorda.info тілшісі бұл туралы сарапшылардың пікірін білді.   

Ең алдымен, фильмнің атауы көпшілік арасында келіспеушіліктер туғызды. Олардың дені «О заманда бұ заман, қызға зорлық көрсету, қорлық көрген әлсізді өз ықтиярынсыз жәбірлеушіге қосу ұлтымыздың шынайы дәстүріне мүлдем жат нәрсе» дегенді айтты. Өйткені қазақ қыз баланы қонақ деп әрқашан қадірлеп, қастерлап отырған. Сан ғасыр бойы қалыптасқан дала заңын өрескел бұзу некен-саяқ кездескен. Сол себепті киносыншы Дана Әмірбекова кино картинаның бұлай аталуы барып тұрған арандату екенін айтады.

Дәстүр – ұлттың ежелден қалыптасқан өмір сүру қағидалары мен қоғам заңы болып негізделген, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесін құрайды. Ал қызды зорлықпен тұрмысқа беру – мыңнан бір кездесетін қасіретті жағдай. Қоғам заңдылықтарына қайшы келетін ондай жағдайларды қалайша дәстүр ретінде қарастыруға болады? Жоқ нәрсені бар деп көрсету арқылы фильм авторларының көздегені не? – дейді Д. Әмірбекова.

Екіншіден, маман кино картинадағы діннің алдыңғы «планға» шығуы көптің көкейінде дүдәмал ой туғызғанын айтты.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейміз. Алайда фильмдегі жан түршігерлік сахналар домбыраның үнімен сүйемелденіп, қастерлі аспабымыздың күмбірі фильмде жауыздық пен қасіреттің символына айналған. Ал «Аятул-Күрсі» сүресі сол жамандықтан құтқаратын жалғыз жол ретінде көрсетілсе, зұлымдықтың күрескері ретінде молда бейнесі алдыңғы «планға» шығарылған. Мұндай пайым ислам дінінен білімі таяз адамдардың санасын астарлы аяттар мен хадистерді тікелей қабылдайтын салафизм идеологиясына еліктіріп, теріс ағымның тозақтан сақтайтын жалғыз жол екеніне иландырады. Осылайша, сана-сезімі әлі қалыптасып үлгермеген, ақ пен қараның аражігін ажырата алмайтын жас буынның, демек фильмнің тікелей аудиториясының миын улап, ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымыздан барынша алшақтата түсері сөзсіз, –  деп атап өтті киносыншы.

Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Әсем Ибраимова да фильмге қатысты қоғамдық сынның басты нысаны – қазақ үшін қасиетті болып табылатын «дәстүр» феноменінің аталған фильмде деструктивті тұрғыдан позициялануы екенін айтады. Әйтсе де, оның айтуынша, фильмнің өзегінде жатқан негізгі мәселе - дін емес, әлеуметтік мәселе, зорлық-зомбылыққа қатысты келеңсіздік.

Қазіргі таңда қазақстандық қоғамдық санада талас тудырып тұрған екі мәселе - ислам мен дәстүр мәселелерінің айналасындағы дискурс пен ондағы шиеленістер десек болады.  Осыған байланысты кейбір тараптар исламның дәстүрді ығыстырып, оның орнын басу қаупін көріп, соның негізінде сыни ұйғарымдар жасап отыр. Кейбіреулер бұл фильм адамдарға исламды үгіттеп, насихаттайды деп ойлайды. Мұндай көріністер болмады емес, болды. Бірақ, меніңше, фильмнің басты идеясы – қоғамда тамырын терең жайған әлеуметтік проблема, яғни әлсіз әлеуметтік топтарға, оның ішінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемасы болып отыр. 

Бұл фильмнің экрандарға шығып, бұқараға жариялануы елімізде соңғы кезде орын алған және саяси деңгейге дейін көтерілген тұрмыстық зорлық-зомбылық жайттарымен тұспа-тұс келіп тұр. Аталмыш фильмді біржақты талдаған жағдайда, дәстүр бұл жерде әйелдер құқығын таптаушы құрал болып көрінеді. Жүйелі тұрғыдан қарастыратын болсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық нәтижесі– ол адамдардағы, әсіресе әлеуметтік және ұжымдық байланыстарды қатаң ұстанатын ауыл тұрғындарындағы құқықтық сананың және мәдениеттің әлсіздігі болып отыр. Фильмдегі «дәстүр» - тек соның салдары. Бұл фильм қоғамдық сана, қоғамдық болмысты анықтайтынын анық көрсетті. Өйткені, сюжет желісінде әйелдер құқығының тапталуынан бөлек, жемқорлық, заңды елемеушілік, құқық қорғау институттары рөлінің жоққа шығарылуы көрсетіліп, олардың қазақ менталитетіне қаншалықты етене сіңіп кеткенін дәлелдегендей болады, - дейді Ә. Ибраимова. 

