00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

«Ерте тұрған ұл елден ертерек есейді»: Алтынбек Сәрсенбаевты достары осылай еске алды

13.02.2024 | 04:51
110
Фотолар: Е. Қыдыр мен Д Мыңбайдың жеке архивінен

Осыдан 18 жыл бұрын, 2006 жылы 13 ақпанда  мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист Алтынбек Сәрсенбаевтың Алматы іргесінде өлі денесі табылды. Ардақты азаматтың адами болмысы жайында көз көрген  азаматтар, Elorda.info оқырмандарына естеліктерімен бөлісті.

Қоғам қайраткерінің курстасы,  танымал журналист Еркін Қыдыр досының өзге қатарластарына қарағанда тым ерте есейгенін еске алады. 

КазМУ-дың жатақханасындағы 312-бөлмеде терезеге жақын қойылған жалғыз үстелді елден ертерек тұрған Алтынбек иеленіп алатын, үстінде апасы тігіп берген қасқыр желет-нымша. Көк бөрінің аруағынан ба, бізден бес-алты ай кіші болса да оған  орынды босат деп айта алмаймыз. Елден ертерек тұрған ұл елден ертерек есейді, елдің тәуелсіздігін нығайтуға елден ертерек ерен үлес қосты және ертерек, тым-тым ертерек аттанды арамыздан, -деді ҚазМУ тоғыстырған курстасы, бүгінде «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы белгілі қаламгер Еркін Қыдыр. 

Алтекең 2.jpg

Ол сөз арасында досының адал қасиеттерін де тізбектеп, айтып берді. 

Алтынбек біз алғаш танысып, біліскен, достасқан бозбала шағында өзіндік пікірін дәлелдей, қастерлей білетін азамат еді, - деп еске алды Е. Қыдыр.  

Алтынбек Сәрсенбаевтың тағы бір курстас досы, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай да марқұм жолдасы жайлы есті естеліктерін тебірене еске алды. 

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында Алматыға әр жақтан келген көп жастың ішінен суырылып шығып, еліміздегі білімнің ең биік ордасы, қара шаңырақ - КазМУ-ға оқуға түскенде, болашағымызды болжап үлгеру мүмкін де емес еді. Кейінірек ой таластырып, қиял жарыстырған оғландардың, өңшең өршілдердің ішінен іріктелгендердің басы жиі қосылатын болды. Сонда айтатынымыз - ұшқан ұямызға, балауса балалыққа, қимас достарға, туған ауылымызға деген сағыныштан туған дастандар, жарысып, жабыла оқыған-тоқығанымыз, көрген кино, театр қойылымы, музей көрмесі, сүлейлердің сарқытындай әдебиет, өнер өкілдерімен кездесулерден, ел аузындағы тарихы мен аңызы қатар өрілген жерлерге, көрнекті орындарға барған сапардан алған әсеріміз - бәрі-бәрі қызу талқыға түсетін, - деп өткен күндердің қызықты сәттерін еске алды Д.Мыңбай.

Алтынбек Дархан.jpg

Өз сөзінде ол адал досының бойындағы ізгі қасиеттеріне де тоқталып өтті. Ол курстасының барынша көпшіл азамат болғандығын айтады. 

Көп нәрсені ұстаздан бұрын өмір үйретеді. Алматы облысы, Райымбек ауданындағы кішкентай ғана Сарыжазда өскен Алтынбектің білімге құштарлығы, спортқа біртабан жақындығы, көпшілдігі бірден білініп тұратын. Үлкен әулетте, қазақтың қара шаңырағында тәрбие алған досымыздың қарапайымдылығымен қатар өжеттігі байқалатын, - деді Д.Мыңбай. 

 Ал белгілі журналист Ерік Рахым өзінің о баста криминалист болғысы келгенін, бірақ, журналистік мамандықты таңдауына себепкер болған бірден-бір жан Алтынбек Сәрсенбаев болғанын айтты. 

Бастапқыда криминалист боламын деп, Қазақ Мемлекеттік заң академиясының криминалистика факультетіне құжат тапсырдым. Алайда  аз ұпай жинап, түсе алмадым. Бір күні кешке Алтыкен аға бір топ жолдасымен үйге кештете келді. Қасындағы жігіттердің Жүсіпбек Қорғасбек, Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр, Дархан Мыңбай сынды мүйізі қарағайдай журналистер екенін де кейін білдім. Бір сәтте Алтыкен аға маған бұрылды да: «Ерік, оқуың не болды?» деді. Қашан сұрар екен деп қипақтап жүр ем, жүрегім зырқ ете қалды.

– Түсе алмай қалдым, аға...

– Дұрыстап дайындалмағансың ғой. Қайда тапсырып едің?

– КазГЮА-ға.                                                                                

– Сот болғың келе ме?

– Жоқ.

– Әлде прокурор болғың келе ме? 

– Жоқ, криминалист болғым келеді. 

– Ммм... Неге журналист болғың келмейді? Журналист соттың да, прокурордың да, криминалистің де жұмысын қадағалайды. Төртінші билік. Мына ағаларыңның бәрі мықты журналистер. Мен де журналистпін. Икемің бар сияқты, сен журналистикаға дайындал деді. Осылайша, мен журналисттік жолға бет бұрдым, - деп еске алды Е. Рахым.

Дайындаған, Дариға ҚҰРМАНӘЛІ

Барлық жаңалықтар