00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Әлеуметтік сала күн тәртібінен түспейді – Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы

01.04.2023 | 01:00
Елорда ақпарат
45

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ұлттық Құрылтайдың мүшесі Зулфухар Сұлтанұлы кеше өткен VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы көтерген мәселелер туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elorda.info.

Сәрсенбінің сәтінде сегізінші шақырылған Мәжіліс өз қызметіне кірісті. Жаңа сайланған Мәжілістің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы депутаттар мен атқарушы билікке біршама тапсырмалар берді.  Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған негізгі өзгерістерге тоқталып, қоғамдағы бастау алған реформалардың әлі де  жалғаса беретіндігіне  және бұл өзгерістер саяси құрылымды жетілдіру үшін қажет екендігіне тоқталды. Саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыру керектігіне назар аударды. Заң шығарушы билік өкілдерін барынша ел мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырып, олардың сайлаушылар алдындағы  жауапкершіліктерінің жоғары екенін ескертті.  Мемлекет басшысы депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін, яғни әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек екенін атап өтіп, оларды маңызды шешімдер қабылдауда іскерлік пен жауапкершілік және отаншылдық қасиеттерге басымдылық беруге шақырды, – деді ол.

Зулфухар Сұлтанұлы өз сөзінде, барлық билік тармақтарының қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсетінін жеткізді.

Сонымен қатар, Президент  Үкіметке де біршама тапсырмалар берді. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығына тоқталды және арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Әлеуметтік сала бойынша да, соның ішінде, адами капиталдың сапасын арттыру керектігі күн тәртібінен түспейтіндігін ескертті. Әсіресе, денсаулық пен білім беру саласындағы оң өзгерістерге тоқтала келе, әлі де болса аталған салаларды дамыту керектігіне басты назар аударды. Сонымен қатар, ана мен бала және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсартуды үкіметке тапсырды. Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы жаңадан сайланған  депутаттарға Отанымызды өркендету жолында жасалатын өзгерістер әлі де жалғасатынын айтты. Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет формуласы шын мәнінде жүзеге асатын уақыт келгеніне,  сондай-ақ, барлық билік тармақтарының қоғам алдындағы жауапкершілігінің арта түскендігін  шегелеп тұрып жеткізді,- деді Қоғамдық кеңес төрағасы.

Барлық жаңалықтар