Ал жоғарыда пікір білдірген киносыншы Дана Әмірбекова фильмнің басында көтерілген зорлық-зомбылық мәселесі оқиғаның шиеленіскен тұсынан бастап ұмыт қалдырылғанын айтады. Әуелі драма жанрында басталған фильм қыздың өлімінен соң мистикаға ұласады. Міне, осы жерден бастап келеңсіздік басталды.

Отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбын жалаулатқан фильм реалистік әлеуметтік драма ретінде басталып, екінші жартысы діни мистикалық элементтері бар таптаурынға толы хоррор деңгейіне түседі. Оқиға желісінің жындармен шайқасқа түсетін жерінен бастап зорлық-зомбылық мәселесі ұмытылып, фильмнің желісі басқа арнаға бұрылады, - дейді Дана Әмірбекова. 

Оның пайымдауынша, егер фильм авторлары зорлық-зомбылық мәселесін өтімділігі үшін емес, әйел тағдырына деген шынайы жанашырлық танытқандықтарынан көтерсе, экраннан жынның ойнағын алдыңғы планға шығармай, әділдіктің жеңісін көрсетер еді. 

Біздің халық – еркіндікті сүйетін, ойын бұқпай айтатын демократияшыл ел. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қоғам әділет жолында ойын қаймықпай айтып, қорғансыздарға қол ұшын беруге қашанда дайын. Өкініштісі, Диана сияқты жәбір көрген қыздар да жоқ емес. Алайда оны дәстүрге айналған үрдіс ретінде көрсетіп, соңында әділдікті алға тартпау – авторлар тұрғысынан адам өміріне деген құрметсіздік...

Фильмнің соңы Болаттың жындыханада отырған сахнасымен аяқталады. Сонда алдымен қызды зорлап, оған мәжбүрлік жасап үйленіп, өлімге итермелеп, өлікпен төсек қатынасына түсіп, ол аз болғандай, анасының өліміне себепкер болып, әкесін пышақтап өлтірген адамға лайықты жазасын берудің орнына жындыханаға жатқызылып, оның психологиялық дағдарысқа ұшырауымен аяқталады. Демек, кез келген қылмыскер істеген ісін мойнымен көтерудің орнына, қарғысқа ұшырағанын айтып, ақталуына болады деген ой қалыптасады. Мұндай дискурс қоғам үшін аса қауіпті, –  деп кесіп айтты киносыншы.

Десе де әлеуметтанушы Әсем Ибраимова мұндай фильмдер қажет екенін айтты. 

Фильм өзінің алға тартқан миссиясын орындады деп ойлаймын. Көрерменге ой салды. Басты кейіпкердің орнында болғанда «Не істер едім?» деген сұрақты қалыптастырды деген сенімдемін. Адамдарды рефлексиялауға итермелейтін мұндай туындылар көп болса деген ниеттемін, - деді ол. 

Ал киносыншы Дана Әмірбекованың пікірінен бұған кереғар ой байқалды. 

«Дәстүр» фильмі – мазмұны мен айтар ойы, мәні мен мағынасы жағынан қоғамға кері әсер ететін, драматургиясы қисынсыз, кино тілі тұрғысынан стилистік эклектикаға толы фильм. Бұл - ешқандай да қоғамды сынға алатын немесе ой тастайтын фильм емес. Дін атын жамылған теріс ағымды уағыздайтын аталған дүние – бүгінгі таңдағы өтімді тақырыптарды жалаулатқан профанация. Кез келген туынды, әсіресе кино – адамның сана-сезіміне әсер ететін алпауыт күш. Сол себепті де авторлар көрерменнің назарына нені және қандай мақсатта ұсынып отырғандарына мұқият қарап, ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінгендері абзал, – деді Д. Әмірбекова. 

Иә, кейбір кино мамандарының пікірінше, «Дәстүр» фильмнің сюжеттік шешімі көпшілік көрерменді иландырып, қанағат сезімін сыйламаған сияқты. Голливуд фильмдеріндегідей «хэппи энд» болмаса да, көрермен, ең болмаса, кинодан әділдіктің ақ туы орнағанын көргісі келеді. Ал бұл жолы «Шын мәнінде әділдік жеңді ме, ал оның жолындағы күрескер кім?» деген сауалдардың жауабын табу оқырманның өзіне қалдырылды.

 

Барлық жаңалықтар