00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Қазақстан дзюдодан Grand Slam өткізуге қалай қол жеткізді

31.03.2023 | 23:06
Аяулым Алтынбек
35

Дзюдо спорты бойынша мәртебелі сайыс болып саналатын Grand Slam – Халықаралық жарыс күнтізбесіне сәйкес IJF World Tour аясында өткізілетін әлемдік жарыстар сериясы. IJF ережесі бойынша, жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпай үлестіріледі. Атап айтқанда, 1-орынға – 1000, 2-орынға – 700, ал 3-орынға 500 ұпайдан беріледі.

Осы беделді дода биылдан бастап 4 жыл қатарынан Қазақстанда өткізіледі. Дәл осы жарыста дзюдошылар 2024 жылы Париж және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ұпай еншілейді.

Оқи отырыңыз: Асхат Жіткеев: Grand Slam жарысын өткізу – қазақ дзюдосы үшін үлкен мәртебе

Қазақстан дзюдо федерациясы Халықаралық дзюдо федерациясымен (IJF) әлемдік Grand Slam жарысын Қазақстанда өткізу туралы төртжылдық келісімшартқа қол қойды.
Париждегі Grand Slam жарысы аясында Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының ресми кездесуі өтті. Кездесу барысында Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер мен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев екіжақты келісімшартқа қол қойды. Оған сәйкес, 2023-2026 жылдар аралығында әлемдік Grand Slam жарысы Қазақстанда өткізіледі, - деді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев Elorda.info тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Қазақстанның дзюдодан ірі жарыстарды өткізуде айтарлықтай тәжірибесі бар. Біздің елімізде Гран-при жарыстары, «Masters» турнирі, ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты, бірнеше рет Азия чемпионаты тұрақты түрде өткізіліп келеді. 

IJF мұндай мүмкіндікті бермес бұрын алдымен мемлекеттерді жан-жақты бақылайды, қай елдің қандай мүмкіндіктері, спорт ареналарын, қонақүйлері бар екенін, жарысты қандай деңгейде ұйымдастырып жүргенін саралайды. Олардың өздерінің комиссиялары бар. Сондай-ақ, жарыс өткізуге үміткер елге IJF адамдары арнайы келіп, залдарды, қонақүйлерді қарап шығады, өздерінің ұсыныстарын енгізеді. IJF-пен ақылдаса отырып, бірлесіп осы ауқымды жарысты өткіземіз. Еліміздің 2023 жылдан 2026 жылға дейін Grand Slam өткізу құқығын алуы – дзюдо федерациясының орасан зор жетістігі және халықаралық жарыстарда еліміздің жалауын желбіретіп, жоғары деңгейде өнер көрсеткен барлық спортшымыздың ортақ еңбегі, - деді Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері.

Барлық жаңалықтар