00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Бауыржан Момышұлы тірі болғанда Бишімбаевты қорғар ма еді?

07.12.2023 | 04:00
145
Коллаж: Елтай Нұрғазин

Жақында ғана  қоғамды дүрліктірген оқиғаның бірі бұрынғы министр, әрі бұған дейін де сотты болған Қуандық Бишімбаевқа қатысты болды. Әзірге «әйелін өлтірді» деген айып тағылып, абақтыға қамалды. Қоғам дүрліккен жерде Президент қарап жатпай, бір сөзінде бұл оқиғаға орын беріп, әділ жаза болуы керектігін айтты. Бас прокуратура істі қатаң бақылауға алып отырғанынан хабардар қылды. 

Ендігісі – Бишімбаев қылмыс жасады ма, жоқ па, жасаса қылмысы қаншалықты ауыр деген нәрсе. Оны сот анықтайды. «Әділетті Қазақстан» деген бар болғаны – осы. Басқасын – оқиға неден туындағанын, қай жерде болғанын, қалай өрбігенін, ақыры немен тынғанын, оған қатысушылар мен көргендер бары мен жоқтығын – ақпарат құралдары да, олардың алдына түсіп алып әлеуметтік желілер де жаза берсін. Айтсын, жазсын. Өз кезегінде «Ашық қоғам» деген – осы. Бірақ ешкім қандай үкім шығарына араласпасын.

Өкінішке қарай, құрбан болған келіншек Салтанат Нүкенованың туыстарының мәлімдеуінше, бұл іс бойынша үкімге ықпал жасаудың сан түрлі жолдары жанталаса іздестіріліп жатқан сыңайлы. Әлбетте, ресми адвокаттардан басқалар тарапынан. Тіпті, түбінде Қуандық Бишімбаевты өз әрекетіне жауап бере алмайтын жан деп танып, уақытша ақыл-есі ауысқандарды емдейтін орынға жатқызып, жазадан сытылдыруы мүмкін деген қаңқу да құлаққа жетті. 

Иә, істегеніне орай түрмеге түсуі тиіс жанға қатысты істі «оп болды, соп болды, соныменен жоқ болды» жасау – Қазақстанның бергі тарихында көптеп кездесті. Кейбіріне сол кездегі Мемлекет басшысының өзі тікелей араласқан да сияқты. Өйткені, 2017 жылы «Қорғас» Шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығының президенті Василий Ни 1 миллион доллар пара алып, сол үшін айыпталғанда Алматы қалалық соты әлгінің бұрын сотталмағанын, жұмысы мен қызметінде бұған дейін жақсы жағынан сипатталғанын, кінәсін толық мойындағанын ескеріп қылмыстық жауапкершіліктен босатып жіберген. Экономикалық қылмыспен сотталған Қуандыққа да өтеуі тиіс мерзімінен бұрын рақымшылық жасаған – бірінші Президент. Әрі бұл рақымшылық оның соңғы қол қойған құжаттарының бірі болды.

Осындай жағдай қалыптасқан елде кісі өлтірген адамның жазасыз қалуы әбден ықтимал ғой. Оның да мысалдары баршылық. Мемлекетте сот пен тергеу ісіне екінің бірі араласып кетеді. Әсіресе айыпталған адам ақшалы болса, араласушы тіпті көп болмақ.

Мұның бәріне тосқауыл болмасақ та ой салу үшін бір кезде Бауыржан Момышұлы не істеп еді, соны көпшіліктің есіне түсіріп қоймақпыз. Бұл жәйтті кезінде журналист Әзілхан Нұршайықов жазған. «Ақиқат пен аңыз» кітабында Баукеңнің соғыстағы ерліктерінен басқа азаматтық, арлы азаматтық істерін көпке үлгі қылған.  

Бұл күнде Бишімбаев ісіне араласуға тырысып жатқандар Бауыржан Момышұлының мына бір сөзіне назар аударса дейміз. Бірде Баукеңе Жамбыл жақтан жамағайыны хабарласады. Баласы ма, бауыры ма біреуі қылмыс істеп, сотталмақ екен. Баукеңе келіп «осылай да осылай, ақылыңды айта көр» десе керек. Әлбетте, «ақыл айт» деу – «мәселеге араласшы» деу ғой. Ал Баукең араласса, бұл кісінің аты бар, атағы бар дегендей анау туысқанды құтқарып қалуы мүмкін. Мынау соны білгендіктен келіп отыр. Әрі батыр іске араласса, оны құрауыз қалдырмақ та емес. Кемі соғымын әкеліп тастарына дау жоқ. Баукең соның бәрін сезіп отыр. Сезе отырып не деген?

-Ол туысқан қылмысын жасарда менімен ақылдасты ма?- деп сұрайды.

-Жоқ,- дейді мынау. 

Сонда Бауыржан алдына келген адамды айдап шыққан. «Қылмыс жасарда менімен ақылдаспаса, онда жаза аларда менен қалай ақыл сұрамақсыңдар» деген.

Міне, осы сөз әркімнің ойында жүрсе екен. Қуандық Бишімбаев «әйелімді өлтірсем, оған қалай қарайсың» деп біреуден сұраса, ол «мақұл» десе, сонда ғана «мақұл» деген адам бұл істі Бишімбаевтың пайдасына шығаруына жанталасуына болады. Олай болмаса сот үкіміне заңды прокурор мен адвокаттардан басқа ешкім ықпал етпеуі керек.

Бірақ, қайдам? Бауыржан Момышұлынсыз өткен қырық жыл, беріде барлық саланы коррупцияға шалдықтырған отыз жыл батыр өнегесін ұмыттырып жібергені хақ.

                                                                               Қайнар ОЛЖАЙ         

Барлық жаңалықтар