00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Анасын іздеп келген қазақ баласы мен партизанды іздеген қазақ ақыны

27.12.2023 | 05:30
137
Коллаж: Елтай Нұрғазин

Шетелден анасын іздеп келіп, өзі туды деген Торғай топырағына табанын тигізген қазақ баласы біраз күн ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіге жақсы азық болды. Кейбірі шынайы түрде атсалысса, кейбірі оқырман мен қаралым жинау үшін қиқуласып қалды. Енді біз бозбала тағдыры туралы жазып, әлгілердің нанына ортақ болмай-ақ қоялық.

Бірақ осы жас жігіттің, бір кездегі тастандының еліне келуі бұған сексен жылдай бұрынғы хикаямен астасады екен. Мына жағдай соны ойымызға оралтты. 

Даңқы Қазақстан тұрмақ бұрынғы Кеңес Одағы аумағына тараған партизан жазушы Қайсым Қайсеновті бірнеше рет телевизияда сөйлеткенбіз. Соның бірінде Қазақстанның Халық қаһарманы ерекше естелік айтқан.

1944 жылдың соңы кезеңі. Киевтегі партизан штабындағы Қайсеновке «Вася, сені бір туысың іздеп жүр» дейді. Содан Қасымды кабинетке кіргізеді. Онда жұпыны киінген, бірақ фуражкалы қазақ отырады. Оған «міне, Вася қандасыңыз келді» деп Қасымды таныстырады. 

Іздеп келген кісі бірден «Сені неге Вася дейді, балалар үйінде өстің бе?»деп сұрақ қояды. «Мыналардың не Қасым дегенге, не Қайсенов дегенге тілдері келмейді. Содан оңай болсын деп Вася атап кетті» деп тікесін айтады бұл.

Ана кісі өзінің жөнін баяндайды. Жұмағали Саин деген майдангер екен. Онда да Қасым сияқты партизан болған. Ауыр жараланып госпиталдан шығыпты. Енді құжаттарын түгендеп алып елге кетпек. Осындағы штабта  бір қазақ қызмет етеді дегенді естіп, танысуға шақырыпты.

Екеуі бірнеше күн бір бөлмаде жатады. Саин өзінің ақын екенін айтады. «Ақын дегенді алғаш көруім. Ойымда ақындар менен де үлкен болатын шығар деп елестететінмін, мынау қолтоқпақтай ғана кісі екен» деп күлетін беріде Қасым жарықтық. 

Өзінің құжаттарын реттеп біткен соң Жұмағали Саин енді Қасымды Қазақстанға қайтуға үгіттейді. Ақыры көндіреді. Қасым көнгенімен оның әскери қызметі бар. Ретін келтіріп содан босату керек. Жұмағали Саин Партизандардың орталық штабынан ақыры Қайсеновты еліне босатуға рұқсат алады. 

Қасекең осы тұста өзінің бір қағаз үшін қолын қимылдатпағанын айтатын. Бәрін Жұмағали жүгіріп жүріп реттеген екен. Ал қарасаңыз: онда Қасымның денсаулығы аюды алып ұратындай мықты, Жұмағали болса – жілік майы әбден жұқарған жүдеу жан.

Сонымен 1945 жылы 1 қаңтарда бұлар Алматының вокзалынан түседі. Жер тайғақ, күтіп тұрған көлік жоқ. Жұмағали жаяулап келе жатып Қасымға «енді ес жиғанша біздің үйде боласың» дейді. Екі шабаданды Қасым көтеріп алған. Жұмағалида шабадан көтеретін әл жоқ.

Киевте бірге жүргенде Қасымның бұрынғы өмірін мұқияттап сұрап алған. Ол үйлене салып әскерге кеткен екен. Содан 6 жыл  күйеуін күтіп жүрген адал жары Асылмен қайта табыстырады. 

«Елге келуін келдім ғой, бірақ енді мені ешкім жұмысқа алмайды. Анау партия, үкімет дегеннен еш хабарым жоқ» деп әңгіменің ары қарайғы құлағын қылтитатын Қасым атамыз. 

Осы тұста тағы Жұмағали Саинның көмегі тиеді. Бір күні келеді де, «Киевтен кетерде Партизандардың бас штабының бастығы сенің қолына бір хат берді емес пе, сол қайда?» дейді. Шабаданның түбінде елеусіз жатқан хатты алғызып, сыртына қараса «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Шаяхметовке» деп жазылыпты. Ішін ашпастан Жұмағали соны алып дереу Орталық Комитетке тартады. 

«Сөйтсем ол хатта  партизандардың Кеңес өкіметі бойынша ең үлкен командирі Қазақстан басшыларына мені қызметке алуды тапсырған екен» деп күлетін Қасым майдангер. Не керек, тура үш күннің ішінде Қасым Қайсенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, яғни қазіргіше парламенттің жауапты қызметкері болып шыға келеді.

2023 жылдың желтоқсанында  анасын іздеп алыс елден келген бозбала жайындағы әрбір жылт еткен хабарды оқып, тыңдағанда осы оқиға ойға оралады. Түрлі себеппен бір-бірінен ажырап қалған жандарды қауыштырамыз дегеннің бәрі баяғы ақжүрек ақын Жұмағали Саинды еске түсіреді. Ал қайта табысып жатқандардың тағдыры Қасым Қайсенов атамыздікі сияқты баянды да берекелі болса екен деп тілейміз.

 Қайнар ОЛЖАЙ

Барлық жаңалықтар