00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Араздасқан Әуезов пен Мүсіреповті кім татуластырды?

30.11.2023 | 09:00
105
Коллаж: Elorda.info

Сонау патша заманында саяхатшы Семенов Тянь-Шанский «Қазақтарды қарудың күшімен жеңе алмаған жаулары оларды арасына іріткі салып жеңіп отырды» деген еді. Енді ондай іріткіні сыртқы аңдушылар ғана емес, өзіміздің қазақ тілді сайттар салып отырғаны өкінішті. 

Мысал көп. Бір-бірін көзбе-көз көрмесе де алыстан сөз сойылын сермесіп, салғыласып жатқан жұртты көресің. Әрине аузынан балағат шықса, жазғанында бейпіл сөз кетсе сотқа жүгінуге болады. Бірақ, оның өзі айналып келгенде сарыжағал сайттардың қырманын қыздыра түседі.

Осындай жағдайда азаматтардың арасын шағыстырушы емес, екі ортаны табыстырушы керек екені даусыз. Жақсы үлгіні тауып, соны насихаттау ләзім деп білеміз.

Жақында осындай сирек мысалдың бірін көзіміз шалды. Ақын Несіпбек Айтұлының өмірден өткеніне қырық күн болуына орай Берік Уәли мақала жазды. Жалпы журналистиканың жайлауын тастап, мемлекеттік қызметтің қыстауына көшіп алғандар мақала жазу машығын қоятын. Тәуір тілші мемлекеттік органдағы баспаасөз хатшысы, қоғаммен байланыс маманы сияқты жұмысқа ауысса, айдалада отырып «қап, жазуы қалып қояды-ау» деп уайымдайтынбыз. 

Жоқ, Берік Уәли қаламды қаңтармапты. Оның мақаласынан басқасын айтпағанда тұлғаларды татуластырудың тамаша мысалын көрдік. Беріктің жазуынша бір-бірімен біраз жыл қырбай болған Қабдеш Жұмәділ мен Несіпбек Айтұлы ақыры дауды қояды. Бірақ кезінде олардың мүйіздесуіне молынан мүмкіндік берген баспасөз атаулы даудың тынып, қаламгерлердің түсініскені туралы жақ ашпайды. Олар жазбаған соң әлбетте, қоғам да тартыстың соңы қалай тынғанынан хабарсыз қалмақ. 

Кешікпей қазақ әдебиетінің қара нары Қабдеш аға өмірден өткен. Тура сол күндері Несіпбек ағаның немересінің тойы өтпек те, топырақ салуға бара алмайды. Міне, осы сәтте Берік Уәли белсене шығып, Несіпбек ағасын Қабдешті ақтық сапарға аттандыратын қалың қауымның ортасында болуға көндіріпті. Сөйтіп екі қаламгердің бауырлық байланысы бірінің өмірінің соңына дейін жеткеніне бүкіл ел куә болған.

Бізге осындай табыстырушы тұлғалар көп керек. Азаматтар арасында алауыздық туындағаны байқалғанда олардың екі жақты түсіністікке шақыруға дайын тұруы – бүкіл қазақтың бірлігінің бір ұйытқысы.

Беріде Беріктің әрекеті үлгі болса, арғы тарихымыздан бір мысал келтірейік. Атақты жазушылар Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің арасынан ала мысық өтіп кеткенде екеуін татуластыруға, ең болмаса түсіністіруге өкшелерін басып келе жатқан Әлжаппар Әбішев кіріскен. Бұл туралы өзінің «Айтпай кетті демесін арттағылар» естелік кітабында жазыпты. 

Бір-біріне өкпелі екі алыпты арылуға, яғни көкейдегі өкпелерін айтуға келістіреді. Екеуі кезек-кезегімен төрт жарым сағат сөйлепті. Бірақ арылудың өзінде Мұхаңның қабағында кірбің, бойында зіл қалғандай болады.

Арада біраз уақыт өткенде Мәскеуден Мұхтар Әуезовке Мемлекеттік бірінші дәрежелі сыйлық берілгені туралы хабар жетеді. Әдебиет пен өнердің қаймағы түгел қаламгерді құттықтауға ағылады. Ғабит қана қозғалғысы келмей жатыр екен. Сол кезде Әлжаппар Ғабиттің үйіне барады. Оның «бұл сізге жараспайды, Ғабе» деген сөзінен соң «Солай ма» деп киіне бастайды. Ары қарай естеліктің өзінен үзінді келтірейік: 

Біз кірген кезде «Ғабең келді, Ғабең келді» деген сөздер есіктен өрлеп, төрдегі Мұқаңа да жетті. Басқаның бәрін төрде қабылдап отырған Мұқаң коридордағы айнаның алдында шашын тарап тұрған Ғабеңді бар екпінімен құшақтай алды. Екеуінің де құшақтары айқаса кетті. Әлі үн жоқ, тек арқа қағысқан алақандар ғана баяу қағылған құс қанатына ұқсайды. Бір кезде барып Мұқаң үн қатып «Рахмет» деді. «Ендігі айтылар рахметтің бәрі саған» деді Ғабең. Мұқаң Ғабеңді құшағынан босатпастан өзі отырған төрге қарай ала жөнелді. Үзіндінің соңы.

Міне, тұлғалар қайтадан осылай табысқан. Егер екеуінің арасына дәнекер болар бір адам жүрмегенде өкпелері өле өлгенше кеуделерінде кетер ме еді?!

Адамдардың арасын шағыстырушылар, «қай жеңгендерің менікі» дейтіндер аярлықтан арылса дейміз. Олар да баршаны тату тұрып, бауыр болуға үндейтін табыстырушылар тобына қосылса дейміз. Сол ой қолға қалам алғызған.

                                                                                                                                           Қайнар ОЛЖАЙ 

Барлық жаңалықтар