00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Қоғамда былапыт сөйлеу сәнге айналды ма?

12.02.2024 | 04:47
110
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде жас жеткіншектердің  өзгелерді тілдеген видеоларын айтпағанда, қоғамдық орындарда балағат сөйлеуді әдетке айналдырған жасөспірімдердің қылығын жиі кездестіреміз. Өкінішке орай, «сілімтіктен» басталатын тұрпайы сөздер тізбегі тоқтаусыз жалғасып кете береді, деп хабарлады Elorda.info.

Психолог Айша Наурызбаеваның айтуынша баланың мұндай мәдениетсіздікке баруына қоршаған ортадағы бірнеше фактор әсер етеді екен. 

Ата-ананың баламен аз уақыт өткізуі, жасөспірімнің  интернет желісінен тәрбие алуы сынды мәселелер жеткіншектерді боқауыз сөзді еркін әрі еш қысылмастан айтуға жетелейді. Қазір жасыратыны жоқ, қоғамдық орындарда студенттерді қоспағанда, кішкене бүлдіршіндердің былапыт сөз айтуы қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Бұл көбіне баланың ортада өзін сенімді етіп көрсету үшін және белгілі бір ортаға сіңісіп кету үшін орын алады, - дейді А.Наурызбаева.

Бірақ, маман баланы әдепсіз сөздер айтқаны үшін ұрып немесе басқа адамдардың көзінше ұрысып-сөгуге болмайтындығын да айтады. 

Кез келген баланың да қателесуге құқы бар. Сол себепті ата-ана баламен сөйлесіп, оны мазалап жүрген сұрақтарға бірге жауап іздеп, жақсы дос болуға ұмтылғаны жөн. Мәдени орталықтарға,  театр, кино секілді орындарға  жиі барып,  жас жеткіншектің  қоғамның белсенді мүшесі болуына атсалысу қажет, - деді психолог. 

Ал, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасы доцентінің міндетін атқарушысы Салтанат Шоқабаева мұндай сөзді айту, айтпау әрбір тұлғаның білімі мен  мәдениет деңгейіне байланысты деген пікірде. 

Қоғам жеке адамдардан құралады. Сондықтан аталмыш жағдай әрбір адамның жеке басының мәдениетіне байланысты. Оның алдын алу үшін баламен, жеткіншекпен отбасы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орны бірлесе отырып, жұмыс істеуі қажет.  Мәселен, бізде «Тіл мәдениеті» деген пән оқытылады. Бұл дәріс қазақ тілі кафедрасында ғана емес, барлық факультеттерде өтуі қажет деп санаймын. Себебі, есі кіріп қалған жасөспірімге «мына әрекетің дұрыс емес деп қалай жекисің?». Сондықтан да аталмыш пән арқылы әрбір жеткіншек бейпіл сөздердің мағынасын түсінеді. Бұл өз кезегінде олардың дұрыс сөйлеуіне аз да болса ықпал етеді, - деді С.Шоқабаева. 

Сонымен қатар, спикер көрерменге ұсынылып жатқан кейбір кинолар да балаларды боғауыз сөз айтуға жетелейтіндігін алға тартты. 

Соңғы кезде жарыққа шыққан түрлі әлеуметтік платформалар мен кинотеатрлардағы  көптеген отандық фильмдерде ұлттық менталитетімізге сай емес, балағат сөздер өріп жүр.  Бастапқыда тұрпайы, ерсі естілсе, қазір халықтың құлағы үйреніп кеткендей сезіледі. Тіпті аталмыш туындылардың қаралым санының артуы да бұл сөзіме нақты дәлел, - деп өзіндік ойын білдірді С.Шоқабаева. 

 Естеріңізге сала кетейік, елімізде боқтық сөз айтқандар жауапкершілікке тартылады. Заңда нақты қандай жауапкершілік көрсетілгені туралы  Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлмира Шрахметова айтып берді. 

Жасы 16-дан асқан кәмелетке толмаған қоғамдық орындарда былапыт сөйлесе, оған ҚР ӘҚБтК-нің 434 бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша шара қолданып, процессуалдық шешім қабылдау үшін материал сотқа жіберіледі. Бұл бап бойынша, 20 АЕК көлемінде айыппұл немесе 5-30 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған. 

Ал баланың жасы 14-16 аралығында болса, заңды өкіліне ҚР ӘҚБтК-нің 435 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл жолы да іс сотқа жолданады, - деді Г.Шрахметова.

Дариға Құрманәлі

Барлық жаңалықтар